Қазақстанда Ресей университеттерінің қандай шарттармен ашылатыны анықталды

3302

Олардың қызметін қазақ елі қаржыландыратыны белгілі болды. Ресейлік университеттерден елімізде қазақ тілі мен Қазақ тарихын оқыту ғана талап етілмек. 

Қазақстанда Ресей университеттерінің қандай шарттармен ашылатыны анықталды

Ресейдің барлық ЖОО-лары "Болон жүйесінен" шықты. Бұл туралы РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Дмитрий Афанасьев мәлімдеді. Сөйтіп солтүстік көрші озық және дамыған мемлекеттер қабылдаған жүйеден іргесін аулақ салып, кеңес кезіндегі маман даярлаудың ескі жүйесіне кері оралады.

Басқаша айтқанда, Ресей бакалавриат пен магистратураға негізделген қазіргі заманғы жоғарғы білім жүйесінен КСРО-да болған "специалитетке" қайта көшуге кірісті.

Бұл ресейлік университеттердің Қазақстанда филиалдарын ашуға кедергі келтіруі мүмкін еді. Себебі кеңестік жүйе еліміздегі қазіргі жүйеге қайшы келеді. Дегенмен, ресейлік ЖОО-лардың қазақстандық филиалдарына біздегі жоғарғы білім беру жүйесіне төселуге тура келмек.

Осы орайда Білім және ғылым министрлігі "МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалын және И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалын құру туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

Оған сәйкес, ресейлік Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, ал Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында орналасатын болды.

Ресейлік ЖОО филиалдары еліміздегі жастарды тек орыс тілінде оқытады. БҒМ олардың оқыту бағдарламасына "Қазақ тілі" мен "Қазақстан тарихын" енгізуге ғана қол жеткізе алыпты.

"Филиалдар білім беру қызметін "МИФИ" ҰЗЯУ мен Губкин атындағы РММГУ-дің төл білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырады. Филиалдардағы оқыту, даярлау бағыттарының тізбесін Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 21-отырысының шешіміне сәйкес құрылған Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссия айқындайды. Оқыту алдымен қазақстандық филиалдар базасында 2-3 жыл, әрі қарай Ресейдегі бас университеттері базасында 1-2 жыл бойы жүзеге асырылады", – делінген құжатта.

Оқу жалпы алғанда, 4 жылға созылады деп күтілуде. Бұл – бакалавриатқа сәйкес келеді. Ал кеңестік жүйеде специалитет бойынша оқыту 5-6 жылды құрайтын.

Билік ресейлік жоғарғы білімді жоғары бағалайтындықтан, елімізде РФ ЖОО-ларын ашып отыр. Егер олардың филиалдарында қалпымен қазақстандық профессор-оқытушылар қызмет етсе, онда білім де ресейлік деңгейде болмайды. Осы байламға сүйенген біздің шенеуніктер ресейлік ғылым ордалары филиалдарының әрқайсысында жұмыс істейтін оқытушылардың кем дегенде 50%-ы – ресейлік мамандар болуы, яғни бас ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамын тарту үлесі осынша болуы шарт деген міндет қойыпты.

Тек ертең ол профессорлар Ресей империясын қалпына келтіру туралы қазақстандық студенттер арасында теріс үгіт-пропаганда жүргізіп, баскесер сепаратистерді тәрбиелеп шықпаса болғаны. Өйткені Е.Букетов атындағы Қарағанды университетінің үлгісі көрсеткендей, Қазақстанның Білім және ғылым министрі ресейлік ЖОО-лар түгіл, отандық ЖОО-ларда кімнің қандай "білім беріп" жүргенін бақылауда ұстауға қауқарсыз көрінеді.

БҒМ олардан "білім беру қызметін ұйымдастыру тәртібі филиалдардың бас университеттеріндегі білім беру сапасы деңгейінен төмен емес білім беру сапасын қамтамасыз етуге тиіс" деген талап қойып отыр. Ресей Болон жүйесінен шығып, Кеңес одағының жұртына қайтып жатқанда, ресейлік жоғарғы білім беру сапасы төмендейтінін көршінің сарапшылары да, академиктері де мәселе етіп көтеруде. Ендеше оның Қазақстандағы білімге кері әсер етпесіне ешкім де кепіл бере алмайды.

Ресейлік сарапшылар Болон жүйесінен кеткен соң РФ дипломдарын әлемнің өзге елдері мойындамайтынын айтады. Онда ресейлік филиалдардың дипломын алған қазақстандық мамандар әлемнің озық университеттерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігінен айрылуы ғажап емес.

Екі ел арасындағы келісімнің "қызықты" тұсы бар, оған сәйкес, Қазақстанда табыс табатын ресейлік ЖОО филиалдарының қызметін Қазақстан қаржыландырады екен. Осы мақсатта республика оларға мемлекеттік гранттар бөледі және ол гранттардың әрқайсысына бюджеттен мол қаражат береді.

Бұл ретте БҒМ 2020 жылы мемлекеттік білім тапсырысының құнын 1,7 есеге – 635 мың теңгеден 1,08 миллион теңгеге дейін көтерді. Осылайша, бүгінде университеттерге әр оқу жылында республикалық бюджеттен 1 мемлекеттік білім гранты үшін 1 миллион теңгеден артық қаражат аударылады. Демек егер ресейлік филиалдар 2 мың студентті оқытса, жыл сайын кем дегенде 2 миллиард теңге табыс табады. Оларға ақылы бөлімдер ашуға, ақылы білім қызметтерін көрсетуге рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, бюджет есебінен олардың ғылыми жобалары қаржыландырылады. Сонымен қатар оларға елімізде инвестициялық қаражат, заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылық қаржысын, демеушілердің ақшасын, Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыны тартуға жол ашық.

Құжатта "Филиалдар өз қаражаты немесе Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен білім алушыларға өзге де білім беру гранттарын, стипендиялар мен төлемдерді тағайындауға құқылы" деп жазылған. Яғни, ресейлік ғылым ордалары Қазақ елінде өз гранттарын ұсынып, кімді оқытамын десе де өзі біледі.

"Филиалдарды материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің материалдық-техникалық базасы есебінен жүзеге асырылады", – деп жазылған Премьер Ә.Смайылов қол қоятын Үкімет қаулысының жобасында.

Қорыта айтқанда, Ресей университеттерінің Қазақстандағы филиалдары Қазақ еліне қып-қызыл шығын әкелгелі тұр. Олар соған лайық болып, білікті мамандар даярлай алса жөн.

Айтпақшы, РФ Ғылым және жоғары білім министрлігі "ресейлік ЖОО-лардың ректорлары Ресейлік ректорлар одағының үндеуіне қол қойып, Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясын қызу қолдағаны үшін іс жүзінде Болон процесінен аластатылғанын" хабарлады. Биылғы 11 сәуірде Болон тобы Ресей және Беларусь өкілдіктерін уақытша тоқтататынын мәлімдеген еді. Енді Ресей жоғарғы білімнің ұлттық жүйесін құруда, "оның негізіне КСРО тәжірибесі алынатын болады".

Ресейлік ЖОО ректорлары Кеңес одағында болған білім жүйесіне оралуды да қолдады.  

"Біз қабылдап отырған осы шешім әрине, халықаралық ынтымақтастықты шектейді. Бірақ біздің университеттер замана шырғалаңын ескеруі, соған бейімделуі керек. Тиісінше, бағдаламаларымыз да өзгеретін болады. Басты екпін бакалавриаттағы 4 жылдық оқуға емес, енді 5-6 жылдық специалитетке түсіріледі", – деді Ресейлік ректорлар одағының президенті, МГУ ректоры Виктор Садовничий.

Бұл өзгерістерге РУДН президенті Владимир Филиппов қана қарсылық танытты.

"КСРО заманы қазіргі өмір шындығынан өзгеше, сондықтан Кеңес одағының білім жүйесі бүгінде тиімсіз. Оған қайта оралмаған дұрыс. Бұл мемлекет үшін де, тұлғалар, яғни жастар үшін де апатпен бірдей. Өйткені кеңес кезінде жоғарғы білім элитарлы болатын, оған түсу әбден күрделендірілді. Ал қазіргі заманда бүкіл әлемде жаппай жоғарғы білім алу дәуірі орнығуда. Онсыз ұлт білімді болмайды, егер жұрттың бәрі қарапайым жұмысшы болып кетсе, жаңа ілімдерді, технологияларды жасау, игеру ұлтқа қиынға түседі", – деді Владимир Филиппов.

АҚШ, Германия, Франция және басқа да дамыған елдерде жоғарғы білім алу, ең болмаса, колледж бітіру – культке айналған. Мектептен кейін жоғарғы білім ала алмағандар өзін қор сезінеді. Ал Африка, Азия, Таяу Шығыс, Латын Америкасы елдерінде бәрі керісінше, азаматтардың басым көпшілігін қара жұмысшылар құрайды, олардың өздері де, балалары да жоғары білім алуға ұмтылмайды.

РУДН ректоры В.Филиппов білім жүйесін өзгерткенде биліктің халықтан, жұмыс берушілерден, болашақ студенттерден пікірін сұрамағанына өкінеді.

"Бүлінгеннен бүлдіргі алма" деп ата-бабамыз өсиет қалдырыпты. Жастарымыздың болашағын кері кеткен елдің білімімен байланыстырып, біздің билік те ертең бармақ шайнап отырмаса болғаны.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу