Елімізде алғаш рет шпагамен семсерлесуден Әлем кубогы өтеді. Бұл Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) негізгі турнирлерінің бірі.
Бұған дейін мұндай деңгейдегі жарыстарды Марракеш пен Буэнос-Айрес қабылдаған. Ал Әлем кубогының тұрақты ұйымдастырушылары қатарында БАӘ, Германия, Швейцария және Канада бар. Биылдан бастап элиталық ұйымдастырушы елдер тізіміне алғаш рет Қазақстан қосылды.
Турнирге әлемнің 96 елінен 600-ден астам спортшы қатысады. Жарыстар ерлер мен әйелдер арасында жекелей және командалық дисциплиналар бойынша өтеді.
Қазақстан атынан турнирге шпагамен семсерлесуден ерлер құрамасынан Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлик Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов қатысады.