Қазақстанда құс фабрикалары жаппай жабылып жатыр

10523

Сарапшылар отандық құс еті мен жұмыртқасын көрші Ресей түк қалдырмай, түп көтеріп алып кетуі мүмкін деп алаңдайды.

Қазақстанда құс фабрикалары жаппай жабылып жатыр Фото: canva.com

Ұлттық статистика бюросы көңілсіз дерегін жария етті. Қазақстан құс шаруашылығы жөнінен 33 жыл бұрынғы көрсеткішіне әлі күнге жете алмапты.

Бюро мәліметінше, Қазақстан егемендік алған 1990 жылы елде 59,9 миллион бас құс болыпты. Бұл көрсеткіш біразға дейін сақталған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында күрт құлдырай жөнелді.

Содан бері жаңа ғасырдың бірінші ширегі аяқталып қалса да, сала тұйықтан шыға алатын емес. Бір өсіп, бір кемуде. Мысалы, 2019 жылы құс саны 45 миллионға дейін өссе, 2020 жылы – 43,3 миллионға дейін күрт кеміді. Оған елді құс тұмауының жайлауы түрткі болған.

Былтырғы 2022 жылы – 49,8 миллионға, ал биылғы 2023 жылы – 52,09 миллионға дейін өсті. Бірақ бәрібір 1990 жылғы 60 миллионға жуық межеге жете алмады.

Айтпақшы, мұның мал шаруашылығының өзге салаларына да қатысы бар. Мысалы, сонау 1990 жылы Қазақстанда 9 млн 757,2 мың бас ірі қара мал болыпты, бүгінде елде 8 млн 538,1 мыңы ғана қалды. 33 жыл бұрын республикада 35 миллион 660,5 мың қой мен ешкі болған. 33 жыл өткенде бұл сан 21 млн 786 мыңға дейін төмендеді.

Оның үстіне алдағы уақытта көрсеткіштер құлдырап кетуі мүмкін. Сарапшылар ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бірінен соң бірі жабылып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Мысалы, екі ірі сүт өңдеуші кәсіпорын: Алматыдағы "Агропродукт" пен Солтүстік Қазақстандағы "Маслодел" жабылып тынды. 

Бірден 12 құс фабрикасы жұмысын доғарды. Оның салдары да көп күттірмеді. Еліміздегі жұмыртқа өндірісі 2022 жылғы қаңтар-тамыздағы 3 миллиард 398,8 мың данадан 2023 жылғы қаңтар-тамыздағы 3 млрд 328,2 мың данаға дейін азайып кетті. Бұл тек басы болса керек.

Кәсіпкерлердің айтуынша, соның алдында Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында 6 құс фабрикасы жабылыпты.

Сарапшылар бұған субсидиялардың тапшылығын және құстарға арналған азықжем бағасының қымбаттауын айыптап отыр. Бұрын құс фабрикалары әрбір жұмыртқа үшін бюджеттен 4 теңгеден қайтарымсыз демеуқаржы алатын. Қазіргі кезде одан айрылды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кесірінен жұмыртқаларды субсидиялау мүмкін болмайтынын мәлімдеді.

Оның үстіне елімізде өндірілетін азықжем бағасы көрші елдерге қарағанда әлдеқайда қымбат.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, әлімсақтан ауыл өнімдерімен өзін толық қамтып келген Қазақстан енді Қытайдан сапасы төмен әрі залалды ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен көлемде таси бастаған.

"Бүгінде құс фабрикалары өндіретін жұмыртқа көлемі кеми бастады. Қазан айында олар былтырға қарағанда 70 мың жұмыртқа кем шығарды. Енді 200 мың данаға аз беруі мүмкін деп отырмыз. Мысалы, Ақмола облысының Бурабайындағы ірі құс фабрикасы 3-4 жылдан бері тоқтап тұр", – деді Қазақстанның құс шаруашылығы одағының президенті Руслан Шәріпов "31 арнаға" сұхбатында.

Оның дерегінше, Шығыс Қазақстан облысында бүгінде бірде бір фабрика қалмады. Тиісінше, құс еті мен жұмыртқасын осы ірі өңір өзге облыстардан тасуға мәжбүр.

Бұлай бара берсе, әлеуметтік маңызы бар ас саналатын жұмыртқа бұқараға қолжетімсіз болып қалуы ықтимал. Оның орташа бағасы 10 данасы үшін 500 теңгеден асып кетті. Елордада 30 данасын қазірден 2 мың теңгенің айналасында сатып жатыр. Егер халық жұмыртқадан қағылса, не жейді? Қымбатшылық қысқан заманда қара нан мен қара суға қарап қала ма?

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, Ресей енді құс етін де, жұмыртқаны да Қазақстаннан таситынын жариялады. Себебі, көрші елді қымбатшылық пен тапшылық қатар жайлауда. Бір жыл ішінде солтүстік көршіде құс еті – 25,3%-ға, жұмыртқа – 24%-ға өсіп шыға келді. Осыған орай Ресей басшысы Путин Үкіметке құс өнімдерін бұқараға қолжетімді етуді қадап тапсырды.

Осыған байланысты Ресей өзінің құс еті мен жұмыртқасын шетелге шығаруға тосқауыл қоюда. Ресей ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа қатысты бұл шектеуін кем дегенде жарты жылға енгізеді. Бұл Қазақстанда құс еті бағасының шығандауына соқтыруы мүмкін. Республика тауық еті жөнінен ресейлік импортқа тәуелді. Көрші болса, оны өзінен тасымалдауға тоспа құрады.

Ұлттық статбюро мәліметінше, Қазақстан тауық етінің 33%-ын сырттан тасып жейді. Ресми статистикаға жүгінсек, биылғы қаңтар-тамызда елімізге 112,2 миллион долларға 92,4 мың тонна құс еті мен субөнімдері әкелінген.

Сонымен бірге "Россельхознадзор" 4 қазақстандық ірі құс фабрикасының өнімін импорттауға қойып келген шектеуін алып тастады. Тиісінше, ресейлік импорттаушылар олардың өндірген өнімдерін түп көтеріп, алып кете алады. Бұл санатқа Өскемен құс фабрикасы, Восток Бройлер, Когер ЛТД және Макин құс фабрикасы кірді.

Биыл мемлекетімізде 69 құс фабрикасы тіркеуде тұрған. Оның қаншасы жұмыс істейтіні туралы нақты дерек жоқ. Оның ішінде 34-і – жұмыртқа, қалған 29-ы – ет өндіуге маманданған.

2023 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысында отандық өндірушілер елдің жұмыртқаға деген сұранысының тек 93,9%-ын ғана қанағаттандыра алды. Салыстырсақ, былтырғы ұқсас кезеңде 96,3%-ын қамтамасыз етіп еді. Тиісінше, 6,1%-ын импорттауға тура келді. Жыл басынан бері елімізге 217,5 миллион дана жұмыртқа әкелініп, импорт өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда бірден 66,3%-ға көбейді.

Биыл қыркүйектің соңында бірінші санаттағы жұмыртқаның бағасы бір айда – 2,9%-ға, бір жылда – 13,6%-ға өсті.

Ең үлкен жылдық өсім Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Бір жылда 31%-ға қымбаттап шыға келді. Одан кейін Ұлытау (30,3%) және Солтүстік Қазақстан (29,1%) облыстары тұр. Осы қарқын жалғасса, жұртшылық жұмыртқаға да жарымай қалатын түрі бар. Ертегіде айтылатын "алтын жұмыртқа" шынға айналады.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, құстың 26,3%-ы – қорасында мал ұстайтын ауылдықтардың қолында, тағы 1,2%-ы – шаруа немесе фермер қожалықтарында және жеке кәсіпкерліктерде, басым бөлігі немесе 72,5%-ы – құс фабрикаларында өсіріледі.

Сарапшылардың және депутаттардың (олар Үкіметке депсауал жолдаған) байламынша, қазақстандық бүкіл агроөнеокәсіптік кешені жүйелі дағдарысқа тап болды. Оны тығырықтан шығару үшін жүйелі, кешенді шаралар қабылдау қажет. Әзірге жаңа ауыл шаруашылығы министрінің бұл бағытта тың тегеурін танытып отырғаны байқалмайды.

Мысалы, фермерлер жемазық, шикізат қорын арттыруды және арзандатуды сұрайды. Бұған қоса, тұқым (балапан) өндірісі дамытылғаны маңызды. Әйтпесе, елдегі құс фабрикаларының көпшілігі жемді, витаминдерді, балапандарды шетелден импорттайды.

"Атамекен" палатасына жүгінген отандық өндірушілер Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігінде асыл тұқымды құс өндірісін қайта жандандыруды ұсынды. Сонымен қатар саланы кадрлармен қамту, әсіресе, ғылыми қызметкерлер санын арттыру қажет. Олар өндірушілерге сапалы азықжем өндіруде де көмектеседі.

Импорт алмастыруға көшкен Ресей жыл өткен сайын оқшаулана түсуде. Егер Ресей толық жабылып, тұйықталып қалса, республикамыз соған дайын болуға тиіс. Әзірге оған тәуелділік артпаса, кемімеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу