Қазақстанда көрсетілетін ресейлік телеарналардың саны шектелмейді

3049

Қырым оқиғасынан кейін, Украина бірден өз аумағында Ресей телеарналарының хабар таратуын тоқтатты. Алайда олар бұл қадамға тым кеш барды. Себебі тыйым салынғанға дейін Ресей телеарналары украиндықтардың санасын улап үлгерді.  

Қазақстанда көрсетілетін ресейлік телеарналардың саны шектелмейді

Соңғы кезде Балтық жағалауы елдері өз аумағында ресейліктердің хабар таратуына шектеу қою мәселесін қозғай бастады. Ал біздің ел бұл мәселеге бас қатырып жүрген жоқ. Содан болса керек, ресейлік телеарналар iD TV арқылы күні-түні қалағанын көрсетіп, дегенін айтып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Елімізде хабар тарататын ресейлік телеарналарда ара-тұра Жириновский, Никонов, Федоров сынды саясаткерлер мәлімдеме жасап, тәуелсіз Қазақстанның солтүстік аймақтарына көз алартып қояды.

Бұл мәселе әлеуметтік желіде жылдар бойы талқыланып келеді. Біреулер ел аумағында ресейліктердің хабар таратуын тоқтату қажет десе, енді біреулер отандық телеарналардағы хабарлардың сапасы мен мазмұны сын көтермейтіндіктен ресейлік телеарналарды қарауға мәжбүр екенін алға тартады.

Қалай болғанда да қазір еліміздің ақпараттық кеңістігінде ресейлік телеарналардың дәурені жүріп тұр. Халық үгіт-насихаттан бастап, ойын-сауыққа дейінгі аралықтағы дүниенің барлығын көрші елдің телеарналарынан тамашалайды. Өкініштісі еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғаны ешкімнің қаперіне кіріп, шығып жатқан жоқ.

Бұлай жалғаса берсе

Қазақстандықтар әлемге, әлемдегі саяси-экономикалық және әлеуметтік оқиғаларға ресейліктердің көзімен қарайтын болады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл жерде әңгіме ақпаратқа қол жеткізуді шектеу жөнінде емес екенін түсінуге тиіспіз. Мәселе, ресейлік телеарналардың кез келген ақпаратты өзінің саяси мүддесіне бейімдеп алатынына қатысты болып отыр.

Мысалы, малайзиялық Боинг 777 ұшағына шабуыл жасаған "Су-25" ұшағының 2014 жылы Украинада атып құлатылуы дүниені дүр сілкіндірді. Оқиғадан кейінгі ақпараттық соғыста Ресей жеңіске жетті. Өйткені олар "Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай" соқты.  

Алысқа барып қайтеміз, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткен отандасымыз Қуат Ахметов "Ұлтаралық араздық туғызды" деп айыпталып, Киевке көшіп кеткенде, Қазақстандағы ресейлік телеарналар ләм-лим демеді. Есесіне ресейліктер "Қазақстанда орыс тілді азаматтарға қысым жасалып жатыр" деп өтірік пен өсектің буын будақтатты.

Ресейлік БАҚ-тың Қазақстан мен АҚШ арасындағы транзиттік келісімге қатысты шу шығарғаны да есте қалды. 2010 жылы жасалған келісім ашық қайнар көздерде баршаға қолжетімді болды. Құжатта Қазақстан арқылы сол кездегі Ауғанстан Ислам Республикасына автокөлік пен қосалқы бөлшек тасымалдау мәселесі қаралды. Қосалқы бөлшектер 8 жыл бойы темір жолмен тасымалданды. Логистикаға "Құрық" және "Ақтау" порттары арқылы теңіз жолы қосылғанда, ресейлік журналистер мен Орталық Азия елдері бойынша мамандар мен талдаушылар "Көгілдір экран" арқылы көлгірсіп: "АҚШ Каспий теңізінде әскери-теңіз базасын салып жатыр" деді шімірікпестен.

Осындай орашолақтық пен олқылыққа қарамастан, қазақстандықтар Ресей контентінен бас тартуға асықпайды. Неге деген сұрақтың жауабы желідегі жазбаларда жүр.

"Контенті қызық отандық телеарналарды мемлекеттік тілді меңгермеген азаматтар қарамайды. Сондықтан олардың жанына ресейлік телеарналар жақын болады. Сапалы контент жасау үшін қаржы қажет. Елдегі бірқатар телеарналар бұл мәселені шеше алмай отыр. Олардың контенті көптің көңілінен шықпайды", – дейді блогосфераның белсенділері.

Олардың ойынша, ел аумағында ресейлік телеарналардың хабар таратуын шектеу мәселені шешпейді.

"Кім, не көргісі, тыңдағысы келсе, соны іздеп табады. Азаматтардың таңдау құқына ешкім шектеу қоя алмайды. Отандық телеарналардың қаржылық жағдайы жақсарып, бәсекеге қабілеттілігі артпайынша, мәселе күн тәртібінен түспейді. Ресейлік телеарналардың бюджеті үлкен. Бұл оларға мол мүмкіндік", – деп түйді ойларын жазба авторлары.

"Ресей телеарналарын шектеуді сұрамайды"

"Қазақтелеком" АҚ коммуникациялар департаментінің директоры Сара Бәкірова осылай деді. Оның айтуынша, ел азаматтары провайдерлерден Ресей телеарналарын шектеуді сұрамайды. Тек отандық теларналарға қолжетімділікті арттыруды талап етеді.

"Бізде пакетті, соның ішінде iD TV контенін толтыру бойынша ұсыныс жасап тұратын өте белсенді аудитория бар. Қазақ тіліндегі контентті көбейту туралы өтініш жиі түседі. "Ресейлік насихатқа" қатысты шағымдарға келетін болсақ, біздің телеарналардың тізімінде қазақстандық, ресейлік телеарналармен қатар ТМД, Таяу және алыс шетелдердің телеарналары бар. Біз сұранысқа сай ұсыныс жасаймыз", – деді Сара Бәкірова.

Департамент директорының сөзінше, контент таңдау кезінде ең алдымен нарық талданады. Абоненттердің қандай телеарнаға басымдық беретіні назарға алынады.

"Ресейлік телеарналар үнемі сұранысқа ие. Біз әр абоненттің қалауын орындаймыз. Таңдауды абонент жасайды", – деді Сара Бәкірова.

Оның айтуынша, патриоттық рухтағы телекөрермендер үшін провайдерде тек қазақстандық арналар мен + "Амедиатека" кинотеатрын қамтитын қызмет топтамасы қарастырылған.

"Белгілі бір пакетке арналған телеарналардың тізімін құру кезінде осы пакеттің мақсаты негізге алынады. Көбінесе фильм көрсететін телеарналарға, спорттық немесе ойын-сауықтық бағдарламаларға басымдық беріледі. Дегенмен бізде әрбір пакетте міндетті түрде отандық телеарна болуға тиіс деген ереже бар. Біз осы ережені ұстанамыз", – деді "Қазақтелеком" АҚ өкілі.

Белгілі болғандай, "Қазақтелеком" ресейлік телеарналардың санын шектеуді жоспарлап отырған жоқ. Себебі ресейлік телеарналар жоғары сұранысқа ие.

Сара Бәкірованың баяндауынша, "Телерадио хабарларын тарату туралы" заң реттеуші құжат  болып табылады.

"Әрбір шетелдік телеарна есепке қоюдың белгілі бір рәсімінен өтеді. Осыдан соң ғана оператордың желісі арқылы ретрансляциялану құқығына ие болады. Заң талабы бұзылған жағдайда телеарналар хабар тарату торынан алынып тасталады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі телеарна контентінің қандай да бір заңсыздығын нұсқаса, біз телепакетті толтыруға түзету енгізе аламыз, – деп қорытты сөзін департамент директоры Сара Бәкірова.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу