Қазақстанда да бөгеттер мен су қоймаларына қауіп төнді

2809

Сарапшылардың байламынша, бұл істегі биліктің бейғамдығы мен шабандығы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр.

Қазақстанда да бөгеттер мен су қоймаларына қауіп төнді Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Халықаралық сарапшылар, мамандар Украинадағы Каховский ГЭС-інің су қоймасын реттеп келген алып бөгеттегі жарылыстың кейінгі салдарларын одан әрі талқылап жатыр.

Жалпы, Қазақстан да кезінде ұқсас апатты бастан өткерді. 2010 жылғы 11 наурызда, түн ауған шақта Қызылағаш су қоймасының дамбасы жарылып, ағыспен төмен қарай лық төгілген қызыл су ұйқыда жатқан Қызылағаш ауылы тұрғындарын суға батырды. Тасқын Егінсу, Ақтоған, Көлтабан ауылдарын, Алажиде станциясын және басқасын басты. Қазақстанның жаңа тарихындағы ең күйретуші тасқынға айналған сол апат салдарынан 45 адам, соның ішінде 15 бала қаза тапты. 300 адам жараланды. 450-ге жуық отбасы баспанасыз қалды. 2010 жылғы 16 наурыз Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Бірақ одан билік сабақ алмапты. Салаға жауапты ведомство, сарапшылар, депутаттар Қазақстанда кезекті рет бөгет жарылып, елді мекендер зардап шегуі мүмкін деп дабыл қағып отыр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті салада өте көп проблема қордаланғанын жасырмады. Мысалы, елде онсыз да аз қалған су ресурстарын әрі қарай ұтымсыз пайдаланудың негізгі факторларының бірі – су жинау құрылыстарының есепке алу жүйелерімен жете жарақтандырылмауы болып отыр.

Бұған қоса, трансшекаралық және жергілікті өзендердің ағындары, ресурстары азайып барады. Салдарынан, кейбір су қоймаларының толмай қалуы, тіпті құрғау қаупі бар. Яғни, Қазақстанда бір жағынан, су басу, екінші жағынан, су тапшылығы қатері қатар туындады.

"Су тасқыны қаупі жаңа климаттық жағдайларда қауіпті гидрологиялық құбылыстардың жиілеуіне байланысты болашақта күшейетін болады. Бұл Үкіметтен инженерлік қорғау құрылыстарын салу, халықты және экономика объектілерін қорғау проблемаларын шешу үшін түбегейлі жаңа тәсілдерді пайдаланып, пәрменді іс-шараларды іске асыруды талап етеді. Алайда Төтенше жағдайлар қызметтерінің, "Қазсушар" РМК және "Қазгидромет" РМК-ның болжамды-талдамалық жұмысы нашар ұйымдастырылған. Негізінен әрекет ету шаралары апат болғаннан кейін қабылданады", – деп саладағы осал тұстарды санамалады Су ресурстары комитетінің мамандары.

Олардың тұжырымдауынша, Қазақстанда көктемде, мұз ерігенде бөгеттерде және басқа әлсіз учаскелерде кептелістердің пайда болу мүмкіндігіне, Жер қызуының артуы жағдайында ауа райы жағдайларының күрт өзгеруіне, судың ағымдағы температурасына, мұз бен жауын-шашынның еру қарқындылығының болжамына, мұз қату құрылымына тұрақты мониторинг жүргізуге тиісті көңіл бөлінбейді.

Сала қалпымен проблемалар батпағына батып жатыр. Басты түйткілі сол, билік саланы жете қаржыландырмайды. Салдарынан посттар мен бақылау бағдарламаларының саны күрт азайды. Сала мамандары өз болжамдарында "ескірген әдістер мен технологияларды қолдануға" мәжбүр. Соның кесірінен, бұл гидрологиялық болжамдар сапасының нашарлауының тұрақты тенденциясын тудырды.

Бүгінде жаңа Қазақстан гидрометеорологиялық деректермен қамту деңгейі жөнінен дамыған елдерден, тіпті кеңес заманынан көп артта қалды. Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарында Қазақстанда 1 983 гидрологиялық бекет жұмыс істеген. Қазіргі кезде елімізде 377 гидрологиялық бекет қана қалды. Яғни, 5,2 еседен артыққа кеміді.

Мамандардың айтуынша, гидрологиялық бекеттердің саны кем дегенде 511-ден асуға тиіс. Тек сонда Қазақстан аумағының гидрологиялық зерделенуін тез және айтарлықтай арттыруға мүмкіндік туады. Бірақ ел Үкіметі бұл істі ғасыр ортасына ысырды. 2029 жылы бекеттер санын 419-ға, 2050 жылға қарай – 511-ге жеткізу ұсынылды.

Су ведомствосының дерегінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 473 бөгет (дамба, плотина), жобалық көлемі 87,8 текше шақырым су сидыра алатын 331 су қоймасы, 125 су торабы, 3 392 канал және 1667 басқа да құрылысжайлар бар.

Бірақ бөгеттер орнатылған су қоймаларының көбісі, нақтыласақ 46% шағын: олардың әрқайсысы 1 миллионнан 10 млн текшеметрге дейін су сақтай алады.

Тағы 42%-ы 10 миллионнан 100 млн текшеметрге дейін су сақтай алады. Сонда тек 12%-ы ғана алып саналады: 100 миллион текшеметрден  көп су жинауға есептелген. Масқарасы сол, осылардың көбіне күйреу қаупі туындады.

"Олардың көпшілігі 30-50 жылдан астам уақыттан бері күрделі жөндеусіз, тіпті еш жөндеусіз жұмыс істейді. Тиісінше, бәрі де жоғары қауіпті нысандарға айналды. Бұл ретте су шаруашылығы объектілерінің нақты тозуы 60%-дан асты. Әсіресе шалғай жерлерде орналасқандарының, коммуналдық және жеке меншіктегі нысандарының жағдайы өте қиын", – деп түсіндірді Су ресурстары комитетінің мамандары.

Өз кезегінде, бөгеттер мен су қоймаларына жауапты "Қазсушар" РМК тек стратегиялық су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды ғана жүзеге асырады. Себебі, қаржысы аз. Ал қолданыстағы арзандау тарифтер су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік бермейді. Табысы аз, түйткілі көп болғандықтан бизнес пен инвесторлар инвестиция салғысы келмейді. Салдарынан, бұл салада бірде бір МЖӘ жобасы жүзеге аспаған.

Салада аса күрделі ахуал қалыптасқанын сенатор, экономист Ольга Булавкина растады. Ол өз өңірі – Шығыс Қазақстанды мысалға келтірді.

"Еліміздің шығысындағы Үйдене су қоймасы 75 миллион текшеметрге дейін су сидыра алады. Бұл су қоймасы 10 жылдай уақыттан бері апатты жағдайда тұр. Ондағы 3 шлюздің екеуі істен шыққан, тек біреуі ғана жарамды. Жыл сайын су қоймасының жағдайы нашарлап барады. 2017 жылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бөгеттің құлауын болдырмау үшін осы объектіні реконструкциялау басталған еді. Алайда қаржыландыру тоқтаған соң жоба небары 35 пайызға орындалып, доғарылды. 2019 жылы "Қазсушар" жобаның құнын 1 миллиард 290 миллион теңгеге өзгертті. Ал 2022 жылы сол жобаның мерзімі аяқталды", – деді О.Булавкина.

Негізі, бұл жоба одан да көп қаржыны қажет етеді. Өйткені бастапқы жобада тіпті басты су өткізгіштегі негізгі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қарастырылмапты.

"Жобалаушылардың салғырттығы, мемлекеттің апатты нысанды уақытылы әрі толыққанды қаржыландырмауы салдарынан Зайсан ауданының елді мекендерінде тұрып жатқан қаншама халыққа кең ауқымды апат қатері төнді. 2018 жылы бұл су қоймасы мен бөгетінде ақау табылып, төтенше жағдай да жарияланды. Артынша ұмыт қалды. Шығыс Қазақстандағы тағы 2 су қоймасында апатты жағдай қалыптасуда. Атап айтсам, Тарбағатай ауданындағы Қанды су және Күршім ауданындағы Орта теректі су қоймалары  2019-2021 жылдары жөнделуге тиіс еді. Жөнделмеді. Енді олардағы дамба жарылса, 15,5 мың адам су астында қалуы мүмкін", – деді Сенат депутаты.

Жалпы, елдегі бөгеттер мен су қоймаларының әбден тозуы салдарынан, оларда апат болмаса да, елге кесірі тиюде. Мамандардың түсіндіруінше, апатты жағдайы салдарынан елдегі су қоймалары өз функцияларын толық орындамайды. Мысалы, көктемді қар еру кезінде көп суды жинай алмайды. Содан жазғы аптап пен қуаңшылықта халық пен бизнеске суды қажетті көлемде бере алмайды. Ауыл мен қала халқы судан тарығады. Егісті суаруға су жетпейді. Салдарынан егін шығымдылығы аз болады не қурап қалады.

Мысалға, еліміздегі барлық су ресурстарының жартысынан астамы шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде шоғырланған. Соған қарамастан, 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысында 84,8 мың гектар суармалы алқаптың небары 17 мың гектары немесе 20 пайызы ғана сумен қамтылған. Осыдан-ақ шөл және шөлейтті облыстарда қандай ахуал орнағанын бағамдай беруге болады.

Әрине, Ұлттық құрылтай өткізіп, "адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық" сияқты абстрактілі тақырыптарды талқылау қажет те шығар. Бірақ жарқын ұлт келешегі нақты, практикалық істерді талап етеді. Егер бір өңірлер өртеніп, басқалары суға қарық болып жатса, ұлтқа қырылу, босқынға айналу қаупі төнбек. Үкімет қаржыдан қаққан су қоймалары мен бөгендер қазақ жерінің деградациялануына, салмақты әлеуметтік, экономикалық және экологиялық проблемалардың туындауына түрткі болуда.

Ұлттық құрылтайда 3 шекаралық ауданның қалпына келтірілетіні жарияланды. Сенатор Ольга Булавкина болса, көнерген су қоймалары суға толмай, кәусардан тарыққан халық қияндағы, шекарадағы аудандардан үдере көшіп жатқанын айтады. Тек соңғы 5 жылда жалғыз Шығыс Қазақстан облысының шекаралас аудандарынан 17 мыңдай тұрғын қоныс аударуға мәжбүр болыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу