Қазақстанда келесі жылы киік атуға рұқсат етілмек

2846

Сайын далада сайран салған түз еркесі киіктер бұдан бұрын Экология министрі Серікқали Брекешевті орынтағынан аударып тастаған еді.

Қазақстанда келесі жылы киік атуға рұқсат етілмек   Фото: inbusiness.kz

2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Президент Қ.Тоқаев "қазақ үшін киелі саналатын жануардың 80 мың басын қыру" тақырыбын қоғам талқысына шығарғаны үшін оған сөгіс жариялады. Көп ұзамай, С.Брекешев отставкаға кетті.

Енді жаңа Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қауіпті аймаққа батыл аяқ басты: оның командасы "Қазақстанда киіктерді қалай өлтіруді жоспарлап жатқанын" қоғам талқысына шығарды. Ақпарат агенттіктері осындай тақырыппен шықты.

Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнен журналистер түз тағысын атуға рұқсат ету туралы сұрастырды. Себебі, бірқатар сарапшылар, Парламент депутаттары тарапынан осы мәселеге қатысты пікір, бастамалар айтылып жатқаны мәлім.

Еліміздің бас экологының ұжымы киіктерді өлтіруге келіседі, тек көзіне қан толған аңшылардан бұрынғыдай бұл киелі жануарларды ит-сілекпесін шығарып, машинамен қуалап жүріп өлтірмеуді өтінеді.

"Жабайы түрде қырып салу туралы емес, жануарларды орнықты пайдалану туралы айтып отырмыз. Кезінде киіктер бүкіл Қазақстан халқына пайда әкелген, оларды аулайтын тұтас аңшылық кәсіпшілік жолға қойылған. Бүгінде министрлік киіктер санын қалпына келтіру және сақтау мақсатына қол жеткізді деп санаймыз. Аңшыларға қуалап қыруға кеңес бермейміз, оның орнына тұзақ-торға түсіріп, аулауға ұсыныс береміз. Осылайша, табиғаттан ақбөкендердің белгілі бір көлемі алып қойылады. Табиғатқа нұқсан келтірілмейді, популяциясы тұрақты болып қалады, біз ешқандай зиян келтірмейміз", – деп сендірді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары.

Әрине, бүгін бар, ертең жоқ министр де, оның қоластындағылар да табиғат зардап шекпесіне кепілдік бере алмайды.

Комитет басшылығы өкілінің айтуынша, бұл тұяқтылардың "аңшылық түрі" шамамен 200 мыңдай. Яғни, бұрын талқыға салынған сексен мыңнан әлдеқайда көп.

"Киіктерді атуға қойылған мораторийді келесі жылы ұзартудың қажеті жоқ. Өйткені біз өз міндетімізді толық көлемде орындадық. Ақбөкендердің бүкіл әлемдік популяциясының 98 пайызы – Қазақстанда. Эксперттер келіп, осы жануарды сақтауда Қазақстанның биік дәрежеге жеткенін өз көзімен көрді. Киіктер бүгінде тек Қазақстанда, Моңғолияда және Ресейде қалды. Бұл жануарлар – мамонттардың замандасы", – деді Ким.

Айтпақшы, әлгі 2 елде киік атуға тыйым салынған.

Жануарлар дүниесін жан сала қорғауға тиіс ведомство жануардың 10%-ын қырып салуды "орынды" санайды. 200 мың деген сан да содан шықса керек.

"Кеңес заманындағы әдеби дереккөздер, ғылыми деректер бойынша Қазақстан үшін киіктердің оңтайлы саны 600–700 мың бас делінген. Бүгінде бізде оның саны 2 миллионнан асты. Оның 10 пайызын алып қойсақ, бұл популяцияға еш ықпал етпейді. 20 пайыз – қысқартады, 30 пайыз – популяцияның өсімін доғарады", – деді Экология министрлігі комитеті төрағасының орынбасары.

Бұған дейінгі бас экологтар киіктерді аулауға тыйымның мерзімін 2024 жылға дейін ұзартып кеткен болатын. Жаңа министрдің командасы ол тыйымды жойып, қазақстандық және шетелдік мейрамханалардың мәзірін, дүкендерді киік етіне толтыруға ниетті.

Андрей Ким әлдебір халықаралық сарапшылардың пікіріне сілтеме жасап, саны көбейген ақбөкендерді енді асқа да, басқа да мақсатқа да тұтынуға болатынын жеткізді. Олардың дертке дауа, емге шипа мүйіздерін қолына түсіруге көрші Қытай ынтығып отыр. 

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Самат Төлегенов Қазақстанда киіктердің етінен консерві дайындау жоспарланып қойылғанын хабарлады.  

"Ғылым бізге рекомендация берді, оған сәйкес киіктердің еті өнеркәсіптік өңдеу саласында пайдаланылуы қажет. Өнеркәсіптік өңдеу дегеніміз, консерві жасау деген сөз. Ол сатуға бағытталатын болады", – деді С.Төлегенов.

Неге киік ату бастамасы белсенді ілгерілетілуде?

Бірінші дәйектемесі – олардың саны тым көп өсіп, 2 миллионнан асты. Екіншіден, олар егістіктерді таптап, төрт түлік малға арналған шабындық пен жемазықты жеп қоюда. Сондықтан ауыл шаруашылығы өндірушілері оларды атуға рұқсат сұрауда.

"Көктемгі әуе санағына сәйкес еліміздегі киік саны 1,9 миллион басқа жетті, ал КСРО кезеңіндегі ең жоғарғы көрсеткіш 1,2 млн басты құраған. Қазіргі таңда киіктің ең көп Орал популяциясының саны – 1,13 миллион бас. КСРО кезеңіндегі бұл популяцияның ең жоғарғы саны 298 мыңнан аспаған. Жыл соңында киіктің төлімен қоса есептегендегі саны 2,6 миллион басты құрайды деп болжануда. Киік санының өсуі олардың жайылымдар мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарларымен бәсекелестігін күшейтті, ақбөкендердің егінді таптауына әкеп соқты. Соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік шиеленіс орын алды: жергілікті тұрғындар өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамыту үшін  киік санын азайтуды сұрауда", – деп түсініктеме берді министрлік.

"Бір ересек киік күніне 7 келіге дейін жем жеп, шамамен 5 литр су ішеді. Яғни, Орал популяциясының 1,13 миллион киігі күн сайын 8 мың тоннаға дейін жем және 6 мың тоннаға жуық су тұтынады. Әрине, бұл жағдай жайылымдар мен суаттарға айтарлықтай әсер етеді", – деді Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Ғылым комитетінің Зоология институтының Биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов.

АШМ ақпаратынша, биылғы жылы шабындық және жайылымдық алқаптарға залал келтірілді. Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында 122 мың гектарға жуық егіс бүлініпті. Болжамды залал 12 миллиард теңгеден асты.

"Көтеріліп отырған мәселенің күрделілігіне байланысты, әрі киік популяциясын басқару тәсілдерін әзірлеу үшін, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сүйену мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоныс аударатын түрлер жөніндегі Конвенцияның хатшылығымен өзара іс-қимыл жасады. Жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану жөніндегі халықаралық сарапшылармен консультациялар жүргізді. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылар тобы киіктің Орал және Бетпақдала популяцияларының мекендейтін жерлеріне барып, елді мекендерге жақын орналасқан киік табындарын өз көздерімен көріп қайтты. Сонымен қатар, киік санының өсуіне байланысты туындаған проблемалық мәселелер жергілікті тұрғындармен талқыланды", – деп түсіндірді экология министрлігі.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ғалымдары киік популяциясын басқару бойынша биологиялық негіздеме әзірледі.  Оған сәйкес, киік популяциясын басқару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, жақын арада осы мәселеге қатысты шешім қабылданатын болады.

Содан соң киіктерге қарсы атыс басталатын болса керек.

Киіктердің егістіктерді шабуылдауына адамзат айыпты

Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Зоология институтының Биоценология және аңтану зертханасының мамандары ақбөкендер мен адамдар қақтығысына адамзаттың өзін айыпты санайды.

Олардың айтуынша, жерді пайдаланушылар мен киіктер арасында тайталас, текетірес болатынын зоологтар бұрыннан ескерткен. Бұрын мұнай шиеленісті жағдай болмайтын. Себебі киіктердің негізгі бөлігін Бетпақдала популяциясы құрады, ал ол халық аз қоныстанған шөлді, қуаң далада өмір сүретін. Алайда олардың саны көбейген сайын жем жеткіліксіз болды.

"Киіктер егістіктер мен шабындықтарға шығып жайыла бастады. Оның үстіне соңғы онжылдықтарда әлемде жаһандық жылынумен байланысты өзгерістер болды. Қазақстанда көптеген жер жыртылып, егін егіле бастады. Су шаруашылығы дамыды. Салдарынан, бұрын тек киіктер тіршілік еткен орындарда фермерлік учаскелер пайда болды. Киіктің қорегі болған жайылымдарда мал жайылады. Қазақстанда киіктер су ішетін су қоймалары жеке қолдарға көшті, жаңа қожайындар оны қоршап, киіктердің суарылуына мүмкіндік қалдырмады. Ақөкендердің миграциялық дәліздерін автомобиль және темір жолдар кесіп, бөгеп тастады. Оларды тұрғызу кезінде мемлекет жабайы аңдарға арналған өтпелер жабдықтауды қарастырмаған. Сонымен бірге жылда атуды ұйымдастыру салдарынан қасқырлар саны жаппай кеміді. "Киік–Қасқыр" тандемі бұзылды", – дейді Константин Плахов.

Сонымен, билік 80 емес, енді 200 мың киікті қырып, сүйегін мүжіп, мүйізін шетелге сатуға алақанын ысқылап, ынтығып отыр.

Өз кезегінде ғалымдар киіктердің саны дәл қазіргідей көп бола бермейтінін ескертті. Зоология институтының Биоценология және аңтану зертханасы мамандарының айтуынша, таяу перспективада киіктер үшін оқиғаның өрбу барысы "өте нашар" болуы мүмкін. Ақбөкендердің қырылуына ықпал ететін негізгі фактор – "аязы қатты, қары аз қыс" болады. Қар жабынғысының қалыңдығы 15–20 сантиметрден аспаса, киік үшін өте қауіпті. Қазіргі кезде Қазақстан дәл осындай қыстарды бастан өткере бастады.

Мұндай жағдай "киіктердің жаппай қырылуына әкелуі мүмкін: бұрын бірнеше рет солай болған". Бұдан бөлек, қуаңшылықтар да жануарларға жем болатын өсімдіктерді қысқартуда. Өзен, көлдер құрғап, жайылымдар су ресурстарынан айрылуда. Бұл да осы киелі жануарлардың санын қысқартуы ықтимал. 

Бұл ретте ғалымдар "Қазақстанда күрделі табиғи жағдайларда киіктерге көмек көрсетудің бағдарламасы жоқтығын" еске салды. Мысалы, ақшұнақ аяз қысқан, жер бірнеше метрге дейін тоң болып қатқан қыста ақбөкендерді қолдан азықтандыру, суару жүйесі жолға қойылмаған. Соның бәрін реттестірмей, тетігін іске қоспай тұрып, биліктің киік аулауға көңілі ауғаны алаңдатады.

Келесі жылы қыруға рұқсат етілсе, елімізде ресми тіркелген 300 мыңдай қарулы аңшы 200 мың киікті атумен шектелсе жөн. Шектелмей, браконьерлік буырқана дамып, бассыз кетсе, не болмақ? Бұған жауап іздеп отырған шенеунік көрінбейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу