Қазақстанда армияның жаңа түрі пайда болмақ

2903

Әскерге жарамды азаматтар резервке жазылып, табыс таба алады. Қазақстанның Қорғаныс министрі Украинадағы жағдайды ескеріп отыр.  

Қазақстанда армияның жаңа түрі пайда болмақ

Қорғаныс ведомствосы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызметті енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат елімізде енгізіліп жатқан "әскери-оқытылған резерв" қызметін реттейді.

Айта кету керек, осының алдында ҚР Қауіпсіздік Кеңесі елде "резервтегі қызметті" енгізуді құптады.

Бетін аулақ қылсын, бірақ соғыс бастала қалса, Қазақстанда 18 бен 60 жас аралығындағы барлық ер-азаматты майданға жұмылдырудан басқа амал қалмайтын көрінеді. Ал дамыған елдер қазір бұл шетін шараға жүгіне бермейді. Тіпті көрші Ресейдің өзі елде "әскери жағдай" жариялап, еркек кіндіктілердің бәрін соғысқа әкетуден бас тартты. Оның орнына бейресми ақпарат бойынша резервистер шақырылуда. Бірақ бұл ақпаратты Кремль жоққа шығарып отыр.

"Қазіргі заманғы қарулы жанжалдар әскери сипаттағы сын-қатерлерге тек дайындалған жұмылдыру ресурстары бар жетілдірілген армия ғана қарсы тұра алатынын көрсетті. Қазақстанда соғыс уақытында Қарулы күштерді адам ресурстарымен қамтудың тек бір тәсілі қалады, ол – халықты жаппай жұмылдыру. Яғни кеңес кезінен келе жатқан мобилизация. Украинадағы оқиғалар Қарулы күштерді жұмылдырумен, шығынды толықтыру, жеке құрамды ротациялау үшін запастағы әскери қызметшілердің уақтылы келуімен байланысты бірқатар проблемаларды әшкереледі", – деген түсініктеме берді ҚР Қорғаныс министрлігі.

Халықты майданға жаппай жұмылдыру біршама ұзақ уақыты қажет етеді, ал басқыншы мұны күтпейтіні мәлім. Сондықтан Қазақстан "әскери-оқытылған резервті даярлауға және қалыптастыруға" кірісіп жатыр.

"Соғыста ахуал көз ілеспес жылдамдықпен тез өзгеретіндіктен, кешігудің әрбір минуты әскери іс-қимыл театрында күштердің ара-салмағын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сол себепті елде соғыс жағдайының немесе табиғи-техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың енгізілуін күтпей, ұдайы жауынгерлік әзірліктегі бөлімдерді де, сонымен қатар қысқартылған құрам бөлімдері мен резервті де лезде өрістету қажет. Резервтегі әскерді және аумақтық қорғаныс әскерлерін тездетіп жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру – қауіп төнген бағыттарда әскерлердің үлкен тобын уақтылы шоғырландыруға, жауға жойқын соққы жасауға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді министрлік.

Маман не дейді?

Халықаралық саяси, әскери сарапшы, журналист Иван Яковина (Ivan Yakovina) ресейлік резервистердің кәсіби дайындығы төмен дейді.

"Резервист деген кім? Бұл – кезінде әскери борышын өтегеннен кейін резервтегі әскерге қосылуға келісім беріп, тиісті шартқа қол қойған адам. Осыған келіскені үшін белгілі бір мерзім бойы ай сайын армиядан шамамен 10 мың рубль алып тұрады. Шарт бойынша қажеттілік туындағанда ол азамат алғашқы шақыруға үн қатып, жиын орнына тез жетуге тиіс. Шақырудан бас тартуға құқығы жоқ. Бұл – мобилизация болып саналмайды", – деді сарапшы.

Ол бір түйткілге назар аудартты. Мерзімді әскери қызметін өтеп, еліне оралғалы тұрған солдат ақшасына қызығып, резерв туралы шартқа қол қоя салуы мүмкін. Содан кейін бейбіт өмірге оралады, азаматтық қызметтермен, бейбіт кәсіппен айналысады. Әскерден қол үзеді, тіпті қарудан қалай дәл көздеп ату керектігін ұмытып қалатындары болады.

"Ресей резервистерді елдің әр өңірінен жинайды. Олар бірін-бірі танымайды, үйлесімді, бір команда болып жұмыс істеуге жаттықпаған. Оның үстіне әскери іс-қимылдарға дайын емес. Оларға ұзақ жаттығу керек еді. Олай болмаған соң, іс оңбайды. Резервистер – осы кезге дейін тек отбасын асырау қамымен жүрген, жасы біразға келіп қалған ағайлар. Олардың майдан даласындағы тәртібі нөлге тең екенін байқадық. Ішімдікке салынады, өзінен көп жас сержанттардың бұйрығына бағынбайды. Кәсіби әскерилер, офицерлер оларды "партизандар" деп атайды. Оларды суқаны сүймейді. Мұндай адамдар, лайықты дайындамаса, кәсіби әскердің қатарын ала тайдай бүлдіруі, тәртіпті қожыратуы мүмкін", – дейді Иван Яковина.

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі резервтегілерге қатысты мұндай проблема Украина жағында да болғанын қаперге салды.

"Украинадағы қақтығыс бұл елдегі әскери-оқытылған резервті нақты ұрыс қимылдарына даярлауда проблемалар болғанын көрсетті. Өйткені запастағы әскери қызметшілер уақыт өте келе, әскери даярлық барысында алған дағдыларын ұмыта бастайды. Сондай-ақ мемлекет осы аралықта жаңа қару-жарақ пен байланыс құралдарын сатып алады, резервтегілер оларды меңгеруі үшін уақыт қажет. Бұдан басқа, запастағы әскери қызметшілерден құралатын бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру үшін де уақыт керек. Осындай себептер бойынша Украинада 2014 жылы соғыс аймағына кіргенге дейін жаңадан құрылған бөлімшелер полигондарда бірнеше ай бойы қосымша даярлықтан өтті. Алайда соның өзі бөлімшелердің тиісті деңгейдегі жауынгерлік қабілетін қамтамасыз етуге жетпеді", – деп еске салды еліміздің Қорғаныс министрлігі.

Украина, әрине, сол олқылықты бұл жолы ескерді. Соның арқасында "әлемдегі ең қуатты армиялардың бірі" саналатын Ресей Қарулы күштеріне қазір лайықты тойтарыс бере алуда.

Резерв құрудың қазақстандық үлгісі

Қазақстан өзге елдердің тәжірибесін ескеріп, қателіктерін қайталамауға күш салмақ. Қорғаныс ведомствосының айтуынша, тұрақты түрде өткізілетін жиындар да запастағы әскери қызметшілердің даярлығына қатысты проблемаларды шешпейді. Өйткені ол жиындар 5 жылда 1 рет өткізіледі және резервтегілердің шектелген санын ғана қамтиды. Сонымен бірге осы жиындардың және оларға тартылатын адамдардың санын ұлғайту да жағдайды жақсартпайды екен. Себебі одан кейін дағды бәрібір ұмытыла бастайды. Ендеше қайтпек керек?

Қорғаныс министрлігінің ұсынуынша, "Резервте әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт" жасасқан азамат Қорғаныс министрлігі айқындаған тәртіппен бейбіт уақытта жиындардан және әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлықтан үнемі өтуге міндеттеледі.

Резервтегі адамдар айына 1-2 рет қысқаша әскери даярлықтан – жаттығудан өтіп тұруы шарт. Ал жалпы жиын – 30 күнге созылады. Мұндай жиындар 1 жылда әрі кетсе екі айды ғана қамтиды. Қалған он айда ол адам азаматтық қызметін атқара береді.

Қарулы күштер әскерде қызмет еткен, содан кейін резервке кіргісі келетін азаматпен 3 жылға келісімшартқа отырады. Оған ай сайын қосымша ақшалай төлем (допольнительное денежное содержание) төленеді. Ол 1 ең төменгі жалақы (2022 жылы – 60 мың теңге) көлемінде болады деген мәлімет айтылды. Ал 1 айлық жиынды өткізу кезінде – сол резервистің төл жалақысының мөлшерінде ақшалай төлем берілмек.

Сонымен бірге жиын-жаттығулар кезінде жұмыс берушісі оның негізгі қызмет орнын және лауазымын сақтауға тиіс болады. Егер резервист жұмыссыз болса, оған елде бекітілген 1 ең төменгі жалақы көлемінде төлемақы төленеді. Әскерилерге көзделген (тұрғын үй төлемінен басқа) жеңілдіктерді резервшіге де ұсыну қарастырылуда.

"Жиындар мен жаттығулар кезінде резервистер әскери білімін, шеберлігі мен дағдысын жетілдіреді. Бір бөлімше, взвод, рота құрамында үйлесімді қимылдауға үйренеді, өзімен бірге қызметін өткеретін әскери ұжымымен – қаруластарымен танысады. Сондай-ақ резервистердің әскери техниканы жүргізуіне рұқсат етіледі және оларға нақты бір ұрыс техникасы бекітіп беріледі. Осының арқасында әскери техника өзінің пайдаланылу ресурсын босқа жойып, ұзақ мерзімді сақтауда текке тұрмайды. Резервист оны машығын жетілдіруге пайдалана отырып, оған қызмет көрсетеді. Осылайша, әскери техника тез арада қолдануға дайын тұрады", – деп түсіндірді қорғаныс ведомствосы.

Оның мәліметінше, әзірге резервистер саны сонша көп болмайды, 1 мыңға жуық азаматпен келісімшарт бекіту жоспарланып отыр.

Егер халықаралық ахуал әрі қарай нашарлай берсе, онда резервистер саны бірнеше бригадаға дейін ұлғайтылуы және аумақтық әскерлер солармен толығуы мүмкін екен. Яғни әр өңірдің өз резервистері болады.

Қазақстанның резервтегі қызметтің тағы бір ерекшелігі бар. Оған вахтамен істейтін жұмысшыларды алмайды, келісімшарт бекіткендер вахталық әдіспен жұмысқа тұра алмауы мүмкін.

"135-бап. 8. Өндірістік кәсіпорындарда вахталық әдіспен немесе ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшылар резервтегі әскери қызметке тартылмайды" деп жазылған жаңа заң жобасында. Бұған не себеп?         

"Үзіліссіз өндіріспен айналысатын өнеркәсіптік кәсіпорындарда персоналдың негізгі бөлігі вахталық әдіспен немесе ауысыммен жұмыс істейді. Вахташылар да, ауысымшылар да 15-тен 30 күнге дейін демалыссыз және мереке күндерінсіз, үздіксіз еңбек етеді. Оларды вахта және ауысым кезінде жұмыстан алаңдату өндірістік процеске теріс әсерін тигізеді. Көбіне ол жұмысшыны басқамен ауыстыруға мүмкіндік те жоқ. Себебі вахтааралық уақытта өзгені жұмысқа тек келісімімен тартуға болады, бірақ жұмысшылар оған келісе бермейді", – деп түсіндірді Қорғаныс министрлігі.

Қалай болғанда, қазақстандық армияның жаңа заман талабына сай өзгеруге ден қойғаны байқалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу