Қазақстанда ресейлік пропагандаға тосқауыл қойыла ма

2096

РФ-ның қаптаған телеарнасы елімізде заңсыз таратылып жатқан болып шықты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Қазақстанда ресейлік пропагандаға тосқауыл қойыла ма Фото: yandex.kz

Ұлт жанашырлары жат идеологияның насихатталуына тоспа құруды біраз жылдан бері талап етіп келеді. "Қашан соғысты қалайтын, соғысқа шақыратын мына ресейлік телеарналар жабылатын болады" деп, таяуда қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да үндеу тастады. Ақпараттық идеология көмегімен өзге елдің жұртына қуатты ықпал етуге, "темір жұдырықпен" тырп еткізбей басқаруға, тіпті өлімге де айдап салуға болатынын қазіргі әлем тәжірибесі паш етті.

Бұрын кеңеске отар болған елдердің көбісі өз ақпараттық айдыны мен халқын улы идеялармен улануынан қорғап, РФ телеарналарының көрсетіліміне тыйым салды. Көш соңында қалғаны Қазақстан болып тұр. Себебі түсінікті – өзін-өзі тығырыққа тіреп, азуын ақсита ашынған алпауыт дәл іргеде.

Биылғы қыркүйектің соңында "Beeline Казахстан" 5 қазаннан бастап, "Россия 24", "Первый канал СНГ", "Дом кино", "Победа", "НТВ МИР" сияқты бірқатар ресейлік телеарналардың трансляциясын доғаратынын жариялап, елді бір қуантқан еді. Оның өтемі ретінде отандық оператор клиенттерді автоматты түрде "арттырылған ТВ-пакетке" ақысыз көшіретінін хабарлады.

Одан бері не болғаны белгісіз, алайда осы апта басында ресейлік ақпарат құралдары "Билайн" Қазақстанда ресейлік арналарды ағытып тастағанын жоққа шығарды" деген тақырыппен шықты. Компания журналистердің сұрауына жауап бере келе, РФ телеарналарын таратуды тоқтатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын, оператордың телевизиялық хабар тарату кестесінде ешқандай өзгеріс жоқтығын хабарлаған. Шынында, аталған оператордың сайтындағы телеарналар тізбесінде сол бұрынғыдай,  "Первый канал СНГ", "Россия 1", "Россия 24", НТВ тұр.

"Beeline Қазақстанның" түсіндіруінше, компания "әдетте ойын-сауық, көңіл көтеру мақсатында video-on-demand контентті (сұрау бойынша контентті) тұтынатын" жастар аудиториясына бағдарланғандықтан, жаңалықтарға басымдық беретін телеарналарды алып тастап, көңіл көтеруге бағытталған бағдарламаларды көбейтуға ұйғарыпты. Бірақ артынша оператор бұл шешімінен бас тартқан. Онысын хабар тарату кестесінде жаңалықтар арналарын қалдыруды сұраған клиенттердің өтінішімен түсіндіреді.

Яғни, қазақ даласында ресейлік пропаганданың алшаң басуы жалғасқан.

Сонымен бірге, өңірлерде елді жат идеологиясынан тазартуға батыл емес, бірақ сақ қимылдар да жасалып жатқанға ұқсайды. Мысалы, ресейлік заңсыз спутниктік компаниялардың жұмысы шектеле бастаған. Әйтпесе, өңірлерімізде арзанқол тәрелкелерді орнатып, телеарналар таратылымын тікелей Ресейден алғызатын отбасылар көп. Ол пакеттерде әрине, бірде-бір қазақстандық арна жоқ.

Осы орайда Шахтинск қаласы әкімдігінің аппараты тұрғындардан түсіп жатқан өтініштерге қалай жауап беру керектігін сұрап, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүгінді. Жергілікті атқарушы органға биылғы қарашадан бері Қарағанды облысының аумағында шетелдік телеарналар мен радиотолқындарды таратуға және ретрансляциялауға қатысты өтініштер түсіпті.

"Осыған байланысты Қазақстан Республикасының аумағында есепке қойылған және таратылатын шетелдік теле-, радиоарналардың тізіліміне келесі шетелдік телеарналардың қосылған-қосылмағаны туралы ақпарат ұсынуды сұраймыз. Бұлар: "Первый канал HD", "Первый канал +2", "Россия 1", "Россия 1+2", "НТВ+4", "НТВ+2", "СТС", "ТВ-Центр", "Звезда", "Большая Азия", "Матч! ТВ", "МАТЧ! Арена", "Матч! Игра", "Матч! Премьер", "Матч! Страна", "Матч! Футбол 1", "Матч! Футбол 2", "Матч! Футбол 3", "СтартТВ". Бұған қоса, операторлардың Қазақстан территориясында аталған телеарналарды таратуының заңдылығын түсіндіріп беруді өтінеміз. Мұны азаматтар сұрап отыр", – деп жазады Шахтинск қаласының әкімдігі.

Жауапты ведомство осы аталған ресейлік арналар елімізде тіпті есепке тұруы да жөн деп таппағанын растады.

"Келіп түскен өтінішті қарай келесіні, хабарлаймыз: "Первый канал HD", "Первый канал +2", "Россия 1", "Россия 1+2", "НТВ+4", "НТВ+2", "СТС", "ТВ-Центр", "Звезда", "Большая Азия", "Матч! ТВ", "Матч! Арена", "Матч! Игра", "Матч! Премьер", "Матч! Страна", "Матч! Футбол 1", "Матч! Футбол 2", "Матч! Футбол 3", "Старт ТВ" телеарналары Қазақстанның уәкілетті органында есепке қойылмаған. Ал "Телерадио хабарларын тарату туралы" заңының 18-1-бабына сәйкес, шетелдік теле, телерадио хабарларын тарату операторлары Қазақстанның аумағында тарататын шетелдік теле, радиоарналар уәкілетті органда міндетті түрде есепке қойылуға жатады", – деп мәлімдеген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл талапты бұзу үшін жауапкершілік көзделгенін ескертті.

Атап айтқанда, меморганның түсіндіруінше, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 452-бабының 9-бөлімінің 6) тармақшасы бойынша егер телерадио хабарларын тарату операторлары уәкілетті органда есепке, қайта есепке қойылмаған теле, радиоарналарды таратса, онда    лауазымды адамдарға – 50, шағын кәсiпкерлiкке – 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 300 айлық есептiк көрсеткiш (2023 жылы 1 035 000 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады.

Осылайша, операторлар ресейлік пропаганданы заңсыз таратып отырған болып шығады.

Әрине, бұл жерде аудиторияның үлкен бөлігі үшін отандық телеарналардың қызықсыз екеніне қатысты проблема да алдан шығады. Халық өнімдері әлдеқайда сапалы, әрі қымбат ресейлік арналарға ден қояды. Бұл мәселені таяуда қоғам белсендісі Санжар Сабаз көтерген болатын. Ол бірнеше түйткілге назар аудартты.

"Негізі, өңірдегі арналардың да телебағдарламалар өңдіруге мүмкіндіктері бар. Студиялары талапқа сай. Бірақ осы саладағы кем-кетіктері жоқ емес. Бірінші мәселесі – кадр тұрақсыздығы. Мәселен, РТРК құрамына кіретін "Атырау" облыстық арнасында журналистер "айлығымыз аз" деп, жұмыста көп тұрақтамайды екен. Екіншіден, эфир уақыты: республикалық "Қазақстан" ұлттық арнасы таңертеңнен түн ортасына дейін хабар таратса, ал оның филиалдары аймақтарда таңертең бастайды да, түскі уақытта 2–3 сағат үзіліске кетеді. Кешкісін ғана эфирін жалғастырады. Бұл халыққа қолайсыз. Үшіншіден, қаржыландыру жағы кемшін. Өңірлік телеарналарға әкімдіктер бюджеттен тиімді және әділ түрде қаржы қарастыруы қажет. Төртіншіден, жастар тәжірибесіне басымдық беру қажет. Оларға қызықты болар бағдарламаларды түсіріп, бағыт-бағдар беріп, ынталандырған жөн. Тілші боламын дейтін мектеп жасындағы балаларды студияда баулып, медиа-мектептерді ұйымдастыру маңызды", – деді ол.

Оның байламынша, өңірлік арналарға автономия беретін кез жетті, яғни облыстық арналардың жалақы, материалдық-техникалық база және басқа мәселелерде орталықтың келісімін алуы рәсімін доғарып, өзін-өзі басқару жүйесін енгізу керек. С.Сабаздың айтуынша, телевизия – тәрбие құралы болғандықтан, оны жетілдіру де – басты идеологиялық мақсат.

Жалпы, өз идеологиясын құнттамаған ел жат идеологиясының құлы болады.

"Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың түсіндіруінше, бүгінде "Қазақстан" телерадиокорпорациясының құрамына кіретін аймақтық телеарналардың қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттен, сонымен бірге коммерциялық кірістер арқылы жүзеге асырылады.

"Корпорация өз филиалдары қызметкерлерінің еңбекақысының 60%-ын республикалық бюджеттен, қалған 40%-ын филиалдардың өз кірісі есебінен жауып отыр. Ал кадр тұрақсыздығы мәселесін оңтайлы шешу үшін филиалдарды жергілікті атқарушы органдардың қарамағына беру рәсімін жүргізудеміз. Жергілікті әкімдіктердің меншігіне өткеннен кейін қызметкерлердің еңбекақысын арттыру, өзге де мәселелер оң шешімін табуға тиіс. Себебі, қазір филиалдар бойынша тек еңбекақы ғана емес, техникалық жарақтандыру, яғни, бәсекеге қабілетті ету, қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін көтеру, коммерциялық кіріс көлемін арттыру да күн тәртібінде тұр", – деді ол.

Екінші мәселеге келсек, Л.Танысбайдың айтуынша, эфир тарату уақытын филиалдар өз стратегиясы бойынша жүзеге асырады. Қазір аймақтық телеарналар тәулігіне 14–18 сағат аралығында хабар таратады. Жыл сайын корпорация мен оның құрамдас ұйымдары мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен келісімшартқа отырады. Аймақтық телеарналар да эфир кестесін бекітілген келісімшарт негізінде және облыс әкімдігі тапсырысына сәйкес құрады екен.

"Корпорацияның бас кеңсесі филиалдардың эфир таратуын тек осы мемлекеттік тапсырма аясында қадағалайды, ал қалған эфир уақытын пайдалануды филиалдар өз стратегиясына сай жүргізеді. Бұл тұрғыда шығармашылық еркіндік берілген. Аймақтық арналарды жергілікті әкімдіктер құрамына қосу тәуліктік хабар тарату уақытын реттеу мәселесіне де ықпал етеді деп санаймыз. Сонымен қатар, жастар тәжірибесіне, тәрбиесіне басымдық беру жайы күн тәртібімізден түскен емес. Нақты айтар болсақ, 2021 жылы қазан айында корпорация болашақ телевизия және радио саласының мамандарын даярлауға арналған тегін медиамектебін ашты. Қазір қатысушылар легі іріктеліп, білім алуда. Мұндағы мақсатымыз – болашақ журналистердің бойына корпорация мамандарының ұлттық телевизия мен радионы дамыту жолындағы құнды тәжірбиесін сіңіре отырып, кадрлар сабақтастығын нығайту. Медиамектептің үздік студенттерін құрамымыздағы медиақұрылымдарға жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдадық", – деді корпорация басшысы.

Қалай болғанда, ресейлік пропагандамен күресе отырып, қазақ телевизиясын дамыту жайына да баса мән берген абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу