Қазақстанда бір адамға 2 телефоннан артық ұстауға тыйым салынуы мүмкін

6495

Елде жаңа ұялы телефондардың бағасы күрт көтерілді. 

Қазақстанда бір адамға 2 телефоннан артық ұстауға тыйым салынуы мүмкін Фото: canva.com

Мысалы, 24 наурыздан кейін маркетплейстардағы iPhone "ассортименті" орта есеппен 20%-ға қымбаттады.

Ал, ұялы телефон дүкендері қабырғаға, әлеуметтік желіге ілген хабарландырулар арқылы қазақстандықтарды смартфондардың 30-40%-ға дейін қымбаттайтыны жөнінде құлақтандырып, қорқытты.

Олардың біразында жыл басынан бері әртүрлі модель бойынша бағаның шынымен 25-тен 150 мың теңгеге дейін жоғарылағанын анықтадық. Сатушылар кейінге қалдырмай, қазірден сатып алуға кеңес берді.

Олардың түсіндіруінше, нарық "сұр" және "қара" смартфондардан, яғни, елге айналма жолдармен, контрабандамен, сұр схемалармен әкелінген немесе тіпті жалған-фальсификат құрылғылардан жаппай тазартылуда. Олардың бәрі тәркіленеді, бұғатталады.

Салдарынан, бір жағынан тауарлар күрт азаяды, екінші жағынан, саудалайтын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер саны қатты кемиді. Соның кесірінен, елде тапшылық туындайды, бағалар әрі қарай аспандайды.

"Смарфоныңызды жаңартуға асығыңыз! Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеу қағидаларының жаңартылуына байланысты жаңа смартфондарды қазіргі бағамен тездетіп сатып алуды ұсынамыз. Өйткені жаңа қағидалар толыққанды күшіне енген соң бағалар 30-40%-ға дейін өседі", – деп хабарлады елордалық ұялы телефон дүкенінің бірі.

Ұқсас хабарландырулар еліміздің барлық өңірлерінде пайда болды.  

Кейбірі жаңа қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін сатып алынған ұялы телефондарға жаңа шектеулер таралмайтынын алға тартады.

Мұндай хабарландыру иелері кейін сатып алса, бұғатталып тасталуы мүмкін құрылғыларды сататынын мойындады. Сондықтан оларын шектеу күшіне енгенге дейін жылдамдатып өткізіп жіберуге асықты.

Айта кету керек, Қазақстанда енді мобильді құрылғылар – смартфондар, планшеттер, смарт-сағаттар және басқасы бірнеше тізімге бөлінеді:

  • Ақ тізімге – шектеусіз тіркелген, табысты верификацияланған құрылғылар жатады. Құзырлы органдар олардың әрқайсысының нақты иесі кім екенін, дербес деректерін біледі.
  • "Сұр тізімдегі" құрылғы иелері елге уақытша әкелінген құрылғысын 30 күн бойы қолдана алады. Осы уақыт ішінде операторлар SMS хабарлама арқылы құрылғыны верификациядан өткізу қажеттілігін ескертеді. Хабарламада арнайы анкетаға сілтеме беріледі, оны толтыру қажет. Шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек.
  • Қара тізім – елге заңсыз енгізілген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олардың IMEI-кодтары сәйкес келмейді. Оның бәрі тегіс бұғатталады, жай пластикке айналады.

Цифрлық даму министрлігі соңғы екі тізімге кіріп кетпеу үшін қазақстандықтарға жаңа смартфонды сатып алмай тұрып, алдымен оның IMEI-ін тексеруге кеңес берді.

Өйткені 2025 жылғы 24 наурызға, яғни, қағидаларға өзгерістер күшіне мінгенге дейін тіркелген құрылғылардың иелері шектеуге ілікпейді.

Ал, мобильді құрылғылардың әлеуетті жаңа иелері сатып алмас бұрын оның IMEI-ін imei.rfs.gov.kz сайтында тексеріп алуға тиіс.

IMEI код құрылғының сыртына жапсырылады, оны сондай-ақ "Настройки →Сведения о телефоне" бөлімінен табуға болады. Егер бәрі дұрыс болса, "тексерілді" деп шығады.

IMEI верификацияланбаса, "Тексерілмеген. Абоненттік құрылғыны растау үшін сайтқа өтуді сұраймыз ескертпесі шығады.

Назар аударыңыз, жауапты органдардың елдің екі аяғын бір етікке тығып, асықтырудағы олқылығын алаяқтар пайдалануы, құрбандарын фишингтік сайттарға тіркелуге мәжбүр етуі мүмкін. Сондықтан қандай сілтеме бойынша өтіп, нені толтырғаныңызға абай болыңыз!

Alkon Trade компаниясының басшысы Станислав Павленко Қазақстанда ұялы телефондардың бағасы сарапшылар күткендегіден де көп өсіп кеткенін жасырмады.  

"Өсім біз ойлағаннан жоғары болып шықты. Бағалар жыл соңына қарай көтеріледі деп болжап едік. Бұған біріншіден, жер-жаһандағы бағалардың өсуі ықпал етті. Барлық техника түрінің әлемдік брендтері жыл сайын бағаларын орта есеппен 5-тен 15%-ға дейін арттырып отырады. Екіншіден, жеке кәсіпкерлер ресми шектеулерден сақтанып, техника құнын жоғарылатты. Бағалардың әлі де өсері даусыз", – деді Павленко "Digital Business" порталына сұхбатында.

Оның байламынша, өнімді елге заңсыз, контрабандамен әкелгендермен күрес орнына, оларға жем болып, сондай құрылғыны сатып алған ақырғы тұтынушыны жазалау – заңсыз.

"Хабарсыз болып, сұр телефонды сатып алған адамды жазалау, менің ойымша, тұтынушылар құқығын аяққа таптау. Бақылаушы органдар елге енгізу кезінде, кеденде ол жүкті тоқтата алмаған екен, онда солардың пәрменсіз әрекеті үшін тұтынушыларды жазаға тарту дұрыс емес, заңға да, ақылға да қайшы. Оның бәрін ішкі нарыққа лек-лекпен енгізіп жатқандарды жауапқа тартуы қажет", – деді Станислав Павленко.

Мұны мысалға, дүкеннен бұзылған тауарды алып, адамдар жаппай уланып қалса, жалған тағамды жасағаны үшін өнім өндірушіні, оны сөреге қойғаны үшін сауда орнын емес, зардап шеккен тұтынушыны жазалаумен теңеуге болады.

Сарапшылар смартфондар бағасының көтерілуіне серпін берген тағы бір факторды атады. Бұдан былай нарықта сатылатын мобильді құрылғылардың бәрі дерлік кедендік ресімдерден өтеді, келесі жылы  ұлғаятын алым-салықтардың бәрі төленеді.

Оған қосылған құн салығы, сондай-ақ ресми тіркеу алымдары қосылады. Павленконың болжамынша, бұл смартфондардың және басқасының кем дегенде 20%-ға қымбаттауына соқтыруы мүмкін.

Оның үстіне, нарықтан көптеген ойыншы қуылғаннан кейін мобильді құрылғылар сататын компаниялардың, кәсіпкерлердің қатары күрт сирейді. Нарық біршама монополияландырылуы ықтимал. Ал, сала алпауыттары нарықты басыбайлы астына басқан соң бағаны да қалағанынша көтеретіні мәлім.

Мысалы, сарапшының дерегінше, iPhone түпнұсқа тауарларын елге ресми жеткізетін жалғыз компания ғана қалды. Одан басқа америкалық компанияның ресми, оригинал өнімдерді Қазақстанға таситын ешкім жоқ. Оған Қытайда лицензиясыз жасалған "айфондарды" тасымалдаушылар бәсеке құратын, енді олар да болмайды.  

Атын атағысы келмеген "сұр" телефондарды сатушы саудагер мұндай құрылғылар Дубайдан әкелінетінін жеткізді. Бұған қоса, Ресей компаниялары шетелдік брендтерді өздеріне шашылған (жинақ) күйінде әкеліп, РФ аумағында өздері құрастырады.

Алыпсатар кісі мобильді құрылғыларды жинау кезінде ресейліктердің қолданыста болған "б/у" немесе брак құрылғылардың бөлшектерін де пайдаланатынын ескертті. Сондықтан нағыз түпнұсқасынан айырмашылығы, "Ресейде жасалған" айфондар және басқасы ұзақ қызмет етпейді, тез істен шығып қалады.

Ал, маркетплейстер сетификатталғандарына осындай жалған, қайта жиналған өнімдерді де қосып сатып жүр. Оны бағасының шектен тыс арзандығынан айыруға болады.

Цифрлық даму министрлігі заңсыз смартфондарды бұғаттау және IMEI верификациясы қалай өтетініне қатысты ресми түсініктеме берді.

"2025 жылғы 24 наурыздан бастап абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа ережелер тек биылғы 24 наурыздан кейін елге әкелінген жаңа құрылғыларға қатысты. Қазақстан аумағында бұрыннан бар және Идентификациялық кодтар дерекқорына (ИКД) енгізілген телефондар автоматты түрде "ақ тізімге" енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады. Бұл жаңашылдықтар тіркеу жүйесін одан әрі жақсартып, алаяқтықпен күресуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және мобильді құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған", – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомство дерегінше, бүгінде Қазақстанда қайталанған IMEI-коды бар шамамен 3,7 миллион құрылғы тіркелген.

Жаңа ережелерге сәйкес тіркеу кезінде арнайы жүйе келесі параметрлерді тексереді:

  • Құрылғының IMEI-кодының түпнұсқалығы,
  • IMEI-кодтың GSMA халықаралық базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде болмауы,
  • Құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені.

Айта кету керек, кейбір қазақстандық iPhone-ды, басқа брендтерін шетелден, Қытайдан сатып алып, ұшақпен алып келеді. Алайда елге кіргенде, тексеруден өту кезінде тауып алса, бүгінде сол жерде тәркілейтін көрінеді. Мұны да ескерген жөн.

Таяуда мәселе көтерген Мәжіліс депутаттары елге сұр схемалармен әкелінетін смартфондар кесірінен мемлекеттің 100 миллиард теңге ҚҚС жоғалтатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, олар әрбір адамның қолындағы құрылғы санына шектеу-лимит енгізуге бастамашы болды.

"Лимит енгізу керек. Мысалы, жеке өзі пайдалануы үшін жылына 2 құрылғыдан артық әкеле алмайтын болуы керек. Бұдан көп әкелсе, тауарын декларациясын. Құрылғыларды тұрақты, автоматты тексеру қамтамасыз етілген соң заңсыз телефондар байланыс операторларының желісінде бұғатталады", – деді депутат Екатерина Смышляева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу