Ренжімеңіз, енді күдікті ақша аударымдары шұғыл бұғатталады

5687

Бұл жаңа тетік биылғы 22 шілдеден бастап іске қосылады.  

Ренжімеңіз, енді күдікті ақша аударымдары шұғыл бұғатталады Фото: inbusiness.kz

Жедел бұғаттауды Антифрод-орталық жүзеге асырады. Бұл ретте Антифрод ағылшынның anti-fraud, яғни "алаяқтықпен күрес" терминінен алынған.

IT маманы Ксения Лунинаның айтуынша, антифрод аталатын автоматтандырылған бағдарламалар банктік немесе онлайн-операцияларды белгіленген өлшемшарт-критерийлер бойынша бағалап, күдікті транзакцияларды сол мезетінде анықтайды.

Өз кезегінде Ұлттық банк қазақстандық Антифрод-орталықтың қызметін жүзеге асыру тәртібін анықтайтын қаулы жобасы әзірленгенін хабарлады. Құжат жүйеге қатысушылардың өзара іс-қимылын белгілейді. Алаяқтық нышандары бар төлем транзакцияларының бірыңғай деректер базасын қалыптастыру және жүргізу тәртібін бекітеді. 

Учет.kz хабарлауынша, аталған орталықты барлық функционалдарымен толыққанды өнеркәсіптік іске қосу 2024 жылғы 22 шілдеге жоспарланып отыр. Сонда цифрландыру мәселелері жөніндегі жаңа заң күшіне енбек. 

"Антифрод-орталық технологиялық платформа түрінде болып келеді. Оған еліміздің барлық қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қосылады. Платформа арқылы қаржы нарығының субъектілері алаяқтық операциялар, күдікті операциялар туралы шынайы уақыт режимінде, онлайн түрде өзара деректер алмаса алады. Антифрод-орталықтың міндеті – азаматтардың қаражаттарын, жинағын алаяқтық операциялардан қорғауды, алаяқтық транзакцияларға кешігіп, кейін емес, сол мезетінде, шұғыл ден қоюды қамтамасыз ету және оларды дер кезінде бұғаттау", – деп түсіндірді Учет.kz мамандары.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов азаматтардың алаяқтық операциялар белгілері бар шоттары қалай бұғатталатынын түсіндірді.

Оның айтуынша, қаржы нарығындағы алаяқтықпен күрес аясында Ұлттық банк Парламенттегі депутаттық корпустың қолдауымен, Антифрод-орталықты құру жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлеген.

Олар 2024 жылғы 21 мамырда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы аясында қабылданды. Жоғарыда айтылғандай, бұл заң биылғы 22 шілдеде күшіне енеді.

Заңды іске асыру мақсатында Ұлттық банк тиісті инфрақұрылымды – Антифрод-орталықты құрыпты. Ол қаржы ұйымдары мен меморгандар арасында жедел ақпарат алмасуға, алаяқтық операцияларға ден қоюға мүмкіндік береді.

Ұлттық банк басшысының мәліметінше, орталыққа келесі міндеттер жүктеліп отыр: 

  • алаяқтық транзакцияларды анықтау және оларға жедел ден қою, соның ішінде алаяқтар "қотарып" алғалы тұрған қаражатты бұғаттау, транзакцияға бастама жасаудан бастап, оның орындалуының барлық кезеңдерін уақытша тоқтата тұру; 
  • қаржы нарығына қатысушылар арасында нақты уақыт режимінде алаяқтық операциялар бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік жасау; 
  • алаяқтық операциялардың бірыңғай дерекқорын жүргізу; 
  • алаяқтық белгілері бар төлем операцияларын талдау;
  • алаяқтықпен күресте қаржы ұйымдарының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру.

"Осылайша, бүгінде азаматтардың алаяқтық операциялар белгілері бар шоттарын бұғаттау тетігі заң жүзінде қалыптасты деп айта аламыз. Қазіргі уақытта Ұлттық банктің еншілес ұйымы саналатын "ҚР Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" АҚ-ы базасында Антифрод-орталық платформасы әзірленді. Ол 13 банктің және "Қазпошта" АҚ-ының қатысуымен тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, ішкі істер органдары платформаға қосылу сатысында. Алаяқтыққа байланысты инциденттермен жұмыс істеуі және қаржы ұйымдарымен ақпарат алмасуы үшін ІІМ-ге арнап, жеке функционал әзірленді", – деді Тимур Мұратұлы.

Ол Антифрод-орталықтың дайын екенін және оны өнеркәсіптік енгізу – аталған заң қолданысқа енгізілетін күнге, яғни 2024 жылғы 22 шілдеге жоспарланып отырғанын растады. 

"Ұлттық банк алаяқтыққа тосқауыл қоюдың тиімді тетігін құру мәселесіне баса назар аударатынын атап өткім келеді. Осыған байланысты Антифрод-орталық базасында Құзыреттер орталығы да құрылады. Ол алаяқтық қызметті жүзеге асыру әдістерін талдаумен, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесі, есірткі айналымы және басқа құқыққа қайшы операциялармен күрес жөнінде пәрменді шаралар әзірлеумен айналысады", – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков халықты алаяқтардан қорғауда биліктің жеткілікті шара қолданбай отырғанын айтады. 

"Бүгінде құқық қорғау органдары, жауапты органдар, соның ішінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтарды бірлесе іздеп тауып, қылмыстық жауапкершілікке тарту орнына бұл проблемадан бойын аулақ салды. Қаржы институттары, банктер алаяқтар рәсімдеген проблемалы кредиттер мәселесін реттеуде көмектесу орнына зардап шеккендердің өздерін борышкер деп тануға бағытталған шараларды қабылдайды. Осы арқылы олар қылмысты ашуға жәрдемдеспейді, керісінше, оның ізін жасырады. Банктер, микроқаржы ұйымдары алаяқтық жолмен рәсімделген несиелердің қарызын өндіртіп алу әрекетін доғарулары керек", – дейді депутат.  

Бірақ бәрі керісінше болып тұр. Мысалы, Алматыда 73 жасар қария Л.Скипникова жан-жақтан анталаған алаяқтардың қысымымен пәтерін 18 миллион теңгеге сатып, соны және 6 млн теңге жинағын белгісіз біреулерге аударып жіберген.

Бұдан бөлек, "Home Credit Bank"-інде 1 миллион теңгеге кредит рәсімдеген. Жалпы жиынтығында алаяқтар одан 25 миллион теңгесін қағып алған. 

Қазіргі кезде Алматының Алмалы ауданының полициясы қылмыскерлерді іздеу бойынша тергеу шараларын тоқтатты. Өз кезегінде банк зейнеткерді борышкер деп таныды және негізгі қарызын өндіріп алуда. Қария бүгінде әлеуметтік үйде тұрып жатыр және зейнетақысының бір бөлігін борышын өтеуге береді. Өтеу кестесі бойынша ол кредитін 2028 жылға дейін немесе 79 жасқа толғанша төлейді. Егер сол күнге жете алса...

Өскеменде Биғайша есімді 72 жасар зейнеткерге алаяқтар қысым көрсетіп, қыспаққа алып, ақылы "Home Credit Bank"-інен 2 миллион теңгеден астам қаржыға несие рәсімдеуге мәжбүр еткен. Онда да барлық тергеу шаралары доғарылған.

Бұл ретте полиция қолында ақшаны шешіп алғандардың және есепшотына сол қаржы аударылғандардың фотолары бар. Бірақ ешкім де тұтқындалмаған.  

Алматы қаласында аурухана мейірбикесі, 54 жасар Күнсұлу алаяқтардың тұзағына аңдамай түсіп қалып, екі банкте 6 миллион теңгеден астам кредит рәсімдеген. Бүгінде оның ісі бойынша да ішкі істер органдары тергеу іс-қимылдарын тоқтатып тастады. Қылмыскерлерді іздеп, құрықтау жүргізіліп жатпаған көрінеді. Банктер зардап шегушіні қарызын толық көлемде төлеттіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. 

ІІМ дерегінше, тек 2022 жылы алаяқтардың алдап-арбауымен банктерде несие рәсімдеп қойған қазақстандықтардан 5 814 шағым түскен. Олардың үстінен алаяқтар 6,6 миллиард теңге несие алған. Микроқаржы ұйымдарында 342 млн теңгеге тағы 619 кредит рәсімделген. 

2023 жылы тіркелген шағымдар саны – 6 246-ға, банктік несие сомасы – 7,5 миллиард теңгеге жетті. МҚҰ-ларда 255 миллион теңгеге 451 алаяқтық несие рәсімделіпті. 

Мәжілісмен Е.Стамбеков бұдан азаматтарға алапат шығын келгенін және Мәдина Әбілқасымова басқаратын қаржылық реттеушінің, құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келгенін айтады. Сонда олар халықтың қамын, өз беделін ойламайтын болғаны ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу