Қазақстанда сығандармен күрес басталды

15898

Қайыршылар құқық қорғау қызметкерлерінен неге қорықпайды?  

Қазақстанда сығандармен күрес басталды

Дағдарыс пен пандемия күшейгелі қалаларда қайыршылар қаптап барады. Әрине, қалтарыс-бұлтарыста имене қол жайған, әрі кетсе жүргіншілерге жаутаңдай қарап, әлденені күбірлеген қазақстандықтар мүсіркеушілік туғызады. Ал бала-шағасымен өріп жүретін, бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндерін де осы көлеңкелі "бизнесіне" жегетін, өткен-кеткеннің етегіне жабысып, жеңінен жұлқылайтын жатжұрттық "мәдениетсіз" қайыршылар елді әбден мезі етті.

Халық коронавирус шектеулері салдарынан шекара тарс жабық кезде бұлардың елге қалай кіріп кеткеніне таңданады. Олар медициналық тексеруден өтпек түгіл, қарапайым масқа тақпайды. Демек, әрқайсысы әртүрлі індеттерді тарату ошағына айналып кетуі мүмкін.

Заңгер Ержан Оралов олардың елде заңды жүргеніне шүбә келтіреді. Бәлкім, пара беріп әлдекімнің қамқорлығында болуы ғажап емес.

"Шетелдік келімсектердің, соның ішінде сығандар мен тәжіктердің елімізде қаптап жүргені қаншалықты заңды? Олар, әсіресе, әр қаладағы базарлардың, автосервис орталықтарының айналасында көп. Қашан көрсең, қайыр сұрап, елді мазалап жүргені. Олардың ешқайсысы салық төлемейтіні белгілі. Оларды бақылауға алып, жөнге салып жатқан тәртіп сақшылары да көрінбейді", – дейді ол.

Арасында ұрлықпен өмір сүретіндері де жетерлік. Бұлардың басынып алғанын көрген қазақстандықтардың – адал салық төлеушілердің көңілі жұтайды, өздерін көшеде қауіпсіз сезінбейді. Жұмыс істемей, қайыршылықпен қомақты табыс табатын бұлар жас ұрпаққа жаман үлгі болуы да ықтимал.

Азаматтардан, қоғам белсенділерінен түскен шағымдарға ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жауап берді.

Ол Қазақстан Конституциясының 12-бабына сай, елімізде шетелдіктер де өз азаматтарымызбен тең құқыққа және бостандыққа ие екенін айтады. Рас, онда жауапкершілігі де бірдей болуға тиіс.

"Негізі "Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы" қолданыстағы заң бойынша шетелдiктер ел аумағында еркiн жүрiп-тұра алады және тұрғылықты жерді де өз бетінше таңдайды. Тек егер шетелдік қоғамдық орындарда өзге адамдарды мазалай берсе, заттарды сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында, болмаса  бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипаттағы қызметтерді күштеп таңу мақсатында тиіссе, мазалап өтініш білдірсе, сонда ғана ол әкімшілік жазаға тартылады. Оған 5 АЕК (13 мың 890 теңге) айыппұл салынады, немесе 5 тәулікке дейін қамалады. Оған да болмаса, елден аласталады", – деді министр.

ІІМ басшысының дерегінше, полицейлер қабылдаған шаралар арқасында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2019 жылы 94 мың 44 шетелдік келімсек әкімшілік жазаланды.  

Соның ішінде 357 шетелдік қайыршылық жасағаны үшін жазаға тартылған.

2020 жылдың өткен айларында жалпы саны 19 мың 860 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілік арқалапты. Соның ішінде Тәжікстанның 571 азаматы бар. Оның 55-і қайыршылық жасағаны үшін айыпталды.

Қылмыс жасағаны да жетерлік. Жатжұрттықтар үстінен 2019 жылы 260, ал биылғы жылы 49 қылмыстық іс қозғалды.

Ерлан Тұрғымбаев шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзу, заңсыз табыс табу, тілемсектену деректеріне жолыққан қазақстандықтардан ол туралы жергілікті полиция органдарына жүгінуді сұрады.

Осының алдында Ішкі істер министрлігі елімізде мыңдаған адам КСРО-ның күші жойылған "қызыл" паспорттарымен жүргенін де әшкереледі.

"Қазақстанда мыңдаған адам кеңестік төлқұжатпен өмір сүруде. Олардың арасында уақытында Қазақстанның азаматтығын алмай қойған қазақстандықтар да, сондай-ақ ТМД-ның өзге елдерінен көшіп келген шетелдіктер де бар. 2020 жыл басынан бері сонау 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүрген 867 адам табылды. 2019 жылы мұндай адамдар саны 1 727 адам болған. Біз анықтаған тұлғалардың үлкен бөлігі ТМД елдерінен ауып келген, бірақ оларды енді сол елдер де өз азаматымыз деп санамайды", – дейді ІІМ Көш-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.

Елімізде терроризмге қарсы заңнама күшейтіліп, барлық азаматтар уақытша және тұрақты тіркеуге тұруға міндеттелгені мәлім. Тіпті, ауылдан қонақтар келіп, ұзақ жатып қалса, оларды үй иесі пәтеріне уақытша тіркеуге міндетті. Олай жасамаса, жазалайды. Қынжылтатыны сол, билік жатжұрттықтарға қарағанда, өз азаматтарына қатал. Мысалы, егер уақытша тіркеуге тұрғызбағанын анықтаса, полицейлер 10 АЕК (27 мың 780 теңге), ал бұзушылық қайталанса, 20 АЕК (55 мың 560 теңге) айыппұл салады. Яғни жаза көшедегі "қалтақағарлардың" жазасынан 4 есеге дейін ауыр.

Еріктілердің мәліметінше, "сығандарға" 13 мың теңгедей айыппұлды төлеп тастау еш қиындық тудырмайды. Күнделікті табысы әлденеше есе көп. Сондықтан олар полицейлерден қорықпайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу