Отыз жыл бойы пайдаланғандықтан, қазба байлық қорларының азаятыны белгілі. Мәселен, Қазақстандағы көмір, мыс, боксит, қорғасын, мырыш, хром секілді байлық көздерінің кеміген. Геологиялық барлау жұмыстарының оң нәтижесі болар, мұнай, алтын, уран, газ, темір қорлары көбейген.
1991 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес, Қазақстандағы мұнайдың қоры 2 млрд 938,9 млн тоннаны құраса, 2020 жылдың 1 қаңтарында көрсеткіш 4 млрд 486,7 млн тоннаға жеткен.
Жоғарыда жалпылама айтып өткеніміздей, Қазақстандағы көмірдің қоры 30 жылда біршама азайды. Мәселен, оның қоры 1991 жылдың қаңтарында 38,6 млрд тоннаны құраса, 2020 жылдың қаңтарында 34,2 млрд тоннаға тең болған. Яғни Тәуелсіздік жылдарында көмірдің қоры 4,4 млрд тоннаға азайған.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми мәліметі бойынша, 1991 жылы алтынның расталған қоры 1 717,6 тоннаны құраған. Көрсеткіш 2020 жылдың қаңтарында 2 439,5 тоннаға жеткен.
Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында, ал өндіру бойынша бірінші орында тұр. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association) 2017 жылғы дерегінде осылай деп көрсетілген. Уран қоры бойынша Аустралия – бірінші орында. Әлемдік қордың 30 пайызы (1,8 млн тонна) осы елге тиесілі. Екінші орындағы Қазақтанның үлесі – 14 пайыз немесе 842 200 тонна. Осы орайда, әлемдегі уранның 22 пайызын (2019 жылғы дерек) "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы өндіріп отырғанын атап өткен жөн. Министрліктің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтарында біздің елдегі уранның қоры 957,2 тоннаға бағаланған. Бұл 1993 жылғы көрсеткіштен (893,8 мың тонна) әлдеқайда жоғары.
Қазақстандағы мыстың қоры 39,5 млн тоннаға (2020 жылдың қаңтары) бағаланып отыр. Көрсеткіш 1991 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,6 млн тоннаға азайған.
Алюминий алынатын шикізат – бокситтің қоры айтарлықтай азайған. Оның қоры 1991 жылдың қаңтарында 405,5 млн тонна болса, 2020 жылдың қаңтарында 291,6 млн тонна деп көрсетілген. Шамамен 114 млн тоннаға кеміген. Кемитіндей жөні бар. Өйткені Қазақстан бертінге дейін алюминийді терең өңдеуге басымдық берген жоқ. Бұл металл негізінен шетелге дайын шикізат ретінде экспортталуда. Ал одан жасалған өнімдер өзімізге бірнеше есе қымбат бағамен қайта импортталады.
Ғалия Әділ