Қазақстанда бюрократияға қарсы майдан ашылды

2095

Президент биылғы 13 сәуірде "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы" жарлыққа қол қойды. Арада 3,5 ай өтті. Қоғам содан бері өзгерісті байқамады. Ал мемлекеттік басқару жүйесіне жүргізілген талдау бюрократияның терең тамыр жайғанын әшкерелеп отыр. 

Қазақстанда бюрократияға қарсы майдан ашылды

Президент 6 маусымда референдум қорытындысында Қазақстан халқына жасаған үндеуінде де бюрократиямен күресуге уәде берді. Қасым-Жомарт Тоқаев "мемлекеттік аппаратты жаңғыртатынын, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасатынын" мәлімдеді. Ол қоғамның барлық өкілінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құрылатынын жеткізді. Бұл ретте басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Мемаппарат бизнеспен, азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа қызмет сапасы жақсара түседі. Шенеуніктер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек.

Дегенмен Үкіметтің бұл бағытта батыл қадам жасап, пәрменді шара қабылдағанын қоғам аңғармады. Бұған таяуда елде қант, ізінше дизель тапшылығының туындауы және биліктің сөзбұйдаға салып, мәселелерді шешуге жедел кіріспеуі дәлел.

Бюджеттік заңнаманы жетілдіруге бағытталған реформаны жүзеге асырып жатқан Ұлттық экономика министрлігі талдау барысында билік жүйесінің бюрократиядан ит тұмсығы батпас ну орман жасағанына көз жеткізіпті. Ведомство олардың біразынан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы арқылы арылуға күш салмақ.

Мысалы, қолданыстағы Бюджет кодексінің 79-бабына сәйкес, жергілікті әкімдіктердің жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру қаулысына қоса берілуге тиіс құжаттар арасында "1-2) жоғары тұрған бюджеттен аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне берілетін бюджеттік субвенцияларды өңірлердің шығыстары бағыттарының бөлінісінде бөлу" бар. Бас экономист Әлібек Қуантыровтың командасы бұл талапты жоюды ұсынып отыр.

Министрліктің түсіндіруінше, бюджет заңнамасына сәйкес бүгінде әкімдіктерге бір жыл ішінде – әр тоқсанда 1 рет жергілікті бюджетті өз бетінше нақтылауына жол беріледі. Себебі табиғи, техногенді-антропогенді апаттар салдарынан жергілікті жерде жаңа міндеттер туындап, бюджетті, орталықтан аударылған дотация-субвенцияларды проблеманың шешіміне шұғыл бағыттау қажет болып жатады.

Бұған қоса, мәслихат депутаттарының бастамасымен қаржы жылы ішінде жергілікті бюджетті тоқсан сайын бір рет нақтылауға рұқсат етіледі. Осындай мүмкіндіктің берілгені оңды. Алайда бюрократия кесірінен әкімдіктердің көбі ол мүмкіндікті пайдалана алмайды. Өйткені әрбір нақтылау үшін Үкіметтің қаулысына қол жеткізу керек. Содан облыс әкімдері не орынбасарлары еңселі кеңседе отырған жауапты тұлғалардың алдынан өтіп, нақтылаудың қажеттілігін түсіндіріп, ақ батасын алу үшін үнемі астанаға шабылып жүреді. 

"Бүгінде әрбір өңір қаржы жылы ішінде жергілікті бюджетті 4-5 рет нақтылайды. Яғни барлық өңір бойынша жергілікті бюджетті 100-ден астам нақтылау шығады. Ал жергілікті бюджетті әрбір нақтылау тиісті орталық меморганмен келісуді талап етеді. Сондай-ақ олардың әрқайсысы бойынша Республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы ел Үкіметінің қаулысына қосымшаға өзгерістер енгізу міндетті. Бұл үшін жауапты орталық меморган жергілікті бюджетті нақтылаған сайын қолданыстағы қаулыға өзгерістер енгізу туралы Үкімет қаулысының тиісті жобасын дайындауға тиісті", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Сергелдең мұнымен бітпейді. Әрбір Үкімет қаулысының жобасын Республикалық бюджеттік комиссияның (РБК) қарауына енгізу қажет. Егер РБК құптаса ғана әрбір қаулы жобасы Үкімет отырысына шығарылады. Болған шығар? Жоқ, министрліктің түсіндіруінше, осы рәсімдер жүргізілгеннен кейін әр өңірдің мәслихатының сессиясын шақырып, мәслихат депутаттары жергілікті бюджет туралы шешімді қабылдауы шарт.

Салдарынан, әкімдіктердегі, министрліктердегі, Премьер-Министр Кеңсесіндегі қызметкерлер мен мамандардың бюрократия мен қағазбастылықтан көздері қарауытады, құлақтары тұнады, аяқ-қолдары талады. Бюрократиялық дүрбелеңнен әбден жалыққан әкімқаралар тығыз шаралардың өзін кейінге ысырып, оларға қажетті қаржыны республикалық бюджет нақтыланатын шаққа қалдыратыны сирек емес.

Экономика министрлігі бұл Мемлекет басшысының дебюрократияландыру тапсырмасына және Бюджет кодексінің жергілікті бюджеттердің дербестігін арттыру қағидатына қайшы келетінін атап өтті.

Бұл жергілікті маңыздағы мәселелерді жедел шешу мүмкіндігін де шектейді. Осының кесірінен жылу беру маусымына дайын болмау, мектеп, аурухана, емхана және басқа әлеуметтік сала объектілерінің құрылысы мен жөндеу жұмыстары тым ұзап кетуі, жолдар мен көшелердің жөнделмей қалуы, өзге де кезек күттірмейтін шаралардың жүзеге аспауы деректері бар көрінеді.  

Мұның соңы халық наразылығының күшеюіне соқтырады. "Аурухана салуға таппаған ақшаны билік мешіт салуға тапты" деген сияқты қарсы, қысыр сөздер әлеуметтік желіде көп айтылып жүр. Шынында екеуінің бір-біріне қатысы жоқ. Мешіт қайырымдылық, демеушілік қаржыға тұрғызылады. Ал аурухананың жобасына қажетті қаржы бюджетте қарастырылған. Тек бюрократия кесірінен оны рәсімдейтін құжаттар уақытылы дайын болмай, соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. 

"Сонымен қатар қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар бюджеттік субвенцияларды бөлудің қолданыстағы тетігі бойынша жүргізілетін рәсімдердің тым күрделілігіне жиі шағымданады. Субвенция қаржыларды бөлу кезінде оның есебінен шығыстардың 13 функционалдық тобы қаржыландырылады. Бұл облыстық және аудандық деңгейдегі 90-ға жуық төлем тапсырмасы деген сөз. Олардың арасында республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен, жергілікті бюджет қаражаты есебінен және субвенция есебінен қаржыланатыны бар. Сондықтан Бюджет кодексінің 79-бабындағы норманы алып тастау жергілікті әкімдіктердің бюджет процесін жеңілдетеді", – делінген Экономика министрлігінің түсініктемесінде.

Жалпы ел Президентінің бюрократияға қарсы жаңа "майдан" ашқаны байқалады. Қ.Тоқаев оны саяси күн тәртібіне шығарып, меморгандар басшыларымен кездесулерде көтеріп жүр. Мысалы, 2022 жылғы 27 маусымда "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізгенде, Мемлекет басшысы осы мәселені көтеріп, IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажеттігін, ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керектігін баса айтты.

23 маусымда Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев "полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиістігін, бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жеткенін, әйтпесе бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретінін" ескертті. 3 маусымда Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдағанда оған ішкі істер органдарының қызметін бюрократиядан арылтуды қадап тапсырды. 5 мамырда Ә.Байменовті қабылдағанда мемаппаратты бюрократиядан арылтудың тиімді жолдарын талқылады. Мұндай мысалдар көп.

Бұл салада Мемлекет басшысының өзі үлгі көрсетпек. Нақтылай кетсек, бүгінде "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" қолданыстағы конституциялық заңы өзгертіліп жатыр. Оған енгізілетін өзгерістердің басым көпшілігі конституциялық реформа мен саяси жаңғыру аясында бұған дейін Қ.Тоқаев өзіне қабылдаған шектеулер көрініс тауып отыр.  

Бұдан бөлек, түзетулер өзге де жаңашылдықтармен толығуда. Мәселен, Әділет министрлігі әзірлеген, алда Мәжіліске енгізілетін жаңа заң жобасында аталған конституциялық заңның 17-1-бабын өзгерту ұсынылды. Ол бапқа сәйкес, Президент өзiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн меморгандар туралы ережелердi, олардың құрылымын және жалпы штат санын бекiтедi. Салдарынан, министрліктер мен агенттіктер қандай да бір департаментінің не комитетінің тіпті атауын өзгерткісі келсе, Президент жарлығының жобасын әзірлеп, Үкіметке, Президент Әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр.

Сондықтан Әділет министрлігі ведомстволардың құрылымын өзгертуді соның басшысының құзырына қалдырып, Президент өкілеттігіне тек "осы мемлекеттiк органдар туралы ережелердi және жалпы штат санын бекiтуді" ғана жатқызуды ұсынады.

"Ел Президентінің биылғы 13 сәуірдегі №872 жарлығын орындау мақсатында жұмыс процестерін бюрократиясыздандыру, шешім қабылдауды келісуді оңтайландыру жұмыстары басталды. Осыған байланысты қойылған міндеттерді жедел шешу үшін Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін меморгандардың басшыларына Мемлекет басшысы бекіткен штат саны шегінде өз құрылымын дербес айқындау құқығын беруді ұсынамыз. Мұндай механизм бүгінде ішкі істер органдарында қолданылады", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Заң жобаларын Парламентте талқылау барысында бюрократиямен күрес саласы жаңа тетіктермен толығуы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу