Қазақстанда 8 мыңға жуық құтқарушы баспанасыз жүр

1401

Елімізде өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың әлеуметтік жағдайы жақсы деп ауыз толтырып айту қиын.  

Қазақстанда 8 мыңға жуық құтқарушы баспанасыз жүр

Елде бұл салада 19 мың қызметкер бар екен. Мемлекеттің қолдауы аз болғандықтан, төтенше жағдайлар қызметінен кадрлардың жылыстауы байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өрт сөндірушілердің бұл мәселесін Парламент Сенатында депутат Сергей Ершов көтерді. Премьер-министр Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында ол азаматтық қорғау мәселелеріне қатысты өзекті мәселелерді айтты. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, оның ішінде Түркістан облысындағы бөгеттің жарылуы және елді мекендерді су басу, Риддердегі өрт, сондай-ақ Алматы мен Өскемен маңындағы қоқыс полигонында болып жатқан оқиғаларды талдау – төтенше жағдай қызметіндегі экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бетін ашып берген.

"Төтенше жағдай органдары материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтау ісінде қаржы жеткіліксіз бөлініп келеді. Қолданыстағы нормативтердің 58%-дан сәл ғана асатын деңгейді құрап отыр. Халықты және еліміздің қауіпсіздігін қорғау үшін әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалатын шығындар да қысқаруда",– деді Сергей Ершов.

Сенатор осыған байланысты 2022 жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде азаматтық қорғау органдарын тиісті материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталған қаржыландыруды қарастыру қажет екенін айтты. Оның айтуынша аталмыш мәселеде қаншама жылдан бері қаражат жетіспей келеді. Бұл бағытта 11 млрд теңгелік қаржыландыру туралы ұсынысты республикалық комиссия мақұлдамаған. Сонымен қатар, депутат Төтенше жағдайлар органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды, сондай-ақ "Азаматтық қорғау туралы" заңды жетілдіру мәселелерін де айтты.

"Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің әлеуметтік ахуалына жеке тоқталып өтсем деймін. Әлеуметтік тұрғыда олардың толыққанды қорғалмауы, баспана мәселелерінің шешілмеуі – осы мамандықтың тартымды болмауына себеп болып отыр. Міне, сондықтан азаматтық қорғау қызметінде кадрлардың жылыстауы байқалады. Қазақстанда қазіргі таңда бұл салада 19 мың адам қызмет етеді. Осылардың ішінде баспанасыз жүрген қызметкерлердің саны – 7 800 адам. Яғни 40 пайызы. Осы бағытта қажетті қосымша қаражаттың көлемі – жылына 8,6 млрд теңге. Ал сайып келгенде бір жерден өрт шықса немесе су басса бірінші болып оқиға орнына аттанатын мамандарымыз – осы өрт сөндірушілер емес пе?! Осыған байланысты республикалық бюджетті 2022 жылы айқындау кезінде азаматтық қорғау қызметінің мамандардың материалдық және техникалық қажеттігіне қаражат аударуды сұраймыз",– деді Сергей Ершов.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу