Қазақстанда суррогат аналар "өндірісі" жолға қойылуда

3012

Денсаулық сақтау министрлігі "инкубатор" аналарға қатысты құжат жариялады.

Қазақстанда суррогат аналар "өндірісі" жолға қойылуда

Бедеу ата-аналардың перзент сүюінің бұл тәсілі "қосалқы репродуктивтік технологияларға" жатқызылып отыр.

Сондықтан жаңарған "Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялар көрсетуді ұйымдастыру стандартында" оған тұтас тарау бөлінді. Оған сәйкес, құрсақ ана "донорлық эмбрионды көтеретін және генетикалық ана болып табылмайтын әйел" ретінде танылады. Тиісінше, айы-күні жетіп, босанғаннан кейін автоматты түрда ол бөбектің анасы болудан қалады.

Осы саладағы "қазақстандық жолдың" ерекшелігі де осында: құрсақ ана босана салысымен, ұрығын берген ана бірден нәрестенің заң жүзінде анасы болып танылады және баланың туу туралы куәлігіне соның аты жазылады. Яғни, жас босанған ана алпыс екі тамыры иіп, сәбиді бергісі келмей, қашып кетсе, ол киднепинг қылмысына теңестірілуі мүмкін. Осылайша, билік суррогат ана тарапынан болатын шантаж, қосымша ақы сұрап, қоқан-лоққы жасау, беруден бас тарту және басқа да спекуляциялардың жолын кесті. Себебі, дүниеге әкелісімен, "инкубатор" әйелдің балаға ешқандай қатысы болмайды.

Ал мысалы, көрші Ресейде басқаша: оларда тек суррогат ана баладан бас тартатыны туралы қолхат жазғаннан кейін ғана генетикалық ата-ана ресми түрде танылады.

Батыста нәзік жыныстылар сыр-сымбатын "бұзып", нақсүйеріне ұнамай, махаббатынан айырылып қалмау үшін, болмаса мансап-карьера қуалап жүріп, жұмысбастылықтан арыла алмағандықтан, баласын көтеруге басқа ананың жатырын жалдайды.

Қазақстанда бұған тыйым салынды. Яғни, елімізде тек мына әйелдер ғана "суррогатқа" жүгіне алады:

1) оның жатыры болмауы керек (туа біткен немесе өмірде душар болған дерт кесірінен);

2) сәбидің дамуы кезінде немесе аурулар нәтижесінде қуыстың немесе жатыр мойнының деформациясы;

3) эндометрия патологиясы: эндометрия атрофиясы, емдеуге келмейтін жатыр қуысының синехиясы;

4) жүкті болуға мүмкіндік бермейтін соматикалық аурулар;

5) жоғары сапалы эмбриондарды бірнеше рет қабылдағанына қарамастан, жүктіліктің басталуына әкелмеген экстракорпоралды ұрықтандырудың (ЭКҰ) сәтсіз қайталанған әрекеттері.

Тек осы жағдайларды бастан өткерген отбасылар ғана ұрықты жатырында өсіріп берер әйелді іздей алады.

Бұл ретте осы рөлге кез келген ана жарамайды, кандидат мемлекет қоятын жоғары талаптарға жауап беруге тиіс. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі "суррогат аналарды тексеру көлемін" анықтады.

Ең алдымен, ұрықпен қайшылық туындамау үшін үміткердің қан тобы және резус-факторы анықталады. Содан кейін оның тәнінде мерез, АИТВ, В және С гепатиттерінің, хламидиоз, уреаплазма, микоплазма, ВПГ, ЦМВ, токсоплазмоз, қызамық (краснуха) секілді ауыр инфекциялардың бар-жоқтығы тексеріледі.

Бұдан бөлек, ол әйелдің ТТГ, пролактин, тестостерон гормондары зерделенеді. Жалпы ақуыз, креатинин, билирубин, АЛТ, АСТ, глюкоза, несепнәр сияқты қанының биохимиялық талдауы жасалады.

Коагулограмма; флюорография; уретрадан және цервикалды каналдың флорасына жағынды және қынаптың тазалық дәрежесін зерттеу; жатыр мойнынан жағынды цитологиялық зерттеу жүргізіледі.

Оны терапевт қарап, денсаулық жағдайы және жүктілікті көтеруге қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы қорытынды беруге тиіс.

Сондай-ақ дәрігер оны сүт бездеріне, құрсақ қуысы ағзаларына УДЗ (УЗИ), ЭКГ жасауға бағыттайды.

Тексерістер мұнымен таусылмайды: кандидатты психиатр тексеріп, оң қорытынды беруі шарт. Сонымен қатар наркологиялық диспансерден анықтама алуы, арнайы гинекологиялық тексеруден өтуі міндетті.

Егер зерттеулер кезінде ақшаға толғатуға әзір әйелдің бойынан біріншіден, соматикалық және психикалық аурулар, екіншіден, туа біткен даму кемістіктері немесе жатыр қуысының жүре пайда болған деформациялары, үшіншіден, аналық без ісіктері, төртіншіден, эндометрияның гиперпластикалық процестері, бесіншіден, жедел емдеуді қажет ететін жатырдың қатерсіз ісіктері, алтыншыдан, тұмау және басқа да өткір қабыну аурулары және жетіншіден,  қатерлі ісіктер табылса, суррогат болуына тыйым салынады.

Бала тууға тапсырыс жасаған отбасы және ол баланы көтеруге келісім берген әйел арасында келісімшарт жасалады.

"Нотариалдық шарт жасалғаннан кейін "Суррогат ана болу" бағдарламасы келесі алгоритм бойынша жүргізіледі:       

1) суррогат ананы таңдау және тексеру;

2) етеккір циклдарын немесе алдын ала криоконсервіленген эмбриондарды пайдалана отырып синхрондау;       

3) суррогат ананың жатыр қуысына ұрық-эмбриондарды көшіруге бағытталған ЭКҰ рәсімі;

4) суррогат ананың лютеин фазасын қолдау жүзеге асырылады", – делінген стандартта.

ЭКҰ, УДЗ, ЭКГ және басқа да бірқатар зерттеулер мен тексерулер, дәрігердің қарауы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ақысыз көрсетіледі. Бірақ суррогат ананың өзара келісілген  шығындарының бәрін тапсырыс берген отбасы өтеуі тиіс.

Қолданыстағы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексі құрсақ анаға қызметі үшін ақша төлеуге тыйым салмайды. Одан бұрын сонау 1998 жылғы неке және отбасы туралы заңында суррогат аналар туралы бап болды. Демек, бұл бизнес бұрыннан заңдастырылған. Енді оған мемлекет қолдау көрсетеді.

Сонымен бірге, бұл бағытта шектеу енгізілді. Атап айтқанда, енді тек 20 жастан 35 жас аралығындағы жас әйелдерге ғана "инкубатор" ана болуына рұқсат етіледі.

"Құрсақ аналар ежелгі Римде болған, олардың заңында "жатырды жалға беру" ұғымы қолданылған. Ол бойынша кейбір еркектер жұбайын бедеу ерлі-зайыпты отбасыларға бала туу үшін жалға беріп отырған. Әрине, ол кезде қазіргідей медициналық жолмен, ЭКҰ арқылы ұрықтандыру жоқ, бәрі табиғи жолды пайдаланады. Көрші орыстарда мұндай әйелдерге қатысты "котелок", "сумка", "котомка", "лодка" деген сөздер айтылған. Бірақ бұл қазақ халқында жоқ құбылыс. Әйтсе де, өркениет алға кетіп барады. Жаһандану ондағы тәжірибелерді бізге де тықпалайды. Оның үстіне Қазақстанда әрбір бесінші отбасы – баласыз. Бұл мәселе де шешілуі керек. Бүгінде ЭКҰ орталықтарында суррогат болғысы келетін әйелдер базасы бар. Олар 15 мыңнан 30 мың долларға дейін сыйақы сұрайды. Бұған қоса, ай сайын "айлық" төлеп тұруды, дәрі-дәрмек, анаға қажетті азық-түлік пен жүктілерге арналған киім-кешекті сатып алуды талап етеді", – дейді әлеуметтанушы Қайсар Мақанов.

Қалай болғанда, тіпті мемлекет көмек көрсеткенімен, құрсақ ана жалдау тек ауқатты отбасыларға ғана қолжетімді қызмет болып қала бермек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу