Қазақстанда педагогтар тапшылығы сезілуде

4008

Мемлекет мұғалім мәртебесін көтеру ісінде шын мәнінде ілгерілей алғаны аңғарылады.

Қазақстанда педагогтар тапшылығы сезілуде

Педагог болу – пайдаға кенелу ме?

"Педагог мәртебесі туралы" заңның қабылданғанына таяуда 2 жыл толмақ. Осы уақытта заңда қойылған мақсат-міндеттер қаншалықты жүзеге асты? Қандай мұраттарға қол жетті?

Білім беру саласы "қалдық қағидатымен" қаржыландырылған кезеңде сала кадр тапшылығын қатты тартты, саладан ер-азаматтар жаппай кетіп, еңбек, дене шынықтыру пәндерін де әйел мұғалімдер жүргізе бастады. Еркек басымен педагог болып істеуден ұялатындар шықты.

Енді ахуал мүлдем өзгергенге ұқсайды. Жұмыс істеп жүрген педагогтер жұмыстан шығып қалмауға тырысады. Әлдеқалай орын босай қалса, бір орынға бірнеше үміткер таласады. Өйткені мектеп мұғалімдеріне жасалған жағдай жақсарған көрінеді.

"Бүгінде педагогтер жағдайы көш ілгері. Бұрын 42 күн демалыста әкімдік әртүрлі жұмысқа жегетін. Ал биыл толыққанды 56 күн демалдық. Әріптестерім жазғы мектепте қосымша табыс тапты. Бір миллионның үстінде демалысақы (отпускной) шықты, оны жинағыма қосып, көлік сатып алдым. Әріптестерімнің біразы көлікті болды. Бұрын оқушыларды жағалап, үй-үйді аралайтынбыз. Қазір бәрі оңай, WhatsApp чат не ата-аналар комитеті арқылы хабарлай саламыз. Ара-тұра балалар мен ата-аналарға қатысты ақпарат жинатады. Әнеу күні "оқушыларыңның отбасылары халық санағына қатыссын" деп міндеттеді. Бірақ бұрынғыдай қаптап тапсыратын есеп жоқ", – деп көңілі толатынын білдірді қарағандылық мұғалім Ержан Әйтенұлы.

Ел Үкіметі 2019 жылғы желтоқсанда қабылданған заң негізінде педагогтер үшін қолайлы жағдай жасау және олардың кәсіби өсуін ынталандыру бағытында жүйелі шаралар кешенін іске асыруда.

БҒМ дерегінше, кәсіби өсудің жаңа жүйесін енгізу арқасында педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шеберлердің жалақысы лауазымдық айлықақының 50%-ына дейін артқан. Жарты миллионнан аса жалақы алатын мұғалімдер көбейді.

Заң аясында мемлекеттік балабақша тәрбиешілерінің құқығы мұғалімдермен теңесті. Олардың жалақысы былтырдан бері жыл сайын 25%-ға артып отырады, демалыс күндері де 42-ден 56-ға дейін өсті.

Бұдан бөлек, педагогтер тәлімгерлік, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы алады. Спорт секцияларын жүргізгені үшін қосымша ақы енгізілген. "Физруктарға" да әл-ауқатын түзеуге мүмкіндік жасалуда.

Бұрын сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін тиын-тебен төленетін, енді бұлар үшін қосымша ақылар көлемі айтарлықтай артты.

Нәтижесінде, БҒМ дерегінше, 2020 жылы қосымша ақылар мен үстемеақылардың ұлғаюын қосқанда, педагог жалақысы 50%-дан астамға өскен. Ал 2021 жылғы қаңтардан жалақы тағы 25%-ға ұлғайды. Мұндай жалақы өсімімен өзге сектордың көбі мақтана алмайды.

Білім саласы ең ірі жұмыс берушіге айналады

Өзге мемлекеттік ұйымдардағы ұстаздардың да табысы артты. Мысалы, 2020 жылы колледж педагогтерінің жалақысы 25%-ға өсті және біліктілік санаты үшін қосымша ақы белгіленді. Оның көлемі базалық лауазымдық айлықақының (БЛА) 30%-дан 50%-ына дейін жетеді. Бұл төлем ұлттық біліктілік тестін тапсыру қорытындысы бойынша белгіленеді.

Өткен жылы колледж педагогтері біліктілік санаттарын алу үшін алғаш рет осы біліктілік тестінен өтті және соның арқасында 2 мыңнан астам педагог санаты үшін қосымша ақы алуда. Жан басына қаржыландыру қағидалары бойынша колледж тәлімгерлеріне еңбекақы төленеді.

Егер "Болашақ" бағдарламасының түлегі педагог болып жұмысқа орналасса, ол тіпті біліктілік категориясын алу рәсімінен өтпей-ақ, БЛА-ның 40%-ы мөлшерінде қосымша төлем алады және оған бірден "педагог-зерттеуші" біліктілік категориясы беріледі.

Ғажабы сол, мұғалімдік жолын таңдаған адам еңбек жолын бастамай жатып, табысқа кенеледі екен. Университетте педагогикалық бағыттарда оқитын бакалавр студенттердің стипендиясы 26 мыңнан 50 мың теңгеге өсті. Бұл басқа мамандықтар арасындағы ең жоғарғы шәкіртақы. Жасыратыны жоқ, тіпті бұдан аз алатын жұмысшылар да жетерлік. Біз жақында, мысалы, ауылдық пошташылардың кейбірі 15 мың теңгеге еңбек етуге мәжбүр екенін жазғанбыз.

Педагог мәртебесінің өсуі осы мәртебені иеленуге құлшынушылар санын күрт арттырды. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, соңғы үш жылда еліміздегі педагог кадрлардың саны жарты миллионға жуықтады! Салыстыру үшін айтсақ, он жылдай бұрын, 2010 жылы елде 282,3, ал 2013 жылы 285 мыңдай мектеп мұғалімі болыпты. 2020 жылы педагогтар қатарын 9 220 жас маман, 2021 жылы – бірден 11 800 адам толықтырды.

Дегенмен сала ары қарай да жұмыскерлерінің қатарын еселеп ұлғайта бермек. Нәтижесінде білім секторы еліміздегі ең ірі жұмыс берушіге айналып барады. Қазірдің өзінде жаңа вакансиялар ашылуда.

"Университеттерден, оқу орындарынан жыл сайын жас мамандардың бітіріп, қатарға қосылуына қарамастан, білікті педагогтарға деген қажеттілік әлі де сақталуда. Мамандарға деген үлкен қажеттілік "Орыс тілінде" – 889 мұғалім, бастауыш сыныпта – 558, "Математикада" – 505, "Ағылшын тілінде" – 404, "Физикада" – 208, "Химияда" – 188, "Информатикада" – 131 мұғалімге зәрулік бар. Ауылға жоғары білікті педагогтерді тарту көкейкесті мәселе болып қалуда. 2020 жылы жалпы білім беретін мектептерден 22 525 адам, соның ішінде ауылдық жерлерден – 10 038 адам немесе педагогтардың жалпы санының 7%-ы кетті. 2020-2021 оқу жылы кезеңінде 598 жас маман мектептерден кетті, олардың 43%-ы ауылдық жерлерде", – деп мәлім етті БҒМ.

Егер жалақысы жоғары болса, онда неге кетеді? Оның бір себебін Қостанай облысының Алтынсарин ауданындағы мектептің мұғалімі Қабдрахман Қалиев түсіндірді.

"Қолданыстағы заңнама бойынша зейнеткерлікке жасы жеткен педагогтер егер мектеп әкімшілігі онымен бір жылға еңбек келісімшартын бекітпесе, ары қарай жұмысын жалғастыра алмайды. Зейнетке кетуі керек. Алайда мектептер директорлары олармен келісімшарт жасаспауға тырысады. Тіпті ауылда оған тең келетін лайықты балама таба алмайтынын біле тұра солай жасайды. Салдарынан, жоғары кәсіби біліктілікке ие, жоғарғы категориясы бар ұстаздардың өзі қимай-қимай мектептен кетіп жатыр. Әрине, қалалық мектептерге оңай, оларда конкурс жоғары. Ал ауылда педкадрлар тапшылығы апаттық жағдайға жетті", – дейді педагог.

Ол үздік педагог болып танылған математика пәнінің мұғалімі жасы зейнетке жеткендіктен жұмыстан шығарылғанын мысалға келтірді. Мүмкіндік бергенде, ол тағы бірнеше жыл жемісті еңбек етіп, талай оқушының дарынын ұштар ма еді?! Қ. Қалиев әкімге хат жолдап, зейнет жасына жеткен педагогтерге өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін тетікті енгізуді ұсыныпты. Бірақ ұсынысы қабылданбаған.

Жалпы елдегі демографиялық дүмпудің арқасында мұғалімдер тапшылығы сақталмақ. БҒМ "Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 1 мың мектеп салу туралы тапсырмасына байланысты педагог кадрларды даярлау мәселесі өткір тұрғанын" хабарлады.

Педагогтерге деген қажеттілік демографиялық өсу, жаңа мектептер салу, жеке мектептер үлесінің ұлғаюы есебінен қарқынды өсе бермек.

Мәртебе жоғары, жауапкершілік ше?

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев педагогтердің біліктілігі мен білімінің сапасын көтеруді тапсырғаны мәлім. Әйтпесе, өзге салаларда орын таба алмаған жастар гранты көп болған соң педагогика мамандығына түсе салатыны құпия емес. Осы орайда БҒМ мамандыққа дарынды жастарды көбірек тарту және педагогикалық бейіндегі білім беру бағдарламаларына үміткерлерді сапалы іріктеу үшін ЖОО-ға түсуге қажетті ҰБТ-ның шекті балын 50-ден 75 балға дейін жоғарылатты.

Бұған қоса, педагогикалық бағыттағы түлектерді сертификаттау енгізіледі. Болашақ педагог біліктілік санатын Ұлттық біліктілік тестінен өту нәтижелері бойынша алады. Осылайша, егер тестілеу сынағына сүрінбесе, мансап сатысына жаңа ғана аяқ басқан жас мұғалім әп дегеннен жалақысының айтарлықтай өсуіне қол жеткізе алады. Себебі бірден категория және қосымша ақы алады.

Педагогикалық этика және педагогтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңестер құрылды.

Салада проблемалар да жетерлік. Мысалы, "Педагог" кәсіби стандарты 2017 жылы бекітілді. Демек барлық педагог соған сай болуға тиіс еді. Алайда стандарт педагогикалық білім беруді дамыту, жұмыс істейтін педагогтердің біліктілігін арттыру және аттестаттау басымдықтарына сәйкес келмейтіні анықталған, соған байланысты педагог кадрларды даярлау жүйесінде көп қолданылмапты.

"Өткен онжылдықтарда бұл мамандық мәртебесінің төмен болғаны, педагогикалық мамандықтарға түсуге қойылған талаптардың төмендігі ақырында кәсібіне бей-жай қарайтын, кәсіби өсуге ниеті шамалы педагогтердің елеулі үлесінің пайда болуына соқтырды. Мектеп және колледж директорларының пікірінше, қазақстандық педагогтердің сабақты ұйымдастыру және өткізу сапасы, өзгерістерге дайындығы және оқушылардың жеке қажеттіліктерін есепке алуы сияқты өлшемдер бойынша дамыған 37 елдегі педагогтерге қарағанда, айтарлықтай арттап қалды", – делінген білім беруді дамытудың жаңа тұжырымдасында.

Саладағы проблемалар жаңа реформалар аясында шешімін табуға тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу