Қазақстанда 118 мыңдай қазақ қазақ тілін "ана тілім" деп санамайды

3910

Оның орнына қазақстандық орыстардың 129 мыңдайы ана тілі ретінде қазақ және өзге тілдерді көрсеткен.  

Қазақстанда 118 мыңдай қазақ қазақ тілін "ана тілім" деп санамайды Фото: canva.com

Соңғы, 2021 жылғы Қазақстан халқының ұлттық санағының түпкілікті қорытындыларын жаңа ғана шығарған мемлекет қызықты деректерді жариялай бастады.

Сонымен, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстандағы қазақтардың үлесі 70,4%-ға дейін жетті. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша Қазақстандағы қазақтар саны 13,4 миллион адамды құрады (әлемдегі қазақтардың санағын ешкім жүргізбейді, сондықтан планетамыздағы жалпы қазақтардың саны белгісіз).

2009 жылдан бергі өсім – 33,7%: алдыңғы санақ республикада 10 млн қазақ қана барын көрсеткен. Қазақстандықтардың жалпы санындағы қазақтардың үлесі осы аралықта 63,1%-дан 70,4%-ға дейін өсті.

Мемлекетімізде ең ірі диаспора: сол бұрынғыдай орыстар – саны 2,9 млн адам. Екінші ірі этнос: өзбектер – 614 мың адам. Үштікті украиндар тұйықтады – 387 мың адам. Ұйғырлар да жетерлік: 260 мың адам.

Санақ қорытындысында еліміздегі этностар саны 124-ті құрап отыр. Бірақ оның ішінде өкілдерінің саны жүзге де жетпейтін, қазақ үшін "экзотикалық" этностар көп. Мысалы, Қазақстанда 1 қырымшақ, 1 нганасан, 1 чуван, 1 саам, 2 кет, 2 ижор, 2 коряк, 3 ульта (орок), 3 селькуп, 3 чукча, 3 нивх, 4 мансы, 4 нанай, 5 цахур, 5 удэгей, 7 ороч, 7 долған, 7 Орта Азия еврейі, 8 вепсі, 8 тау еврейі, 10 лив, 11 эвенкі және сонша эвен, 15 коми, 27 абазин, 31 ханты, 31 белуджи, 47 ненец, 57 тат, 82 рутул, 93 грузин еврейі, 98 кубалық бар. Ұлыстардың басым көпшілігі бірнеше мыңнан аспайды.

Соңғы санақта азаматтарға алғаш рет ұлтын жасыруға рұқсат етілді. Тиісінше, 2021 жылғы санақ сауалнамаларына "ұлтты көрсетпеу" деген жауап нұсқасы қосылды. Нәтижесінде, ел тарихында тұңғыш рет 24 мың 806 қазақстандық ешбір ұлттың өкілі болмауды таңдапты.

Сондай-ақ 2021 жылы санақ кезінде "басқа ұлт" жауабын таңдағандар 47,5 мың адамды құрады, ал 2009 жылы мұндай адамдардың саны 8 ғана болған. Бұл процесс алда күшейе түсуі мүмкін: сарапшылар Ресейдің Украинаға шапқыншылығы аясында көптеген қазақстандық орыстың өтініш беріп, ұлтын ауыстырып жатқанына назар аудартады. Осы арқылы олар әсіресе, әлемді аралағанда жеккөрінішке, буллингке ұшыраудан құтылуға тырысады.

Санақ қорытындысында қазақстандықтардың өз ана тілі ретінде қай тілді көрсеткені зерттеушілер тарапынан қызығушылық тудырса керек.

Мысалы, Қазақстандағы қазақтардың жалпы саны 13 млн 497 мың 891 адам болса, соның ішінде 13 млн 380 мың 107 қазақ "ана тілім – қазақ тілі" деп мәлімдеген.

Ал 117 784 қазақ қазақ тілін ана тілі ретінде танудан түбегейлі бас тартыпты. Яғни, ұлтының қазақ екенін айтқан, бірақ туған тілі ретінде өзге тілді көрсетті. Мұндай кесірлі құбылыс әсіресе, Ресейдегі қазақтар арасында кең тарағаны мәлім. Ассимиляцияланған қазақтардың ендігі ана тілі – орыс тілі. Бұл кесапаттың Қазақстанда да кең қанат жайғаны анықталды.

Бұл теріс құбылыс ерлер мен әйелдерді теңдей қамтыпты. Мәселен, ер кіндікті 6 652 389 қазақтың 58 503-і, 6 845 502 қазақ әйелінің 59 281-і нағыз ана тілінен жерігенін жариялады.

Сонымен бірге орыстар арасында қазақ тілін "ана тілі" санайтындардың көбейгені сүйсінтеді. Нақтыласақ, 2021 жылғы санақ республикада 2 млн 981,9 мың орыс тұрып жатқанын, соның ішінде 128 мың 722 орыс "ана тілі" ретінде негізінен қазақ тілін көрсеткенін паш етті.

Тағы бір дерек: Қазақстанды мекендеген 387 327 украиндердің тек 77 мыңдайы ғана ана тілі деп, украин тілін таныған. Басым көпшілігі немесе 310 069 украин негізінен орыс тілін (бірқатары қазақ тілін) ана тілі деп мойындайды.

Қазақстан ұлтаралық татулық саясатын ұстанады. Яғни, бірде бір ұлыс пен этносты қазақылануға қыстамайды.

Бізге басқасы қызықты: қанша қазақстандық қазақша біледі?

Соңғы жалпыхалықтық санақ бұл көкейкесті сауалға да жауап берді.

"2021 жылғы халық санағы бойынша жасы 5 жастан асқан халықтың 44,9%-ы – екі тілді, 28,6%-ы – үш тілді меңгерген. Санақ қорытындысы бойынша тағы 1,7%-ы – 4 тілде сөйлейді. 5 тілді білетін халықтың үлесі 0,2% ғана. 6 тілді білетін полиглоттардың үлесі 0,1% немесе небары 8 845 адамды құрады. Қызықты дерек сол, ерлерге қарағанда 4–5 тілде қатар сөйлей алатын әйелдердің үлесі басым: сәйкесінше ерлер –47,9%, әйелдер – 52,1%. Бірақ 6 және одан көп тілді білетін аз шоғыр қазақстандық арасында керісінше, ерлер үлесі әйелдерден асып түседі: 55,6%", – деп хабарлады Ұлттық статбюро,

Тілдерді білу тұрғысынан Алматы – полиглоттар қаласы саналады.     Өңірлік бөліністе 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттардың көбі алматылықтар.

Бұл ретте елдің 35,1% немесе 6 млн 42,1 мың адам ағылшын тілін біледі, оның 27,6% – еркін сөйлейді.

Жас сегментінде ағылшын тілін білетіндердің үлесі 10–14 жас және 25-29 жас аралығында көп кездеседі. Басқаша айтқанда, Қазақстанның жас ұрпағы – көп тілді болып барады.

Тұтастай алғанда, ұлттық санақ кезінде болған 17 млн 194 мың 712 адамның ішінде қазақ тілін 13 млн 768 мың 406 адам білетін болып шықты.

Дегенмен, олардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі де әртүрлі. Мысалы:

13 750 439 қазақстандық қазақша еркін оқиды.
12 670 407-сі – қазақша еркін сөйлей алады.
Қазақстан халқының 7 380 900-ы ғана – еркін жаза алады.

Әлеуметтанушылар соңғы көрсеткіштің аса маңызды екенін айтады. Себебі, мемлекеттік тілді білгенімен, еркін жаза алмайтын, яғни ойын, айтқысы келгенін қазақша жеткізе алмайтын қазақстандықтар өтініш, шағым жазғанда бәрібір орыс тілін таңдайды. Салдарынан, олардың қазақшасы тұрмыстық деңгейден, отбасынан аспайды.

Мемлекеттің міндеті – мемлекеттік тілде еркін жаза алатын азаматтардың үлесін барынша арттыру. Әйтпесе, биліктегі тұлғалардан бастап, қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі жазуға келгенде орыс тілінің жолына түсіп кетеді.

"Қазақтардың өздері қазақша білмейді" деген айыптау сөз айтылып жатады. Ұлттық санақ мұны жоққа шығарды. 11 906 894 қазақтың 11 861 654-і немесе 99,6%-ы ана тілін біледі. Соның ішінде 10 855 996-сы немесе 91,2%-ы еркін сөйлейді. Алайда 6 549 174-і немесе 55%-ы ғана еркін жазады.

2 821 660 орыстың ішінде тек 708 069-ы немесе 25,1%-ы ғана мемлекеттік тілді түсінетінін жеткізген. Соның ішінде 684 811-і қазақ тілінде еркін сөйлейді, алайда 240 058-і немесе 8,5%-ы ғана мемлекеттік тілде жазады.

Екінші ірі этнос саналатын өзбектердің жалпы санының 532 663-інің 383 322-сі немесе 72%-ы мемлекеттік тілді біледі.

Үшінші ірі ұлыс – жалпы саны 370 071 адамға жететін украиндердің 87 676-сы немесе 23,7%-ы қазақша түсінеді. 26 198 украин (7,1%) ғана мемлекеттік тілде еркін жаза алады.

Қазақстанда қатары 100 мыңнан асатын 9 ұлт қана бар болса, соның арасында 260 414 ұйғырдың 186 661-сі (71,7%), 204 846 татардың 103 524-і (50,5%), 210 417 немістің 53 082-сі (25,2%), 132 372 әзербайжанның 77 388-і (58,5%), 111 549 кәрістің 40 754-і (36,5%) – мемлекеттік тілді біледі.

Қорыта айтқанда, ұлттық санақ қорытындысы көрсеткендей, Қазақстан халқының 80,1%-ы – қазақшаны ауызша түсінеді, 80%-ы – еркін оқиды, 73,7%-ы – еркін сөйлейді, 76,1%-ы – еркін жаза алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу