Қазақстанда адам ағзаларын сыйға тарту өзекті болып тұр

2873

Азаматтар органдарын бөлшектеп әкетпейтінін кепілдендіретін құжаттарын ала алмауда.

Қазақстанда адам ағзаларын сыйға тарту өзекті болып тұр

Билік өткен жыл аяқталар тұста "трансплантация үшін тіндерді немесе мүшелерді сыйға тартуға келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет қолжетімді болғанын" хабарлады. Мұны енді үйден шықпай-ақ, eGov.kz порталында жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

Қызметті алу үшін электронды цифрлық қолтаңба немесе бірреттік пароль арқылы "электрондық үкімет" порталында авторизациядан өту қажет. Содан кейін "Денсаулық сақтау" бөлімінде "Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін оның тіндерін және ағзаларын алу мүмкіндігі туралы көзі тірісінде ерікті түрде қайырмалдыққа келісімді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу" қызметін таңдау қажет.  

Ары қарай пайдаланушы өтініш түрін – не "Келісімді қайтарып алуды тіркеу–Регистрация отзыва на согласие", немесе "Келісімді тіркеу–Регистрация согласия" дегеннің бірін таңдайды. Бұл жерде таңдау азаматтың нені қалайтынына байланысты: не ол бақиға аттанғаннан кейін ішкі ағзаларын өзге сырқаттарды құтқаруға тапсырады, болмаса, бар мүшесін көрге ала кетеді.

Егер бірінші жолды таңдап, келісімді тіркесе, ол нақты қандай органдарын транспланттау мақсатында ұсынатынын көрсете алады. Ағзаларының тізімі eGov.kz порталы арқылы өтінім бергенде көрсетіледі.

Дегенмен, жемқор мемлекетке және қазақстандық медицинаның сапасына сенбейтін қазақстандықтар келісім беруден қорқатыны жасырын емес: естен танып жатқан адамның жанын сақтап қалуға ақырына дейін тырыспай, ақысын берген қалталылар үшін оны бөлшектеп "сойып" тастауы мүмкін деген қауіп айтылады.

Сондықтан екінші жолға түсетіндер көп болып тұр. Солардың бірі Асылбек И. электронды Үкімет порталында тіндері мен органдарын беруден бас тартуды рәсімдепті.

"Сұрауыңыз қабылданды деп хабарланды. Сұрау өңделген. Алайда техникалық ақау болыпты: сұрау астында тіркелген қазақ және орыс тілдеріндегі бланкілер бос болып шықты", – дейді ол.

Салдарынан, сұраудың дұрыс өңделгеніне қатысты көңілінде күмән туған.

Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті мұндай шағымдар қаралғанын жеткізді.

"Жүргізілген талдау көрсеткеніндей, Асылбектің сұрауы ДСМ-нің Бекітілген халық тіркелімі ақпараттық жүйесінде табысты өңделген. Бірақ техникалық ақауларға байланысты қызмет бойынша шығыс құжаты бос күйде қалыптастырылған. Сол себепті "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ы аталған проблеманы жою бойынша тиісті іс-шаралар жүргізді. "ҰАТ" АҚ-ының дерегінше, Асылбектің өтініші бойынша түзетілген шығыс құжатын қалыптастыру техникалық тұрғыдан мүмкін болмады", – деді меморган.

Ресми мәлімет бойынша бүгінде 3 мыңнан астам қазақстандық органдарды трансплантациялауға зәру. Соның ішінде 113-і – балалар. Кейбір сырқат кеселді ағзасын ауыстыратын жаңаны күтіп, күн емес, сағаттарын санайды. Қаншамасы сол күнге жетпей, үзіледі. Науқастардың басым көпшілігі – 91,5%-ы жаңа бүйректі қажет етеді. Әйткенмен, Қазақстанда бүйрек трансплантациясының 90%-ы тек тірі донорлар есебінен жасалады. Өйткені қазақстандықтардың өлгеннен кейін бүйрегін мемлекетке сыйлауы өте сирек.

Екінші орында – жүрек: дертті жандардың 4,4%-ы соны ауыстыруға мұқтаж. Бауыр бойынша – 4%, өкпе бойынша – 0,1%.

Қазақстанда жүректі, бүйректі, өкпені, бауырды, ұйқы безін (поджелудочная железа) алмастыру операциялары жолға қойылған. 2012 жылдан бері 1892 трансплантация жасалды. Оның ішінде 80%-ы – тірі донорлардың, бар-жоғы 20%-ы – өмірден озған адамдардың арқасында мүмкін болды. 

Трансплантация орталықтарының хабарлауынша, аталған операциядан өткен азаматтардың 86,2%-ы өмір сүруде.

І-топ мүгедегі, қазақстандық Ольга П. жүрек ауыстыру бойынша "күту тізімінде" тұрғандардың бірі.

"2020 жылы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы квота бөліміне жүгіндім. Ондағы ойым – бюджет қаражаты есебінен шетелде жүрек трансплатациялауға квота алу болатын. Қолданыстағы заң мен 2017 жылғы №918 бұйрық осындай мүмкіндік ұсынады. Арада бір ай өткенде одан бас тартылғаны туралы хабарлама келді. Онда Үндістандағы статистикаға сілтеме жасалыпты. Басқа елдер қарастырылмаған. Беларусь пен Германиядағы шетелдік азаматтарға жасалатын трансплантация статистикасымен таныспын. Яғни, оларда донорлық жүрек алу бойынша менің зор мүмкіндігім бар деп есептеймін! ДСМ квота бөлімінің маманына онлайн жүгініп, Беларусқа қатысты тікелей сұрақ қойдым, алайда ол өтінішімді елеусіз қалдырды. Қоңырау шалсам, ұялы телефонын көтермейді", – дейді ол.

"Тал қармаған" сырқат қалыпты өмірге оралудың кез келген мүмкіндігін жібергісі келмейді.

Оның айтуынша, жүрек алмастыру операциясы шетелде 100,6 мың доллар тұрады екен. Ондай шығынды көтеруге шамасы жетпейді.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу