Қазақстанда ресейлік пропаганда қандай жағдайда бұғатталатыны белгілі болды

2602

Құзырлы орган қазақстандықтардың пропагандистерді сотқа беруін күтеді. 

Қазақстанда ресейлік пропаганда қандай жағдайда бұғатталатыны белгілі болды Фото: yandex.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Көпарналы хабар таратудағы таратылуына қарай міндетті теле-, радиоарналардың санын айқындау туралы" №34 бұйрығына өзгеріс енгізетін жаңа бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды.

Құжат Ақпарат және коммуникациялар министрлігін Дәурен Абаев басқарып тұрған тұста, 2016 жылғы 11 шілдеде қабылданған "Көпарналы хабар таратудағы таратылуына қарай міндетті теле-, радиоарналардың санын айқындау туралы" бұйрығын өзгертеді.

"Телерадио хабарларын тарату туралы" ҚР заңының 7-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес бұйырамын: көпарналы хабар таратуда таратылуына қарай 17 (он жеті) міндетті теле, радиоарна айқындалсын", – делінген жаңа бұйрық жобасында.

Яғни, міндетті телеарналар мен радиотолқындар саны бұрынғы 15-тен 17-ге артқалы тұр. Бірақ жаңа арналардың аттары әзірге аталмады.

"Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымы негізінде министрліктің Ақпарат комитеті міндетті теле, радиоарналар тізбесін кеңейту мәселесін қарады. "Телерадио хабарларын тарату туралы" заңының 7-бабының 1 тармағының 12) тармақшасына сәйкес, уәкілетті орган көпарналы хабар таратуда таралуына қарай, міндетті теле-, радиоарналардың санын айқындады", – деп қысқаша түсініктеме берді ведомство.

Әрине, бұл жерде қоғамды міндетті топтаманың толыққаны емес, керісінше сирегені қызықтырып отыр. Мысалы, былтыр одан ресейлік СТВ алып тасталған. Алайда аты ТМД-лық, заты ресейлік, яғни РФ жымысқы пропагандасын таратын "МИР" телеарнасы сақталып қалып, қазақстандық бюджет есебінен қанат жаюда.

Ұлт жанашырлары сыртында, былайғы қазақстандықтар да отандық ақпарат айдынында жауыздық пен соғысты насихаттайтын көршінің пропагандасынан әбден зәрезап болғандарына шағымданады. Мемлекет халықтың психикасын бұзатын теріс уағызды тоқтату орнына, қорқасоқтап, артын бағып отырғандай.

"Қазақстан аумағында ВГТРК арналарын бұғаттап тастауды сұраймын. Соловьевтың, Скабееваның және басқалардың бағдарламаларында тәулік бойы соғысты, қантөгісті насихаттайды. Ресей арналары интернетте де, кабельді желіде де, отандық операторлардың, соның ішінде тіпті мемлекеттік "Қазақтелекомның" топтамасында да қолжетімді. Өз айдынымызды РФ пропагандасынан арылтып, алып тастайтын кез жетті. Бұлар кесірден басқа ештеңе әкелмейді", – деп жанайқайын жеткізді қарағандылық қоғам белсендісі Максим Царев.

Билік не дейді?

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл өтініш қаралғанын хабарлады. Бірақ Қазақстан аумағында қандай да бір телеарнаның таралуын тоқтату толығымен ведомствоның құзырында емес екен. "Байланыс туралы" заңының 41-1-бабына сәйкес, телекоммуникация желілерінің, интернет-ресурстардың, ақпарат құралдарының жұмысын доғару келесі негіздер бойынша ғана жүзеге асырылады:

  • сот шешімімен;
  • Бас прокурордың немесе оның орынбасарларының ұсынуымен;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының немесе орынбасарларының, комитеттің аумақтық органдары бастықтарының ұсынуымен.

"Осылайша, қандай да бір арнаның, соның ішінде ресейлік БАҚ-тың жұмысын уақытша тоқтату не толық тоқтату үшін осы аталған негіздердің бірі талап етіледі. Бүгінде ВГТРК ресурстарына қатысты ондай негіздер жоқ. Бұған қоса, "Бұқаралық ақпарат құралдары" туралы заңының 13-бабында айтылғандай, уәкілетті органда есепке қойылған БАҚ-тың өнімін шығару немесе тарату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша ғана тоқтатылуы мүмкін. Ал "Телерадио хабарларын тарату туралы" заңына сәйсек, егер сот шетелдік теле-, радиоарна тарататын ақпаратты заңнама талаптарына қайшы келеді деп таныса, онда оның Қазақстан аумағында таратылуы тоқтатылады. Егер ресейлік арналарда қазақстандық заңнаманы бұзатын, белгілі бір қауіпті іс-қимылға шақыратын материалдардың барлығы расталса, онда бұл фактілер бойынша оларды жою және жол бермеу бағытында шаралар қабылданады", – деп хабарлады ақпарат министрлігі.

Әрине, ресейлік кабелді ғана емес, тіпті федералдық міндетті арналарда да ондай материалдан аяқ алып жүре алмайсыз. Көрмес түйені де көрмес деген осы.

Ведомство мамандары бұл тақырыпта өз басшысының бұған дейін өз ұстанымын нақты білдіргенін еске салды.

"Қосымша атап өткіміз келеді: ресейлік мемлекеттік телеарналарды ағытып тастау туралы ұстанымын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бұдан бұрын жариялады. "… Біз РФ мемлекеттік телеарналарын тек қана сот үкімімен ағытып тастай аламыз. Егер біздің азаматтар сотқа шағымданып, сот осыған қатысты тиісті шешім шығарса, біз оны орындаймыз. Егер сотта бұзушылықтар әшкереленсе және ол сот шешімінде көрініс тапса, біз оны орындаймыз. Қазіргі кезде жалпы мониторинг жүргізіп жатырмыз. Осы тақырыппен байланысты көптеген мәселелер Сыртқы істер министрлігінің құзырына кіреді" деді министр", – деген түсініктеме берді ақпарат ведомствосы.

Өз кезегінде министрлік мамандары Қазақстанда сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға ел Конституциясында кепiлдiк берiлгенін ескертті. Цензураға тыйым салынған.

Сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі отандық және шетелдік ақпарат құралдарының редакциялық саясатына араласа алмайтынын алға тартты.

Демек, ресейлік пропаганда Қазақстанға және оның азаттығына, ұлтымыздың шығу тегіне, жеріміздің тұтастығына қатысты ойына келгенін ары қарай айтып, РФ тұрғындарын қарсы қоюын жалғастыра беретінге ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу