Қазақстанда саяси қызметшілер қатары қысқартылады

2004

Үкімет ел Президентінің саяси және әкімшілік лауазымдардың тізілім-реестрін қайта қарау туралы тапсырмасын орындауға кірісті. Бұл біраз бастықты артықшылық-привилегиялардан айырып, мәртебесін төмендетуі мүмкін.

Қазақстанда саяси қызметшілер қатары қысқартылады Фото: tengrinews.kz

2000 жылдардың басында Қазақстанда шенеуніктер мен әкімқаралар саяси және әкімшілік мемқызметшілерге ажыратылғаны мәлім. Өзге елдердің тәжірибесін зерделей келе, орталықта – министр мен оның орынбасарлары, аймақтарда – облыс, аудан, қала әкімі мен оның орынбасарлары саяси қызметші болып танылатын модель таңдалды. Ізінше бұл тізім күрт артты.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бүгінде жалпы саны 737 саяси қызметші бар. Оның 670-і – ерлер, 67-сі – әйелдер.

Ғасыр басында Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарып, осы реформаны жүргізген, қазіргі Мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовтің айтуынша, дамыған мемлекеттердің басым көпшілігінде сайлауда жеңіске жеткен Президент не Премьер немесе жеңімпаз партиялар өз кандидатын тағайындаған лауазымдар саяси лауазымдарға жатады. Яғни ол қызмет "саяси сенімге" негізделеді.

Батыс елдерінің біразында, Канадада саяси лауазым иелері, мысалы, министрлер, олардың орынбасарлары мен хатшылар – жеке, ал министрліктің бүкіл аппараты – бөлек орналасады.

"Себебі министр мен оның орынбасарларының функциялары аппараттан өзгешеленеді. Министр Парламентті қандай да бір шешімдерді, заңдарды, соған сәйкес бюджетті қабылдауға көндіре, сендіре білуге тиіс. Олар қоғаммен жұмыс істейді, халықтың реформаларды қолдауына қол жеткізуі қажет. Ал әкімшілік қызметшілер негізінен берілген тапсырманы орындаумен, эксперттік-аналитикалық, ұйымдастырушылық қызметпен айналысады. Саяси қызметшілер заңмен қорғалмаған, олар бүгін тағайындалған лауазымынан ертең отставкаға кетуге дайын болуы шарт. Саяси қызметшілерді тағайындау саяси сенімге құрылғандықтан, оларға ешкім емтихан ұйымдастырмайды, салалық арнайы білімінің болуы да талап етілмейді", – дейді Ә.Бәйменов.

Дегенмен қазіргі уақытта қатары өсіп кеткен саяси қызметшілер санын азайту қажеттілігі туындады. Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге де мүмкіндік береді.

"Мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың ағымдағы кезеңі мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының саяси және әкімшілік болып бөлінуін қайта қарауды талап етеді. Оның аясында мемлекеттік саяси қызметшілердің санын қысқарту орынды. Өйткені олардың кейбірі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға нақты қатыспайды. Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің 2022 жылғы 19 шілдедегі жазбасына Президенттің жазған қарарына сәйкес, бірқатарын тізілімнен шығаруға шешім қабылданды. Мысалы, Президент архиві директорының орынбасарларында саясатты айқындайтын міндеттері мен функцияларының болмауына байланысты оларды саяси лауазымдар қатарынан шығару туралы тәсіл мақұлданды", – деген түсініктеме берді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Осыған орай "ҚР Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" жарлығының жобасы әзірленіп отыр.

"Жарлық жобасы Мемлекет басшысының қолданыстағы саяси және әкімшілік лауазымдар тізілімін қайта қарау бойынша тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Құжатта мемлекеттік саяси қызметшілер қатарынан бірқатар лауазымдарды алып тастау және саяси-айқындаушы сипаттағы міндеттері мен функцияларының болмауына байланысты оларды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санатына енгізу көзделген. Жарлықты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді", – делінген агенттіктің түсіндірме жазбасында.

Сонымен құжат қабылданған соң, келесі лауазымдар "мемлекеттік саяси қызметшілер" қатарынан алып тасталмақ:

  • Президент архиві директорының орынбасарлары;
  • Тұңғыш Президент кітапханасы директорының орынбасарлары;
  • Президент іс басқармасы ведомстволарының басшылары;
  • Президент іс басқармасы ведомстволары басшыларының орынбасарлары.

Себебі олардың бәрі мемлекеттің саясатын айқындауға тікелей қатыспайды, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдамайды. Олардың бәрі алда мемлекеттік әкімшілік лауазымдардың "А" корпусына қосылады деп жоспарлануда.

Нақтылай кетсек, алғашқы үшеуі Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті, министрліктер мен агенттіктер аппараттарының басшылары кіретін бірінші санатына жатады.

Ал Президент іс басқармасы ведомстволары басшыларының орынбасарлары аталған корпустың министрліктер комитеттерінің төрағалары, Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасарлары кіретін 2-ші санатқа енгізілетін болады.

Жалпы 2000 жылдан бері Президент іс басқармасының 2 ведомствосы ғана бар, бұлар: "Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы" мемлекеттік мекемесі және "ҚР Президенті іс басқармасының Медиіиналық орталығы" мемлекеттік мекемесі.

Бұған қоса, "Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізетін уәкілетті адамдардың тізбесі" де өзгертіледі.

Атап айтқанда, Президент Әкімшілігінің басшысы Президенті іс басқармасы ведомстволарының басшылары мен олардың орынбасарларының жұмысына бағалау жүргізбейтін болады.

Бір қарағанда, саяси қызметші мәртебесін жоғалту керісінше, бұл бастықтарға игілік әкелетіндей: жүктеме азаяды, басыартық тексерістер, бақылаулар қысқартылады. Екінші жағынан, бұл табыстың төмендеуіне соқтыруы мүмкін. Өйткені Мемқызмет агенттігі жүргізіп жатқан реформа бойынша енді бонус – тек мемлекеттік саяси қызметшілерге ғана белгіленетін ақшалай төлемге айналады. Ал мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша сыйлықақы-премия төленеді.

Бұл ретте біржолғы ақшалай сыйақы – мемлекеттік қызметшілерге ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін белгіленетін ақшалай төлем болады.

Агенттік мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларды өрістетіп жатқаны байқалады. Мысалы, елімізде шенеуніктердің жаңа түрі – контрактілік мемқызметшілер пайда болады. Тиісті заңнамалық түзетулер әзірленуде. Сонымен бірге кейбір ведомстволарда бөлім басшысының 1-2 орындаушымен ғана қалғаны анықталды. Бір қызметкерге бір басшы деген сорақы нәрсе. Сондықтан ондай мекемелер өзгелеріне қосылуы ықтимал.

"Белгілі бір арақатынастың болмауы менеджерлер мен орындаушылар санының теңгерімсіздігіне соқтырды. Мәселен, кейбір меморгандарда бір басшыға орта есеппен 1,5-2 орындаушыдан келеді, ал жекелеген меморгандарда басшылар саны орындаушылар санынан тіпті асып түседі", – деп түсіндірді агенттік.

Бұған тосқауыл қою және алдын алу үшін агенттікке Президент Әкімшілігімен және Премьер-Министр кеңсесімен келісіп, басшылық пен орындаушылық құрам санының арақатынасын регламенттеу құзыры беріледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу