Қазақстанда майнинг нарығы күрт қысқарды

1317

Республика қысқа ғана уақыт ішінде криптовалюта өндірушілерге арналған "жерұйықтан" олар ауған мекенге айналып шыға келді.

Қазақстанда майнинг нарығы күрт қысқарды Фото: bloomberg.com

Алдымен Қытайда майнерлерді қудалау 2021 жылы күш алды. Бұған дейін бұл ел криптовалюта өндірісі бойынша әлемдегі №1 ел болған. 2021 жылғы шілдеде Қытай Мемлекеттік энергетикалық корпорациясы барлық тұтынушыларына ресми құлақтандыру жіберіп, бұдан былай электр қуатын майнинг мақсатында пайдалануға тыйым салды.

Содан өндірушілердің бір бөлігі көлеңкеге кетті, ірі кәсіпорындардың ішіне тығылды. Яғни, көп тұтынатын энергиясын соның есебіне жатқызды. Енді бірі жұңғо елінде қарқынды дамып жатқан жаңғыратын қуат көздеріне көшіп алды.

Алайда цифрлық юань енгізіп жатқан Бейжің оған бәсеке болатын және ақша айналымын жасыруға жол ашатын барлық цифрлық активтерден түбегейлі арылуға ден қойғанын паш етті. 2021 жылдың қыркүйегінде қытайлық Орталық банк майнингке және криптовалютамен байланысты кез келген транзакцияларға түпкілікті тыйым салды.

Бұдан бөлек, Қытат Халық банкі шетелдік криптобиржалардың қылайлық инвесторларға қызмет ұсынуын бұғаттап тастады. Сондай-ақ қаржы компанияларына Қытайда криптовалютамен сауда-саттық жасауға жәрдемдесуіне тыйым салды. Осы операциялардың бәрі заңсыз деп танылды және Қытай территориясында қылмыстық қудаланады.  

Дамудың шырқау шегіне жетіп үлгерген қытайлық криптонарық лезде дағдарысқа ұшырады, майнерлік фермалар, тұтас кәсіпорындар жұмысын доғарды. Олардың алды аспап-жабдықтарын, асай-мүсейін вагондарға жаппай тиеп, басты екі елге бағыт алды. Бір тобы электр қуаты арзандау АҚШ-тың Невада, Техас штаттарына ауды. Басым бөлігі іргедегі Қазақ еліне қоныс аударды. Тіпті қытайлық криптобиржалар Қазақстанға ауысқан.

Нәтижесінде, Кембридж баламалы қаржы орталығының дерегінше, майнинг үшін электр энергиясын тұтыну рейтингінде Қазақстан әлемде екінші орынға көтерілді. Ресми мәлімет бойынша бір майнерлік ферманың қуат шығыны 1000 мегаваттқа дейін жетуі мүмкін. Ал мұнша қуатты тұтас бір станса өндіреді.

Салдарынан Қазақстанда энергия тапшылығы басталды. Жауапты органдар Қытайдан қоныс аударған майнерлерге қарсы қауқар таныта алмайтынын мойындады. Себебі, шағын және орта бизнесті тексеруге тосқауыл қойылған.

2022 жылғы 17 ақпанда Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Қытайдан жаппай ауып келген майнерлердің қайда орналасқанын да түсіне алмағандарын мәлімдеді. Олар тікелей қуат өндіретін станциялардың (ГРЭС, ЖЭО) аумағында орын тепкені туралы ақпараттар тарады. Astana Hub технопаркінің қатысушылары оларға криптовалюта өндіретін жабдықтарды арендаға бергені үшін мемлекеттік жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдаланды.

"Көрші Қытай тыйым салып еді. Олардың бүкіл майнингі әлдебір жолдармен бізге көшіп алды. Шыны керек, біз олардың нақты қайда орналасқанын да соңына дейін түсіне алмадық. Бұл мәселе тығырыққа тіреді және жеке зерттеуді талап етеді. Өңірлерде сұр майнерлерді іздеу Энергетикалық бақылау комитетінің қызметкерлеріне жүктелген. Барлық қаланы аралап, іздеуге олардың күші жетпейді. Содан біз қуат беруші компанияларға сұрау салып, өздеріне қосылған майнерлер туралы ақпарат беруді өтіндік. Бермейді. Уәкілетті орган да оларды қорғаштайды, мұның жаңа бизнес екенін, жұмыс орындарын құрып, ІТ-саланы дамытатынын алға тартады. Бұл – табысы жоғары бизнес көрінеді. Бірақ қуатты тым көп тұтынады. Алайда энергетикалық станцияларды тұрғызу үшін жылдар қажет. Жүктеме шектен шықты", – деп опынды Энергетика министрінің орынбасары.  

Ілгері оза айта кету керек, арада аз уақыт өткенде, майнерлерден оларды қызғыштай қорғаған уәкілетті органның да көңілі қалды.

Шырқау шегіне жеткен тоқ тапшылығын жою үшін билік халық қарсылығына қарамастан, атом электр станциясын (АЭС) салу бастамасын жеделдетіп ілгерілетуге кірісті.

Дегенмен, шамадан тыс жүктеме энергетикалық кешендердегі, жылу-электр орталықтарындаңы ақауларға, жарылыстарға, тіпті адам өліміне соқтыра бастағандықтан, билік өзіне жақын тұлғалардың бизнесіне айналғанына қарамай, майнингке қарсы майдан ашуға мәжбүр болды.

Былтыр қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Криптовалюта өндіретіндердің барлығы ресми тіркеуге тұруға міндеттелді. Оларға арналған жаңа салық – цифрлық майнинг салығы енгізілді. Сонымен қатар тұтынушыларды саралау арқылы олардың шығындайтын электр қуатының құнын қымбаттатты. 2023 жылдан бері майнинг үшін салық ставкасы да прогрессивті шкаламен есептеледі.

Есесіне биыл Қазақстан қуат тапшылығынан құтылды.

Ескі Мәжіліс 2023 жылғы ақпанда "Қазақстандағы цифрлық активтер туралы" дербес заң қабылдап кетті. Осылайша, аталған саланың төл, дербес құқықтық базасы құрылды.

Жыл жабылар тұста "соңғы аккорды" естілді. 2023 жылғы 11 желтоқсанда Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Уәкілетті орган оған өз түсініктемесін берді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, шынында Қазақстан әлемдегі алғашқы елдер қатарында цифрлық майнинг бойынша реттеу нормаларын енгізді. Бұл елімізде 2020-2021 жылдары осы индустрияның дамуына жол ашты. Қазақстан майнингтік қуаттылықтар жөнінен дүниежүзінде екінші орынға шығып, 18 пайыздан артық жаһандық үлеске ие болды.  

Бірақ ізінше мұның елге пайдасынан зияны көп екені анықталды. Сала Қазақстан экономикасының өркендеуіне үлес қоспады, одан пандемиядан кейінгі ЖІӨ екпінді түрде өспеді. Майнингтен табылған табыс қалпымен сыртқа кетті. Тіпті оның жабдықтары да өзге елдерден тасылып, жат экономикалардың өрлеуіне ықпал етті. Криптовалюта арқылы көлеңкелі бизнес қанат жайды. Капиталдың елден шетелге ағып кетуі жеңілдеді әрі өрістеді.

"Майнерлер біздің республикада қалыптасқан электр профицитін "жеп" қойды. Қолданыстағы қуаттылықтар олардың еселеп өскен тәбетін қанағаттандыруға қабілетсіз болып шықты. Майнингтен экономикаға қандай да бір үлкен пайда келгені туралы айтуға болмайды. Сондықтан өткен кезеңде Энергетика, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, Үкіметте, ведомствоаралық топта тиісті жұмыс жүргіздік. Биылғы жыл басынан майнерлерге салық салуды сатылап арттыратын прогрессивті шкала енгізілді. Соның арқасында криптовалюта өндірісінен мемлекет те белгілі бір табыс таба бастады", – деді Асхат Елубайұлы.

Ол осы нарықтың әлі күнге өзгеріп жатқанын айтты. Табыстылығы да бұрынғыдай емес.

"Бұл нарықтың табыстылығы туралы нақты айту қиын. Себебі, бүгінде биткойн бағасы біраз қымбаттады. Дегенмен, криптовалюта үнемі құбылып тұрады. Нарықтың табыстылығы да сонымен бірге бірде өсіп, бірде құлдырайды. Майнерлердің табысы мен шығыны желідегі хешрейтке (дәл қазір желіде қанша қатысушы отырғанына), күрделі есептемелерге, алдағы халвингке және басқасына байланысты. Сондықтан дөп басып айту күрделі. Әйтсе де, біздің байқауымызша, бүгінде Қазақстанда қалған майнерлердің табыстылығы жеткілікті түрде жоғары емес. Сол себепті олар не мүлдем жабылып жатыр, не елімізден кетуде. Біз мұны проблема ретінде қарастырып та отырған жоқпыз!", – деді Цифрлық даму вице-министрі.

Ендеше Үкімет жыл қорытындысында елімізде қанша майнерлік кәсіпорын қалатынын білмейді. Бірақ бұл индустрияның әлі де болса "тірі" екенін құзырлы органдар "әсіресе, кешкі және түнгі уақыттарда туындайтын электр энергиясы профицитінің қарқынды түрде кәдеге жаратылып жатқанынан" біліп отыр.

Биліктің бұл бизнес түрін құртып тыну мақсаты жоқ. Цифрлық даму министрлігі өзге ведомстволармен бірге "майнингтік компаниялардың Қазақстанға қызығушылық танытуын және келуін ынталандыру жұмысын жүргізуде". Бұл олардан салық жинап, бюджетті толықтыру үшін қажет екен.  

Сенатор Екатерина Смышляеваның айтуынша, салық түрін, содан соң прогрессивті шкаланы енгізген соң, Қазақстанда майнинг нарығы күрт қысқарды.

"Мемлекеттің қолына саланы бақылау тетіктері тиді. Соның арқасында "сұр" майнинг нарығы жоққа жуықтады. Мемлекет енді қай жерде қуат трафигінің шектен тыс шығындалып жатқанын анықтай алады. Нәтижесінде, жасырын жұмыс істейтін "сұр" майнерлердің өрісі тарылды. Бұл – бір. Екіншіден, мәселелер де бар: салық салудың прогрессивті шкаласының енгізілгеніне қарамастан, компаниялардың көпшілігі әр киловатт үшін 1 теңгеден ғана төлеуін жалғастырды. Себебі, электр энергиясы қымбаттады. Ал киловатт құны 25 теңгеден асса, прогрессивті шкала жұмыс істемейді. Соның кесірінен әлемде криптовалюталар еселеп қымбаттап жатса да, одан біздің бюджетке түсетін салықтардың нағыз дүмпудей серпінді өсім динамикасын паш еткенін байқамай отырмыз. Әрі прогрессивті шкаладан пайда келіп жатқанын да көрмедік", – деді сенатор.

Неге екені белгісіз, депутаттар осыны біле тұрып, Президент қол қойған соңғы заңда шкалаға қатысты бұл олқылықты түземепті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу