Президент Қ.Тоқаевқа осы жолдауында қайтадан экология мәселесін көтеруіне тура келгені белгілі. Оның айтуынша, экология мәселесі басты назарда болуға тиіс. Әсіресе, "ауаның тазалығы айрықша маңызды". Сондықтан Үкіметке мейлінше ластанған 10 қаланы орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшіру тапсырылды.
Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі, әрі мейлінше ластанған қалаларда ешқандай тау-кен не басқа өнеркәсіптік өндіріс орны, биік мұржалы ірі зауыттар жоқ. Олардың улы қою түтінге бөленуіне сүбелі үлес қосатындардың бірі – автокөліктер.
Сондықтан көк түтінге қақалудан қажыған мамандар бұдан шығудың жолы ретінде автокөліктерді газға көшіруді ынталандыруды ұсынды. Техника саласына маманданған алматылық кәсіпкер Дмитрий Рогозинский мұндай жобалар көлігі көп Алматы мен елордадағы экологиялық ахуалды жақсартуға септесе алады деген ойда.
"Мегаполистеріміз автомобильдердің ауаға шығарындыларымен ластануда. Билік бұдан құтылу үшін қала ортасына кіретін көліктерді шаһар сыртына бағыттайтын аса қымбат айналма жолдар салуда, тіпті қалаға кіретін машиналардан қосымша алым жинау, қала ішіндегі барлық тұрақты, тіпті аулалардағы орынды ақылы ету секілді сынға іліккен идеяларды ұсынуда. Оның орнына автокөліктерді сұйытылған мұнай газына (СМГ) көшірген жөн. Мен тауда Алматы әкімдігіне өтініш жазып, одан осындай бағдарламаны әзірлеуді сұрағанмын. Қолдау таппадым. Осы мәселені болашақта ілгерілетуге қатысты қандай да бір жоспарлары көрсетілмеген сырғытпа жауап қана келді", – дейді ол.
Кәсіпкердің мәліметінше, қазіргі кезде автопарктің жалпы санындағы газға көшкен жеңіл автокөліктердің үлес тым аз – 6,8% ғана.
Ол жаңа бағдарламада бірнеше бастаманы қарастыруды ұсынады. Біріншіден, жекеменшіктегі көліктерге газ-баллонды жабдық (ГБЖ) орнатуды экономикалық ынталандыру қажет. Мысалы, көрші Ресейде мемлекет ГБЖ құнының 90%-ына дейін субсидиялайды.
Екіншіден, дизельден не бензиннен газды жағуға қайта жабдықталған автокөлік құралдарын рәсімдеу жеңілдетілуі шарт. Қазіргі талаптар "темір тұлпар" иесін сергелдеңге салып, жүйкесін жұқартып біткенімен қоймай, осы жолға түскісі келетін өзге жүргізушілерге жаман тағылым көрсетіп, ниетінен айнытады. Мысалы, әрбір автокөлік иесі жеке сертификаттау ресімдерінен өтуге мәжбүр. Бұған қоса, мемлекеттік алымдар бар, олардың мөлшері төмендетілуге тиіс. Бұдан қалды, рәсімдеу бойынша зертханалардың тарифтерін де азайтса, абзал. Әйтпесе, рәсімдеу құны ГБЖ орнату құнының 22%-ына дейін жетеді.
"Үшіншіден, газға ауысқан автомобильдерге артықшылық-преференциялар берілсе дұрыс болар еді. Мысалы, олар табиғи парктерге барғанда жиналатын экологиялық алым құны арзандатылғаны жөн. Қала орталығындағы автотұрақтарда газбен жүретін машиналардан азырақ төлем алынуы керек. Тіпті бұлар үшін көлік салығын кемітсе, артық болмас. Тағы бір мәселе – автогаз бағасын мемлекет реттеуі қажет. Өйткені 2021 жылы автогаз бағасы 37%-ға қымбаттап шыға келді. Салыстыру үшін айтсақ, бензин бағасы тек 21%-ға көтерілді. Бұл ГБЖ орнатушылар санының сиреуіне соқтырды", – деді Д.Рогозинский.
Билік бұған не дейді?
Мемлекетте көлік саласына жауапты ведомство – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғилымов бұл мемлекеттің шаруасы емес дегенге келтірді.
"Атап өтерлік жайт, газ-баллонды жабдықты автокөлік құралдарына орнату бүгінде бәсекелестік салада жүзеге асырылады. Тиісінше, бұл қызметтердің құнын кәсіпкерлік өзі белгілейді. Мемлекет оны реттемейді. Сонымен бірге Экологиялық кодекске сәйкес, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қызметтерді экономикалық ынталандыру "жасыл" технологияларды бейімдеу және шетелден трансферлеуді ұйымдастыру, сондай-ақ "жасыл" инвестицияларды тартуға көмектесу жолымен жүргізіледі. Бірақ табиғи парктерде төлемді азайту және "жасыл" технологиялар арқылы экономикалық ынталандыру мәселелері Экология министрлігінің құзырына жатады", – деді комитет басшысы.
Көлік комитеті бұл мәселелерді өзі шеше алмайтынын білдірді. Себебі, ГБЖ-мен қайта жабдықталған көліктерді рәсімдеу мәселесі – Ішкі істер министрлігінің, газ бағасын реттеу – Энергетика министрлігінің, ал көлік салығын төмендету – Ұлттық экономика министрлігінің құзырында.
"Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша салық салу – жалпыға бірдей және міндетті, сондай-ақ жеке сипаттағы жеңілдіктер беруге енді тыйым салынған, осыған байланысты экономика министрлігі көлік салығын азайту мәселесін қолдамайды. Ал өзге мәселелер бойынша ұсыныс иелері сол мәселелер құзырына кіретін мемлекеттік органдарға өзі жүгінуі керек", – деді Самат Ғилымов.
Яғни, бұл істің әзір ілгерілейтін түрі көрінбейді. Оның үстіне автогаз бағасының тоқтаусыз өсуі де көліктердің экологиялық таза отынға көшуіне тоспа болмақ.
Секторды ереуілдер жайлауы мүмкін
Бүгінде автогаз құю станцияларының желісі де дағдарысқа килігіп, дамуға жол таба алмай жатқан көрінеді. Оның мән-жайын "Auto Gas Station" компаниясының директоры Бақытжан Серікбаев түсіндірді. Оның айтуынша, газ желілері ұйымдарына қажетті көлемде сұйытылған газ жетпей жатыр.
"Сұйытылған газ секторы үлкен өзгерістерді өткеруде. Өйткені елімізде бұл өнім электронды сауда арқылы биржада сатылуға белсенді және мәжбүрлі түрде көшіріліп жатыр. Біз мемлекеттің "жасыл" экономика жоспары аясында еліміздің 5 облысында филиалдарымызды аштық. Көлік иелері автогаз құю станцияларын таңдағанда отынның бағасына және сапалы қызмет көрсетілуіне баса назар аударады. Алайда отынның жетпеуі сала дамуына кедергі. Мысалы, тек біздің ұйым ғана ай сайын 2,5 мың тоннадан астам автогаз өткізеді", – дейді Б.Серікбаев.
Газ желісі ұйымдары бұған дейін негізінен өз өтініштері бойынша уәкілетті органдар бекітетін және зауыттар тікелей босататын газ көлемін арзандау бағаға сатып алып келіпті. Қазір бұл тәжірибе бірте-бірте жойылуда. Зауыттар мен газ таратушы ұйымдар арасында тауарлық биржа түріндегі делдал пайда болды.
"Автогазды өтініштер бойынша жеткізу жоспары аясында сатып алғанда, сұйытылған газ "пистолеттерде" бензиннен 3,5 есе арзан тұратын. Осыған орай көп жүретін автокөлік иелері белсенді түрде газ-баллонды жабдықтар орнатуға кірісті. Енді газды тауарлық биржа арқылы сатып алуға көшкелі СМГ бағасы шығандап өсіп кетті және ары қарай қымбаттауда. 2021 жылғы қаңтарға дейін жеткізу жоспары аясында зауыттар сұйытылған газдың 1 тоннасын 38 мың 702 теңгеден босататын. Ал бүгінде электронды саудада СМГ-ның бастапқы бағасы 1 тоннасы үшін 77 мың теңгеден басталады. Қыркүйекте биржа арқылы сатылатын газ үлесі 60%-ға жеткізілді", – деді компания директоры.
Зауыттардан жеткізу жоспары аясында сатып алынатын қалған 40 пайыз өнім газ желісі ұйымдарына (ГЖҰ) жетпейді, "Auto Gas Station" басшысы осы тәсілмен "Қазгермұнай" бірлескен кәсіпорны жеткізетін азғандай өнімді "таңдаулы ГЖҰ-лар таратып алып кетуде" дейді. Салдарынан арзандау автогаз сататын станцияларда ұзын-сонар кезектер қалыптасады. Ал өзге АГҚС-тар қымбат ұсынып, клиенттен айырылады.
"Біз сияқты нарықтың өзге қатысушылары қыркүйек айында "Қазгермұнай" газынан мүлдем қағылдық. Пандемия және карантин газ өндірісіне теріс ықпал етті, біздің салада да бизнес жүргізуді қиындатты. Біз жұмыс орындарын сақтап қалғымыз келеді. Бірақ газ болмаса, оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан салада тұрақты экономикалық ахуалды сақтап қалу үшін бізге Үкіметтен сұйытылған газды қолжетімді бағамен беруін сұраймыз. Әйтпесе, жалақыны сақтаусыз мәжбүрлі демалысқа жіберсек, жұмысшыларымыз ереуілге шығуға ниеттеніп отыр", – дейді кәсіпкер.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !