Қазақстанда насихатшы қызметінің әр минуты 600 мың теңге тұра ма?

2231

Әр өңірдің әкімдіктері өзін мақтап жазатын ақпарат құралдарының әрбір сөзі мен минуты үшін алда қанша төлеуге дайын екенін жария етуде. 

Қазақстанда насихатшы қызметінің әр минуты 600 мың теңге тұра ма?

Әкімдіктердің түсіндіруінше, бұл Үкімет басшысы Асқар Маминнің "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" жаңа өкіміне сай жасалып отыр. Ол өкімнің 18-тармағына сәйкес, барлық облыс пен үш мегаполис әкімдіктеріне "БАҚ-та мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын қызметтердің құнын айқындаудың әдістемесін бекіту туралы" жеке-жеке қаулы әзірлеп, қабылдау жүктелді.

Бұл ретте әр әкім өз мақтаушылары мен блогерлері үшін өзінше баға белгілеп, ауа жайылып кетпеуі үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Өңірлік деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын қызметтердің құнын айқындаудың үлгілік әдістемесін" қалыптастырды.

Елорда әкімін мақтаса, әр минутына 206 мыңнан алады

Дегенмен әр өңірде пропагандист-пиаршының қызметі бәрібір әртүрлі бағаланатыны байқалады. Мысалы, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтің командасы республикалық газеттер өзін дәріптеп, мақала, сұхбат, аналитика, лонгрид, фоторепортаж, журналистік зерттеу, очерк, сарапшылық комментарий, инфографика, тіпті коллаж бен фото басса, оның әр шаршы сантименті үшін алдағы жылы – 577 теңге, 2023 жылы – 606, ал 2024 және одан кейінгі жылдары – 636 теңгеден төлеуге даяр.

Ал тек елордаға ғана таралатын газеттерге осы кезеңде тиісінше, әр ш.с. үшін 303, 318 және 334 теңгеден төлемек. Мысалы, елорда және оның әкімдігіне қатысты ақпаратты "Elorda Aqparat" ЖШС құрамына кіретін "Вечерняя Астана", "Astana aqshamy" газеттері, "Elorda.info" желілік басылымдары үздіксіз басатыны белгілі.

Қазір жұрт журнал оқымайтыны жасырын емес. Олар әдетте кеңселерде журналдық үстелдің көркін келтіру үшін шашылып жатады. Бірақ бас қала басшылығы оған да шығуға құмар көрінеді. Атап айтқанда, егер журналдар репортаж, сұхбат, мақала, шолу, көркем мақала, логотип орналасқан арнайы айдар, инфографика, коллаж не фото жарияласа, оның әр см2 үшін алдағы үш жылда 213, 224 және 235 теңгеден төлеуге ниетті.

Интернет ресурстар мен блогерлерге бір қарағанда, азырақ тариф тигендей, бірақ оларға әр символ, яғни әрбір әріп, тыныс белгісі, аралық-пробел үшін төлейді. "Ақпараттық материалды интернет-ресурстарда әзірлеу және орналастыру әрбір символ үшін 74, 78 және 82 теңгеден".

Әйтсе де пиарға бөлінген қаражаттың басым бөлігін телеарналар қанжығалайды. Егер міндетті телеарналар тізіміне енген республикалық телеарна елордада жасалып жатқан ізгі істер, іргелі өзгерістер туралы жаңалықтар сюжетін берсе, әрбір минуты үшін алдағы жылы 186 300 теңге, 2023 жылы – 195 615, ал 2024 жылы – 205 395 теңгеден алмақ.

Егер елорда мен әкімі туралы деректі фильм түсіріп, көрсетсе, оның әр минуты үшін тиісінше 187 500, 196 875 және 206 718 теңгеден ала алады.

Радиоарналардың да мұрты майланады. Радиотолқындағы ақпараттық бағдарламада Нұр-Сұлтан әкімдігіне қатысты жаңалықтар берілсе, әр минут үшін 10 600-11 687 теңгеден еншілеуге тиіс.

Шымкент әкімдігі реалити-шоуды қалап отыр

Тағы бір мегаполис БАҚ-тағы пиарға қанша төлеуді жоспарлап отырғанын жедел жариялады. Сонымен Шымкент әкімдігі өзіне ұнамды мақала, сұхбат, аналитика, лонгрид, арнайы репортаж, фоторепортаж, журналистік тергеу, очерк, сарапшының түсініктемесі, инфографика, коллаж, фото басқаны үшін республикалық газеттерге әр шаршы сантиметріне 2022 жылы – 385, 2023 жылы – 389, ал 2024 және ары қарай – 405 теңгеден төлеуге дайын. Бұл елордадағыдан әр ш.с. үшін 231 теңгеге аз.

Егер газеттің таралу аумағы Шымкентпен шектелсе, ондай басылымдарға әр ш.с. үшін тариф 200, 208 және 216 теңгеге дейін төмендейді.

Таңғаларлығы сол Шымкент басшылығы журналға шығуды көбірек ұнататын сыңайлы. Журналдарға дәл сондай материалдарды жариялағаны үшін әр шаршы сантиметріне газеттерге қарағанда жеті еседей көп қаражат – 1 350, 1 404 және 1 460 теңгеден аудару ұсынылған.

Бірақ Мұрат Әйтенов пен оның ұжымы республикалық журналдарды қадірлейтіні байқалады. Ал Шымкентте ғана таратылатын журналдарға әр ш.с. үшін 182, 189 және 197 теңгеден берілмек.

Ғаламторға жарияланған материалды әлемнің кез келген түкпіріндегі адам оқи беретіні мәлім. Алайда Шымкент әкімдігі интернет-ресурстарды локациясы бойынша бөліп тастапты. Мысалы, республикалық интернет ресурстарға әр символ үшін 92, 96 және 100 теңгеден, ал шымкенттік интернет-ресурстарға әр әрпіне 6, 6,2, 6,5 теңгеден бөлмек. Бұл ретте интернет-ресурстың бас кеңсе-редакциясының орналасқан жері назарға алынатын көрінеді.

Тереңірек үңілгенде, тағы бір қайран қалдыратын жайтты аңғаруға болады. Нақтылай кетсек, Шымкент телевизиялық пропагандистерге астанаға қарағанда екі есе көп төлеуді жоспарлауда. "Қазақстан аумағында таратылатын міндетті телеарналардың тізбесіне (Btv) енгізілген телеарналарда ақпараттық материалды – жаңалық сюжетін өндіру және орналастырудың әр минутына 2022 жылы – 373 457, 2023 жылы – 388 395, 2024 және кейінгі жылдарға – 403 931 теңгеден" деп көрсетілген құжатта.

Алайда бұл республикалық телеарналарға қатысты. Ал жергілікті, қалалық телеарналардағы жаңалықтарға әр минуты үшін 8 750, 9 100, 9 464 теңгеден ғана қарастырылған. Дегенмен шымқала әкімдігінің жергілікті телевизиялық пиаршыларға арналған "пресс-киті" тарифтердің әралуандылығымен ерекшеленеді. Мысалы, шымкенттік телеарналар ақпараттық-талдамалық бағдарлама арнаса, әр минутына – 17 250, 17 940, 18 658 теңгеден, танымдық бағдарлама түсірсе, минутына – 17 250, 17 940 және 18 658 теңгеден, ток шоу ұйымдастырса – 25 167, 26 173 және 27 220 теңгеден, білім беру, сауат ашу бағдарламасына – 16 750, 17 420 және 18 117 теңгеден ала алады деп ұсынылған.

Бұл ретте қызықты тапсырыс бар. Шымқалалық телеарна реалити-шоу өндіріп, көрсетсе, әр минутына 23 917-25 868 мың теңгеден берілуі мүмкін. Жергілікті телеарна Шымкент әкімдігі мақұлдаған тақырыпта деректі фильм, тарихи, өмірбаяндық, жартылай көркем (?) фильм түсіріп, көрерменіне паш етсе, оның әр минуты 40 000-43 264 теңгеге бағаланбақ.

Мемлекеттік пиар бюджетке қаншаға түседі?

Қызылорда облысы да мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін БАҚ-тан сатып алынатын қызметтердің құны жобасын жария етті. Мұқият үңілгенде онда да айран-асыр ететін мәселе жетерлік.

Мысалы, тарифтері Нұр-Сұлтаннан да жоғары. Республикалық газеттерге шаршы сантиметр үшін 700 теңгеден, журналдарға – 280 теңгеден, интернет ресурстарға әр символы үшін – 110 теңгеден көзделген.

Әсіресе, телеарналар қарық болып қалатынға ұқсайды. Қазақстан аумағында таратылатын телеарналар сюжет, ток-шоу, ойын-сауық бағдарлама, жаңалықтар, бағдарламалар жасап, көрсетсе, әр минутына – 300 мыңнан, жаңалықтардан паш етсе, әр минутына – 666 667 теңгеден, телебағдарламалар арнаса – әр минутына 400 000 теңгеден алудан дәмеленуіне болады. Жергілікті телеарналар да біраз игілік көрмек. Мысалы, олар ақпараттық материал, телебағдарлама дайындап, орналастырса, 60 812 теңгеден үміттене алады.

Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары да тиісті қаулы жобаларын қоғамдық талқылауға шығарды. Бірақ олар ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын қызметтердің базалық бағасын ашық жарияламады.

Сондықтан Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қызылорда облысы әкімдіктерінің бұл істегі ашықтығы атап өтуге тұрарлық. Мысалы, Сыр өңірінің басшылығы тіпті мемлекеттік ақпараттық саясат бойынша 2021 жылдың І тоқсаны бойынша есебін де жариялады.

"Облыстың медиа кеңістігінде 101 БАҚ (12 мемлекеттік, 89 тәуелсіз) жұмыс істейді. Оның ішінде электрондысы – 8, ақпараттық агенттік – 3, интернет сайттар – 3, баспасөз – 87. Биылғы І тоқсанда Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 138 брифинг өткізіліп, 8 баспасөз туры ұйымдастырылды. 2021 жылға мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға 835 млн 221 мың теңге бөлініп, 55 лот бойынша жұмыстар жүргізілуде", – деп хабарлады Облыстық ішкі саясат басқармасы.

Негізі жыл соңына дейін қалған барлық өңір осындай құжаттарын қоғамның талқысына шығаруға тиіс.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа жүгінсек, ақпараттық саясатты ілгерілетуге Қазақстан биыл шамамен 53 миллиард теңге бөлген көрінеді.

Рас, Қазақстан "пропаганданы" қолдауда көршілерінің қолына су құя алмайды. Мысалы, Ресей 2021 жылы мемлекеттік БАҚ-ты қолдауға федералдық бюджетінен 102,8 миллиард рубль (616 миллиард теңге) шығындаған. ҚХР бір ғана Қытай Орталық телевизиясын ұстап тұруға 1 млрд долларға дейін қаражат жұмсайды. Синхуа агенттігі 268 миллион доллардан, CCTV тағы 873 млн доллардан көп қаражатты талап етеді.

Ал дамыған елдердің пропагандаға шығыны аздау. Мысалы, Еуропалық Одақтың тәулік бойы хабар тарататын ортақ ақпараттық телеарнасы Euronews-ге 15 миллион еуро (7,4 млрд теңге) ғана бөлінген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу