Қазақстанда күзет фирмаларына қатысты реформа басталмақ

9567

Нысандарды террорлық шабуылдан қорғау жаңаша жолға қойылады. 

Қазақстанда күзет фирмаларына қатысты реформа басталмақ

Таяуда "Казправдада" жариялаған мақалада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов өткен жылы кең ауқымды операция барысында Қазақстанда және көрші елдерде әзірленген лаңкестік шабуылдардың жолы кесілгенін, жүздеген адамның өмірі қорғалғанын хабарлады. К.Мәсімов барлық жағдайда радикалдардың іс-қимылдарын шетелдік террористер тікелей басқарып отырғанын жеткізді.

"Елімізде террористік тұрғыдан осал объектілерде қауіпсіздік жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген". Ішкі істер министрлігі осындай қорытындыға келді. Ведомство дерегінше, күзет қызметтері лаңкестер бірінші кезекте шабуылдауы ықтимал нысандарды лайықты күзетпей отыр. Мәселен, халық көп жиналатын орындарда қолында рациядан басқа ештеңесі жоқ жас күзетші жүреді. Ол жан-жақты дайындалған қарулы қаскөйлерге не қауқар көрсете алады?

"Күзет қызметтері террористiк тұрғыдан осал нысандардың (ТТОН) терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етпеуі, өз міндеттемелерін тиiсiнше орындамауы адамдардың өміріне, денсаулығына, қоғамның және мемлекеттiң мүдделерiне қатер төнуіне әкеп соғады", – дейді ІІМ "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңы жобасына арналған талдамалық нысанда.

Айқандай, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, күзет фирмалары ТТО нысандарын дұрыс қорғамағаны үшін әкімшілік жазаға ғана тартылады, яғни 100 АЕК-тен 1 мың АЕК-ке (2 млн 778 мың теңгеге дейін) айыппұл төлейді. Бұл әрине, жеткіліксіз.

"ТТОН-ның қорғалу деңгейін арттыру мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері бірқатар іс-шаралар өткізіп, күзет құрылымдарының және олардың қызметшілерінің террористік сипаттағы қылмыстарға үн қату дайындығын бағалап жатыр. Бүгінде олардың барлығына дерлік тән кемшіліктер анықталуда. Мысалы, жеке күзет ұйымдары қызметкерлерінің қырағылық деңгейінің нашар, өткізу режимін жүзеге асыруда салғырттық танытады. ҰҚК-ның тиісті бөлімшелері жүргізген оперативті экспериметтер нәтижесінде бірнеше жеке күзет фирмасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2018 жылы олардың саны – 10, 2019 жылы – 13 болды. Ал 2020 жылы тағы 3 жеке күзет ұйымы жауапқа тартылды", – делінген ІІМ ақпаратында.

Нақты мысалдар келтірсек: мыңдаған жас адам жиналатын Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде ұлттық қауіпсіздік жауынгерлері білдірмей тексеру арқылы тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмағанын әшкерелеп, "Aslan-2014" ЖШС күзет фирмасы жазаланды. Қостанай облысында Меңдіқара ауданының әкімдігін күзететін "Арыстан" іздеу-күзет агенттігі қауіпсіздікке салғырт қарағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Осыған ұқсас оқиғаларға ҰҚК Қарағанды облысында жолыққан. Аса маңызды мемлекеттік объект қатарына жататын Балқаш қаласының әкімдігіндегі қауіпсіздікті нашар бақылағаны үшін "Тумаргога" жеке күзет ұйымы жазаға ілікті.

Елдің елордасында да осындай жағдай кездеседі. Нұр-Сұлтан қаласында темір жол вокзалының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін "Әскерилендірілген темір жол күзеті" АҚ нашар бақылағаны үшін әкімшілік жауапкершілік арқалады.

ІІМ не ұсынады?

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың ұжымы ұсынып отырған жаңа заң жобасы күзет фирмаларын екіге бөліп тастауды қарастырады. Яғни, заңды Парламент қабылдаса, күзет фирмалары лицензияның екі шағын түрінің бірін ала алады. Бұл ТТОН-ды қорғауға ең білікті жеке күзет ұйымдарын ғана жіберу үшін жасалыпты. Өйткені атауында Security айқындауышы бар ұйымдардың әлеуеті де, қабілеті де әрқалай.

Қазақстанда 5 мың 225 жеке күзет ұйымы тіркелген. Олар ұсақ дүкен, дүңгіршік, кеңселерді айтпағанда, 102 мың 515 ірі нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Алайда мыңдаған күзет фирмасы арасында тек 424-інің ғана тұрақты кезекші бөлімі бар. Қалғанында әлдеқалай жағдай туындай қалса, жәбірленушілер жедел шақыру үшін фирма өкілін таппай қалуы мүмкін. Масқарасы сол, небары 1 мың 68-і ғана жылжымалы-мобильді топқа, көлік пен қаруға ие. Бар-жоғы 612-сінің ғана орталықтандырылған бақылау пульті жабдықталыпты. Қалғаны өзі қорғайтын нысанда не болып жатқанын монитордан бақылай алмайды.

Ведомство күзет қызметін жүзеге асыру бойынша лицензияны мынадай 2 қосалқы түрге бөлуді ұсынады. Біріншісі – террористік тұрғыдан осал объектілерді күзету және барлық күзет түрі, ал екіншісі – аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық нысандарды, стратегиялық маңызы бар экономика саласының нысандарын және қауіпті өндірістік орындарды қоспағанда, өзге барлық күзет қызметтері түрлері.

Лиценцияның бірінші түрін иеленген фирмалар күзет саласының майталман-элитасына айналмақ. Олар күрделілігіне қарамастан, кез келген нысанды күзете алады.

"Қазақстандағы күзет қызметін талдау көрсеткендей, барлық жеке күзет ұйымдарына кез-келген нысанды күзетуге рұқсат беріп, бәріне тең жағдай жасау – қауіпсіздік мүддесіне сәйкес келмейді. Күзет қызметін жүзеге асыру лицензиясын шағын түрлерге бөлу рұқсат беру құжаттары санының өсуіне де әкелмейді. Себебі қосалқы түрлер І санаттағы жеке рұқсатнама болып есептелмейді. Олар тек лицензияны талап етілетін қызметтің қосалқы түрлері ғана", – делінген талдамалық нысанда.

Парламент мақұлдаса, жаңалық 2021 жылдан бастап күшіне енуге тиіс.

Сала бизнесмендері полицейлердің бұл жаңа қадамын құптап отыр.

"Біздің күзет ұйымын "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы құрған. ІІМ ұсынысын зерделедік, нәтижесінде аталған ұсынысты толық қолдауға ұйғардық. Өйткені күзет қызметін қосалқы екі түрге бөлу біріншіден, экономика үшін стратегиялық мәнге ие нысандардың қауіпсіздігіне төнген қатерді азайтуға тиіс. Бұл қатарға мұнай-газ өндіру және оның шикізатын өңдеу, яғни кен орындары, МӨЗ-дер де жатады. Лаңкестер оларды нысанаға алуы ықтимал. Екіншіден, арнайы тәжірибесі жоқ, ТТОН-дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында білім-біліктен жұрдай күзет ұйымының осы іске қол жеткізуіне тосқауыл қояды. Әйтпесе оның керекті техникасы да, жабдығы да, кәсіби даярланған қызметкерлері де болмауы мүмкін", – дейді "KMG-Security" өкілі Талғат Тоқалов.

Қазақстанның Күзет ұйымдары қауымдастығының президенті Анатолий Калинин де бұл бастаманың теріс жағын байқамағанын жеткізді.

"Біздің қауымдастық осы ұсынысты қолдап отыр. Қазіргі заманда терроризм алдында осал нысандардың қорғалуын күшейту маңызды. Демек, оларды күзетуге тек кәсіби дайындалған күзет ұйымдары жұмылдырылуы керек. Сонда ғана мемлекет үшін маңызды және халық көп баратын нысандарды террактілерден аман сақтай аламыз. Сондай-ақ бұл төтенше жағдайлардың алдын алу үшін де қажет. Сонымен бірге салада бәсекелестік шектелмейді: стратегиялық, аса маңызды және террористік тұрғыдан осал нысандарға жатпайтын ғимараттар, кәсіпорындар және басқасы елде өте көп. Оның үстіне кез келген ұйым өз мүмкіндіктері мен біліктілігін көтеріп, лицензияның бірінші шағын түрін ала алады", – деді қауымдастық басшысы.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу