Қазақстанда беделді жаңа университетті ашудың шарттары жарияланды

1760

Саясат Нұрбек тиісті бұйрығын қабылдауда асықпай, ырғалып-жырғалып жүргенде, британдық жоғарғы оқу орнының филиалы Ақтөбеде ашылып, талапкер қабылдауға кірісіп те кетті.

Қазақстанда беделді жаңа университетті ашудың шарттары жарияланды Фото: arsu.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шілде айында "Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің   Хериот-Уатт университетінің филиалын құру туралы" бұйрыққа қол қояды деп күтіліп отыр.

Британдық байырғы университтеттің қазақстандық филиалы "Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының базасында құрылады,деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Дереккөздердің хабарлауынша, британдық беделді ғылым ордасы өз бөлімшесінде оқытудың басымдықты түрде ағылшын тілінде жүргізілуі керектігі жөнінде шарт қойыпты. Қазақстандық тарап ондағы оқытудың мемлекеттік қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де жүргізілуге тиістігіне табандаған деседі. Салдарынан,  Ұлыбритания мен Қазақ елі орыс тілін қатар сүйрейтін түрі бар. Әйтпесе, сарапшылар орыс тілінде маман дайындауды доғаруды, өйткені бұл тілде оқығандардың көбі Қазақстанның бюджеттік қаражаты есебінен маман болып шыққан соң Ресейге жұмыс істеуге кететінін айтып жүр.

Британдық ЖОО филиалы өзіндегі пәндер тізбесін өзі анықтайды. Бірақ білім беру бағдарламасына "Қазақ тілі" және "Қазақстан тарихы" пәндері міндетті түрде қосылады.

"Филиал өз білім беру қызметін Қазақстан аумағында аккредитациясы танылатын Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Хериот-Уатт университетінің төл білім беру бағдарламалары және Жұбанов университетінің аккредиттелген білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырады. Филиалдағы білім беру процесі шетелдік профессорлық-оқытушылық құрамды тарта отырып, мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізіледі", – деп жариялады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Ведомство университет филиалына профессорлық-оқытушылық құрамының жалпы санының кемінде 30%-ы шетелдік профессорлар мен оқытушылардан тұруға тиіс деген шарт қойып отыр. Әйтпесе, одан төмен болса, бұл ешқандай да шетелдік университет болмай, жергілікті ЖОО деңгейінде қалары кәдік.

Жаңа университет оқытуды күндізгі және қашықтан форматында жүргізуге құқылы.

Саясат Нұрбектің бұйрығы жобасына сәйкес, еліміздегі жаңа университеттің қызметінің негізгі нысанасы – тек жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында білім беру қызметтерін көрсетумен, маман даярлаумен шектелмейді. Оның басты бір қызметі – ғылыми және ғылыми-техникалық қызметпен айналысу, яғни ғылыми зерттеулер жүргізу болады.

Тағы бір шарт: жаңа оқу орны Хериот-Уатт университетінің білім беру сапасынан төмен емес деңгейде білім беруді қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Бірақ ондағы білім беру қызметін ұйымдастыру, оқуға қабылдау және білім беру сапасын басқару тәртібі Қазақстан заңнамасымен және филиалдың ішкі құжаттарымен реттеледі. Яғни, оқу процесіне біздің шенеуніктер араласады.

Бұған қоса, Heriot-Watt University филиалын лицензиялау Қазақстан заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Жаңа ғылым ордасын Үкімет онда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы бюджеттен қаржыландырады. Сондай-ақ филиал ел заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржы тарта алады.

Heriot-Watt University – Ұлыбританиядағы ең көне әрі тұңғыш техникалық жоғарғы оқу орны саналады: іргетасы сонау 1821 жылы қаланған. Шотландиядағы Эдинбург қаласында орналасқан ол бүгінде мемлекеттік зерттеу орталығына да айналды.

Жалпы, әлемдегі беделді оқу орындарының бөлімшелерін елімізде ашу ел Президентінің тікелей тапсырмасы болатын.

Осыған орай былтырғы желтоқсанда Үкімет жеке отау құрған Ғылым және жоғары білім министрлігіне шетелдік филиалдардың бағдарламалары үшін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлемін есептеудің бөлек алгоритмін дайындауды жүктеді.

Мысалы, қазақстандық жоғарғы оқу орындарына арналған мемлекеттік білім гранттарын қаржыландырудың орташа құны 2020 жылы 340–420 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін арттырылған болатын. Бертінде бұл сома кейбір отандық университеттер үшін 2 миллион теңгеге дейін жеткізілді. Ал шетелдік оқу орындарының филиалдарына 1 студентті даярлау үшін жылына бұдан да көп бюджеттік шығын шығарылуы мүмкін.

Британдық университет бөлімшесін қаржылық қолдау үшін Қазақстан бюджетінде 2023, 2024 және 2025 жылдарға қаражат қарастырылыпты. Сомасы жарияланбады.

Хериот-Уатт университетінің филиалын материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету Жұбанов университетіне (Zhubanov University) жүктелді. Бұл оқу орнының профессорлары мен оқытушылары да жаңа ЖОО-дағы жұмысқа тартылуы мүмкін.

Zhubanov University-дің өзінде 27 профессор, 27 ғылым докторы, 200 ғылым кандидаты, 23 PhD докторы, 238 магистр, 127 доцент жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Оның 6 оқу ғимараты, әкімшілік ғимараты, технопаркі және Ақтөбенің түрлі мекемелерінде ашылған 100 кафедра филиалы бар.

Бұдан бөлек, оның дүние-мүлкіне қаладағы Студенттер сарайы, Жастар сарайы, 4 студенттер үйі, 4 спорт кешені, футбол алаңы, көрме залы, 6 ғылыми кітапхана, "Зерек" балаларды дамыту орталығы, Балалар университеті, университет мұражайы, студенттерге қызмет көрсету орталығы және жеке емхана жатады.

Негізі, Қазақстанда Хериот-Уатт университетінің филиалын ашуды қарастыратын Ынтымақтастық туралы меморандумға Ғылым министрі Саясат Нұрбек пен британдық ЖОО директорының орынбасары Марк Биггс қол қойған болатын. Бұл рәсім 2023 жылғы 1 ақпанда Лондонда өткен Қазақстан-Ұлыбритания үкіметаралық комиссияның отырысы аясында ұйымдастырылды. Нұрбектің командасы енді ғана практикалық жұмысқа көшкенге ұқсайды.

Zhubanov University ректоры Лаура Қарабасованың айтуынша, Хериот-Уатт филиалына алғаш рфт 2023/2024 жаңа оқу жылына талапкерлер қабылдануда. Онда шәкірттер мемлекеттік білім гранты негізінде тегін оқи алады.

Қабылдау шарттары – талапкердің биылғы мамыр-маусымда өткен ҰБТ-да жинаған балы 50-ден төмен болмауға тиіс. Ағылшын тілін білу деңгейі IELTS 5.0 (2 секцияның көрсеткіші 4,5 балдан төмен болмауы керек).   

Білім беру бағдарламаларына әзірге бакалавриаттың үш ағылшын тілді бағдарламасы: электроэнергетика, мұнай инженериясы және энергоменеджмент, компьютерлік инженерия кіріп отыр. Түлектер Хериот-Уатт университетінің және Жұбанов университетінің қос дипломын алып шығады.

Ректор Л.Қарабасованың айтуынша, сонымен қатар студенттер Хериот-Уатт университетінің желілері ішінде, мысалы, Малайзия, Дубай және Шотландияда оқуға ауыса алады.

Ғылым министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 2029 жылға дейін шетелдік жоғарғы оқу орындарының кем дегенде 12 филиалы ашылады деп жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу