Қазақстанда қазақ тілі мұғаліміне есепті орысша тапсыруға міндеттеуде

2972

Тәуелсіздік жылдарында тіл түйткілі неге күрделене түсті? 

Қазақстанда қазақ тілі мұғаліміне есепті орысша тапсыруға міндеттеуде

Сенат депутатының тілдің күрмеулі мәселелеріне қатысты ащы сөзін Inbusiness.kz жазған болатын. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне сілтеме жасаған сенатор Алтынбек Нухұлының мәліметінше, республикадағы халықтың 53 пайызы ғана қазақша еркін сөйлеп, жаза алады екен.

"Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде дегенімізбен бұл салада проблемалық мәселелер шаш етектен. Қалғаны 30 жылда 30 ауыз сөз үйренбесе, тіпті ниеттенбесе оған кім кінәлі?", – дейді сенатор.

Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту, оны балабақшадан бастап үйрету үшін Президенттің тапсырмасы бойынша Тіл комитеті Мәдениет және спорт министрлігінен алынып, Білім және ғылым министрлігіне берілді. Дегенмен, білім жүйесінің өзі қазір тілге қатысты проблемаға толы.

Мысалы, қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі Бағила Е. Теміртау қаласындағы орыс мектебінде өз пәні бойынша бастауыш сыныптарға сабақ береді. Ұстаздыққа енді ғана кіріскен, санаты жоқ жас маман. Соған қарамастан, тіл мәселесін ашық көтеріп, Білім және ғылым министрлігіне хат жолдапты. Ол өткен оқу жылы педагогтердің бәріне қиын тигенін айтады. Мектеп қабырғасында бірнеше ауысыммен жұмыс істеуге тура келген. Бірақ қабырғасына басқа нәрсе батқан көрінеді. 

"Біздің мектеп басшылары жұмыс соңында Zoom арқылы жиналыс жасаған сайын 4–6 мұғалімнен "Тақырыпты зерттеу", яғни "Исследование темы" дегенді қорғауымызды талап етеді. Оның барысында слайд, презентация көрсетуіміз керек. Мұнда тұрған ештеңе жоқ, онсыз да жасап жүрген жұмыс. Алайда соны орыс тілінде жасауды талап етеді. Мен өзім орыс тілінде жүйрік сөйлей алмаймын, орысша әдеби тілде сөйлеуге қиналамын. Қазақ тілі мұғалімімен ғой. Қазақстанда отырмын. Онда неге орысша қорғауым керек? Орысша сөйлеуге мәжбүрлеуі заңды ма?", – дейді ол.

Оған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз блогы арқылы жауап беріпті. Ол әлгіндей зерттеулер талап етуі заңды дейді. Бірақ орысша талап етуі заңсыз көрінеді.

"Білім және ғылым министрінің "Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығына сәйкес, мұғалім әдістемелік бірлестіктердің қызметіне және әдістемелік жұмыстың басқа да нысандарына қатысуға тиіс. Кәсіби біліктілігін жүйелі түрде арттыруды жүзеге асыру үшін білім алушылардың жеке қабілеттерін, қызығушылықтары мен бейімділіктерін зерделеу қажет. Сондай-ақ, "Білім туралы" заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес, білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Конституциясына және тіл туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Осыған байланысты, Қазақстан азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы бар", – деді министр.

Орысша білмегені үшін оқудан шығуы мүмкін

Алматы облысының ең шалғай елді мекені – Нарынқол ауданындағы ауыл тұрғыны, жалғызілікті ана Күлпәштің қызы Әсел өткен жылы Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне түскен екен. Енді орысша білмегені үшін қиналуда.

"Қызым ауылдық квота арқылы түсті. Шалғай аудандарда білім алудың қандай қиын екені баршаға белгілі. Ауылдық жерде ағылшын тілін айтпағанда, тіпті орыс тілінің мұғалімдері жоқ деуге болады. Интернет желісі істемейді. Менің айтпағым, қазақы ауылдық жерде бітірген балама ағылшын тіліндегі сабақтар былай тұрсын, орыс тілінің өзі қиындықтар туғызуда. Соған қарамастан енді орыс тілі мұғалімі қызымды орыс тілі емтихандарын жазғы уақытта ақылы түрде қайта тапсыруға мәжбүрлеп отыр. Университет әкімшілігі қиын болса, қаланың ортасына келіп тұрыңыздар деген уәж айтады. Жалақым 80 мың теңге ғана, қаладан пәтер жалдауға жағдайым жоқ. Ауылдан келген балаларға жеңілдіктер берсе дейміз", – дейді ана.

Ол да БҒМ-ге шағым жолдапты. Министрліктегілер "жақпаса, ЖОО-ны ауыстырыңыз" деген сипатта жауап қатқан.

"Білім және ғылым министрлігі өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды. 2018 жылы "Білім туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, осыған сәйкес ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігі кеңейтілді. Сіздің қызыңыз өз қалауы бойынша грантты сақтай отырып, басқа жоғары оқу орнына ауысуға құқылы", – делінген онда.

"Осы хаттың жауабына сәйкес, қызымды басқа университетке ауыстыруды сұраған едім. ХАТУ деканы университеттің гранты өзге университетке берілмейтіндігін қадап айтты", – дейді жалғызбасты ана. Өзге университетте де орыс тілін білмеуі мін болып, алдынан шығуы ғажап емес.

Ал Өскемен тұрғыны Ерлан Нұртас сауда орындары қазақ тілінде қызмет көрсете бермейтініне қапаланады.

"Қаламыздағы "Сулпак" дүкенінен смартфон алуға бардым. Ол жерде тек орысша сөйлейтін менеджерлер ғана жұмыс істейтін көрінеді. Мемлекет тілде қызмет мүлдем көрсетілмеді. Талап етіп көріп едім, қызметкері дөрекі сөйлеп, "бұл жекеменшік мекеме, орыс тілінде ғана қызмет көрсетеміз!" деп есікке нұсқады. Бірақ директоры қазақ екен, 2 сағат күткенннен кейін амалсыз соның өзі келіп, қызмет көрсетуге мәжбүр болды. Бұл сұмдық дүниені таспаға түсіріп алдым. Қынжылтатыны сол, Қазақстанда қазақ тілінде қызмет ала алмайсың. Тіл жағынан кемсіту бар, ол тұрмақ, тілімізге ашықтан ашық менсінбей қарайды", – деп мұңаяды Ерлан.

Аралас мектептер бірте-бірте қазақ мектебіне ауысуы мүмкін

Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар біраздан бері орыстілді мектептерде мемлекеттік тілді оқыту көлемін еселеп арттыру керектігін, онсыз түлектері тіл білмей шығатынын алға тартып жүр. Педагог Айгүл Сұлтанқұлова қазақ тілін мемлекеттік тұғырына көтермей, іс өнбейтінін айтады.

"Жасыратыны жоқ, орыс сыныптарына сұраныс күннен күнге артуда. Жас ұрпақ орысша сөйлейді, қазақ тіліне бірте-бірте қажеттілік жоғалып барады. Бұған шектеу қою керек! Ертең ұрпақ мәңгүрт болады. Мектепте қазақ тілінің статусын көтеру, оның салмағын арттыру қажет. Қазақ тілі пәнін барлық сыныпта күнделікті оқытуды енгізу шарт. Қазақ тілі мамандарымыз өте көп, оларға жұмыс пайда болады", – дейді ұстаз.

Министр А.Аймағамбетов білім саласында мемлекеттік тіл ілгерілеуде деген сенімде.

"Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқыту тіліне қарамастан барлық білім беру ұйымы "Қазақ тілі" пәнін оқытуды қамтамасыз етеді. Қазақ тілінен басқа тілде оқытатын сыныптарда, яғни орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілді мектептерде "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәні оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бастауыш білім беру деңгейінде 2–4 сағаттан (аптасына барлығы – 10–12 сағат), негізгі орта білім беру деңгейінде 3–5 сағаттан (аптасына барлығы 17–25 сағат), жалпы орта білім беру деңгейінде 4–5 сағаттан (аптасына барлығы 8–10 сағат) жүргізіледі", – деді БҒМ басшысы.

Оның пікірінше, елімізде қазақ тілінде білім алушылар саны және мемлекеттік тілде оқытатын мектептер желісі ұдайы өсуде.

"Соңғы 5 жылдың көрсеткіштеріне жүгінсек, мемлекеттік тілде білім алушылар санының көбеюіне байланысты аралас тілде білім беретін мектептер саны да артып келеді. Өз кезегінде, аралас мектептер бірте-бірте қазақ тіліне қарай дамуда. Жалпы, бүгінде республика бойынша ұлты қазақ оқушылардың 85%-дан астамы ана тілінде білім алуда: қазақ оқушылар саны – 2 миллион 568 мың, соның 2 миллион 173,1 мыңы – қазақ тілінде оқиды", – деді министр.

А.Аймағамбетов көңілге үміт құятын жаңалығымен бөлісті.

"Соңғы жылдары орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде білім беретін мектептерде кадр тапшылығы орын алуда. Осыған орай, БҒМ өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, олардағы білім алушыларды бірте-бірте қазақ тілді мектептерге көшіру үшін ата-аналар мен педагогтер арасында жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Біз білім беру мәселелері бойынша ұсыныстарды назарға аламыз", – деді министр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу