Қазақстанда Илон Масктың интернетін орнату неге заңсыз саналады

1759

Шенеуніктер тасбақа тірлік танытып жүргенде, еліміздің солтүстігі мен шығысында "старлинкизация" қарқынды жүруде.

Қазақстанда Илон Масктың интернетін орнату неге заңсыз саналады Фото: inbusiness.kz

Қазақстандықтар Starlink терминалдарын өз бетінше самсатып орнатып, аспаннан "құйылған" еркін интернетті емен-жарқын пайдалануда.

Алайда Цифрлық даму министрлігі оның бәрі заңсыз екенін ескертіп, айыппұлмен қорқытып қойды.

Бұл әрине, өкінішті. Өйткені посткеңестік ел Грузияда таяуда бұл ғарыштық байланыс бүкіл халыққа қолжетімді болды. Ресми бағалар да жарияланды. Грузиялық пайдаланушылар үшін Starlink терминалдары – 1 780 лари (657 доллар), Батыстан жеткізу – 235 лари (87 доллар) тұрады. Оны орнатып, ұшқыр әрі шексіз интернеттің игілігін көретіндер ай сайын интернет-сервис үшін – 160 лари (59 доллар) төлеуі керек.

Ал бізде мұның бәрін заңсыз жасауға тура келуде. Себебі, Парламент депутаттары бұл істі әлі күнге заңдастырмай отыр.

"Астананың сол жағалауына, Sezim Qala тұрғын алабына интернет тартылуын күтіп отырғаннан Илон Масктың терминалын орнатып алған дұрыс болатын шығар. Астанада оған қосумен, терминалдарын сатумен кім айналысады екен?", – деп таяуда мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов әлеуметтік желіге сауал тастады.

Қазақстандық хабарландырулар сайттарында, маркетплейстерде Starlink стандартты жиынтығы 830 мың теңгеден басталып, 1,1 миллион теңгеге дейін барады. Ай сайын шамамен 100 мың теңге төлеп тұру қажет. Жергілікті желіге арналған адаптер керек болса, ол сексен мың теңгедей тұрады.

Бірақ мұның бәрі заңсыз. Парламент тиісті заң қабылдамады. Сол себепті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің телекоммуникациялар комитетінің Байланысты бақылау департаменті Starlink абоненттік терминалдарын Қазақстан аумағында пайдалану құқық бұзушылық ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.

Департамент басшысы Диас Төлегенов елордадағы баспасөз конференциясында биліктің мұны тексеріп, мониторинг жүргізіп отырғанын жеткізді. Бірінші жолы терминалды шатырдан алып тастап, пайдалануды доғаруға тиістігі туралы ескерту жасайды. Пайдалануын қоймаса, келесі келгенде 10 АЕК (34 500 теңге) айыппұл салып кетеді.

"Мұндай жағдайлар шынында да орын алуда. Құзырлы органдар оларды әшкерелеумен айналысуда. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі, қазіргі кезде оны пайдалану қолданыстағы заңнамаға қайшы және ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Пилоттық жоба аясындағы техникалық жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Заңдарға өзгерістер енгізілген жоқ. Сондықтан бұл заңсыз болып есептеледі", – деді Диас Төлегенов.

Бірақ Starlink жүйесіне тек заңмен рұқсат етілмегендіктен ғана тыйым салынып отырғанына қазақстандықтар сенбейді. Пікір жазғандар 90-шы жылдары елімізде ұялы байланыс туралы бірде бір заң болмағанын, соған қарамастан елде ұялы телефондар қолданыла бастағанын еске салды. Алғашқы "қалтафон" иелерінің бірде бірі айыппұлмен жазаланған жоқ.

Соған қарамастан, Бағдат Мусиннің командасы Starlink жүйесін пайдаланушылар да, оны елімізде сатушылар да санкцияға ілігіп, жазаланатынын қатаң ескертті. Бірақ терминалдарды қолданушыларды іздеумен Цифрлық даму министрлігінің айналыспайтынын, бұл құзырлы органдардың жұмысы екенін нақтылады. Дегенмен саудасын бақылап отырған көрінеді.

Содан болса керек, Starlink саудасымен айналысатын кейбір жеке кәсіпкерлер хабарландыруларын алып тастап жатыр.

Өз кезегінде министр Бағдат Мусин тиісті заң қабылданса, қазақстандықтар келесі жылы Starlink интернетін ресми пайдалана алуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда нақты уақытын білмейді. Оның айтуынша, "барлығы Мәжіліске байланысты болады". Мусин Қазақстанды жаңа телефон кодына көшіруге екі жылдан астам уақыттан бері уәде етіп келіп еді. Ақыр соңында ол сөзінен бас тарта салды. Бұл жолы да солай болмасына кепіл жоқ.    

Бағдат Мусиннен журналистер неге Starlink жүйесінің жоғары жылдамдықты, кең жолақты интернетіне Қазақстан билігінің тыйым салып отырғанын сұрады. Ол негізгі себеп ретінде тиісті заңның жoқтығын алға тартып, табандады.

"Шектеулер шынында бар. Starlink – байланыстың жаңа технологиясы. Үш жыл бұрын SpaceX өз байланысына қосуы үшін жабдықтарын біздің еліміздің аумағында орнатуы, жергілікті байланыс желілерімен интеграциялауы керек болатын. Бірақ компания спутниктік интернетті ғарыш арқылы қосудың үздік жолын тапты. Енді ол үшін қызмет көрсететін елде тиісті жабдығын орнатудың қажеті болмай қалды. Бұл туралы тек биыл ғана мәлімделді. Ал біздің заңымызға тиісті өзгеріс енгізілмеген. Ол өзгерістерді енгізу үшін біз пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Соның аясында бұл технологияның жай-жапсарын жіті қараймыз. Соның негізінде заң жобасын пысықтаймыз", – деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

SpaceX Қазақстанға 2000 ауылдық мектепті өзінің жоғары жылдамдықты интернетіне қосуды ұсынған болатын. Оның елімізде жабдығы болмағандықтан, яғни oны қадағалай алмайтындықтан, билік тартыншақтап отыр. Әзірге тек қиянда орналасқан он ауылды ғана бөліп, сынақтан өткізуде. Егер тәуелсіз жүйе ұнамаса, жоба осымен тыйылуы да мүмкін.

Қазақстанның интернет қауымдастығының басшысы Шавқат Сабировтың пікірінше, Қазақстан нарығына Starlink интернетінің еркін кіре алмауына бұл саланың монополияландырылуы кедергі. Ол интернет пен байланыс қызметтерін монополияландыру проблемасы шешілсе, Starlink және басқасына қатысты мәселе қалмайтынына сенімді.

Әзірге заң бұзып, қудаланғысы келмейтін қазақстандықтардың нарықты ен жайлаған "таңдаулы" операторлардың сапасыз байланысына қанағаттанудан басқа амалы жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу