Қазақстанда президент сайлауында дауыс беру басталды

1846

Қазақстандықтар Президенттікке алты үміткердің ішінен таңдау жасайды. 

Қазақстанда президент сайлауында дауыс беру басталды

Жексенбі күні сайлау учаскелері ашылып, президенттікке кандидаттарға дауыс беру басталды, деп жазады inbusiness.kz.

Қазақстанда және шетелде құрылған 10,1 мыңнан астам сайлау учаскелерінің (68-і республиканың шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінде) көпшілігі Астана уақытымен таңғы сағат 07:00-де есігін айқара ашты, елордада, Алматы мен Шымкентте 86 сайлау учаскесі бір сағат бұрын - 6:00-де жұмыс істей бастады. Қазақстанның 20 аймағының бесеуінде сайлау учаскелері басқа уақыт белдеуінде болғандықтан бір сағаттан кейін ашылады.

Сайлаушылар жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін дауыс беруге құқылы, содан кейін сайлау учаскелерінде дауыстарды санау басталады.

Атап айтқанда, Абай облысында – 475, Ақмола облысында- 717, Алматы облысында – 606, Шығыс Қазақстан облысында – 537, Жамбыл облысында – 493, Жетісу облысында – 447, Қарағанды облысында – 642, Қостанай облысында – 745, Павлодар облысында – 528, Солтүстік Қазақстан облысында – 640, Түркістан облысында – 919, Ұлытау облысында – 136, Астана қаласында – 406, Алматы қаласында - 600, Шымкент қаласында 311 сайлау учаскесі жұмысына кірісті.

Ал қалған 5 өңірде, атап айтқанда Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07-00-де, астана уақытымен сағат 08-00-де басталды.

Еске салар болсақ, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын.

Ал 21 қыркүйекте президент сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасына белгілеу туралы Мемлекет басшысының Жарлығы жария етілді.

23 қыркүйекте президенттікке үміткерлерді тіркеу басталды. Сол күннен 21 қазан аралығына дейін республикалық қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар 12 тұлғаны Орталық сайлау комиссиясына үміткер ретінде ұсынды. Оның алтауы президенттіктен үміткер ретінде тіркелді.

Атап айтсақ, 

1. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті. Оның кандидатурасын бірнеше саяси партия мен республикалық қоғамдық бірлестік халықтық коалиция ретінде ұсынды.  

2. Мейрам Зекешұлы Қажыкен – "Заманауи қоғамды зерттеу институты" ЖШС директоры, "Аманат" Қазақстан кәсіподақтарының достастығы" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.  

3. Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев – "Қазақстан фермерлер одағы" қауымдастығының президенті, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынды.  

4. Қарақат Жақсылыққызы Әбден – Астана қаласы мәслихатының VI шақырылымының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі. Оның кандидатурасын "Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.  

5. Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының негізін қалаушы. Ол "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылды.  

6. Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан түсіп жатыр. 

Президенттікке кандидаттар 21 қазан күні сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат жұмыстарына кірісуге рұқсат алды.

Сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 640-тан астам байқаушы тіркелген.

Қазақстан халқының саны 19,6 миллион адамнан астам. Бұл ретте 11 миллион 950 мың 485 адам дауыс беруге құқылы. Орталық сайлау комиссиясы "резервті ескере отырып" 12 миллион 69 мың 990 бюллетень шығару туралы шешім қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу