Қазақстанда әлеуметтік шиеленіске жиі себеп болатын даулардың жаңа қайнар-көзі табылды. Олар ауылдардың іргесінде жұмыс істейтін, жергілікті жұртшылық арасында ауыр сырқаттардың туындауына ықпал ететін карьерлер.
Мысалы, жыл бойы ақпарат құралдары Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды тұрғындарының құрамында алтыны бар руданы өндіру жобасын қолға алған кәсіпорынмен "шайқасын" жазумен болды. Кәсіпорын бағалы металды өндіру үшін буының өзі адам өміріне қауіпті натрий цианидін пайдаланбақ. Сол арқылы жылына 250 мың тонна кеніш өңдеуге ниетті.
Жергілікті тұрғындар мен инвестор арасындағы тайталас ашық қақтығыс пен төбелеске, өңірге арнайы жасақтың енгізілуіне, бірнеше жергілікті белсендінің тұтқындалуына соқтырды. Билік жұртты тыныштандырды, тәртіпке келтірді, бірақ мәселе шешімін таппады.
Азаматтардың алаңдауынша, фабрика Маралды өзенінің жанында орын теппек, ал, ол өзен алдымен Күршім өзеніне, содан кейін Ертіске құяды. Олардың пікірінше, бұл өндіріс Ертістің ауыр металдармен ластануына әкеліп, Қызыл кітаптың сирек өкілдері мекен ететін бірегей табиғи қорыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Соған қарамастан, ШҚО соты компанияға ол жерде алтын өндіруші фабрика салуға рұқсат етті.
Қазіргі кезде Қостанай облысының Пригородное ауылының тұрғындары да алтыны бар карьердің игерілуіне қарсы наразылық акцияларын жалғастыруда. Өңірге әртүрлі деңгейдегі әкімдер тоқтаусыз сапарлап, елді көндіруге тырысып жүр.
Онда ресейлік алпауыттың еншілес ұйымы "Комаровское горное предприятие" ЖШС алтын іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол болашақ карьер мен ауыл арасындағы ескі элеватор ғимаратын сүріп тастауды жоспарлады. Оны жарып жібереді деп күтілуде. Ауыл тұрғындарының үрейі көп: жарылыстан ескі үйлері жайрап қалады, алтын өндірісі онсыз да ауыр экологиялық ахуалды тіпті нашарлатады деп қорқады. Бала-шағадан бастап, қарияларға дейін ертелі-кеш улы шаңды жұтудан қорқады. Мұнда да инвестор мен биліктің діттегені бір: халық қанша жерден қарсы болса да, өндіріс басталуға тиіс.
Маңғыстау облысында 30-ға жуық қиыршық тас шығаратын карьерлер Қаратау тауын үлкен қуатпен жаруда. Салдарынан ойдағы Шетпе кенттің үстін бірнеше жыл шаң басуда. Үйлердің қабырғалары жарылған. Бұрынғы бұлақтардың көзі жабылған. Бұл мәселе халық арасында наразылық тудыруда. Президент осы мәселені ретте деп билікке 2022 жылы тапсырма берген, бірақ нәтиже жоқ.
Мұндай жағдай барлық дерлік өңірде туындады.
"Халық өкілі" депутаттар не дейді?
Бар жерде бұқара қорғансыз қалғандай. Оларға таяуда Мәжіліс депутаттары араша түсуге тырысып көрді. "AMANAT", "Қазақстан халық партиясының", Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының, "Ауыл" партиясының депутаттары қол қойған хат Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына жолданды.
Онда мәжілісмендер Жетібай, Шетпе, Майқайың, Сатпаев, Хромтау, Іргелі және басқа өңірлердегі ауыл-кенттер айналасын жаулаған карьерлердің экологиялық және техногендік проблемаларын көтеріп жүрген тұрғындардың жанайқайын жеткізді.
Жалпы, Қазақстанда қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған карьерлердің жалпы саны – 4 784. Жабылып қалғаны – 1 371. Рекультивациядан өткендері – 610. Рекультивация жүргізілей, айналасына уын шашып, ластап жатқаны – 694.
Еліміздегі карьерлерге берілген территория – 224 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл Франция аумағының жартысына барабар.
Депутаттар елде қордаланған бірнеше проблеманы атап көрсетті. Біріншіден, олардың айтуынша, елді-мекендердің айналасындағы жер бедері эрозияға ұшырауда. Карьерлерден тараған шаң-топырақ елдің денсаулығына да, ауыл шаруашылығына да зиян келтіріп отыр.
Екіншіден, республиканың барлық өңіріндегі карьерлерде техникалық қауіпсіздік шаралары мүлдем сақталмайды. Мысалы, 2018 жылы "Алтынтау Көкшетау" және 2021 жылы Қостанай облысындағы "Качарский" карьерлерінде массивтің опырылу салдарынан адамдар қаза тапты.
Үшіншіден, көптеген кәсіпорындар пайда тапқан соң, карьерлерді ашық-шашық күйінде тастап кетеді, рекультивация жұмыстарын мемлекеттің мойнына іле салады. Оған дәлел: Маңғыстаудағы Жетібай кентінің айналасындағы ұлу-тас карьерлері. Заңда рекультивация жасау үшін қаржы жинақталатын Тарату қорын құру қарастырылған, алайда Үкімет пен әкімдер онда қаржы жинақтамапты. Бұған қоса, Кеңес одағынан қалған карьерлерді рекультивациялау әлі күнге толық шешімін таппай отыр.
Төртіншіден, карьерлердің руда-тастарын шектен тыс тиеген ауыр көліктер жаңа ғана салынған трассаларды, жаңа төселген асфальт жолдарды құртып тынады. Көлік инспекциясы тәртіпке салмайды.
Депутаттар Үкіметке карьерлерде таза технологиялар мен әдістерді енгізуді, жаңа әдістер енгізілгенге дейін жарылыстарды тоқтатуды, карьерлерді ауылдардан алысқа көшіруді ұсынды. Мәжілістің ұстанымынша, "елді мекен шетінен кемі 10 шақырым радиуста жаңа карьерлерді ашу тоқтатылсын".
Үкімет не дейді?
Үкімет Мәжілістің бұл ұсыныстарын қабылдаудан бас тартты. Депутаттардың бастамасы неге қабылданбағанын оларға Олжас Бектенов түсіндірді.
Жаңасы болсын, ескісі болсын, Қазақстанда карьерлерді 1 шақырым жақын орналастыруға рұқсат етіледі. Сондықтан оны он шақырымға ары жылжыт дегенге Үкіметтің көнгісі жоқ. Өйткені іргедегі елді мекен жұрты тұтынатын игіліктерді, соның ішінде ауызсу, жылу, электр, жол, дүкендегі тауарлар және басқасын сол карьерлерді игеретін кәсіпорын мен оның жұмысшылары тұтынады.
"Бүгінгі таңда тіршілік ету ортасы мен адам денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, кең таралған пайдалы қазбалардың карьерлері бойынша санитариялық-қорғау аймағының шекаралары 500 метрден белгіленген. Сонымен қатар, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің 25-бабы елді мекендер жерлерінің аумағында және оларға 1 шақырым қашықтықта іргелес жатқан аумақтарда ғана жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге тыйым салады. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру радиусын 10 шақырымға ұлғайту жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының сапасына теріс әсер етіп, іске асырылатын жобалардың қымбаттауына әкеледі", – деп шорт кесті О.Бектенов.
Ол кен орындарында пайдаланылатын алып самосвалдардың, бульдозерлердің және басқасының жаңа трассаларға, асфальтқа шығуына тыйым сала алмайтындарын жеткізді.
"Тау-кен металлургиясы кәсіпорындарында карьерден өңдеу кешендеріне дейін тау массасын тасуға ауыр жүк көліктері пайдаланылады. Бұл көліктердің қозғалысы балама жолдарының болмауына байланысты жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары арқылы жүзеге асырылады", – деді Премьер-министр.
Халықты уламасын деп компанияларды карьерлерде таза технологиялар мен әдістерді енгізуге мәжбүрлеу де болмайды. Тек ұсыныс беріледі екен.
"Маңғыстау облысының Шетпе ауылының негізгі экологиялық мәселесінің бірі – қиыршық тас өндіру карьерлерінен тоқтаусыз ұшатын өндірістік шаң. Ауыл маңында 25 карьер бар. 2018 жылдан бүгінге дейін Шетпеде қиыршық тас карьерлерінде 22 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде бірқатар ұсыныс берілді", – деді Бектенов.
Атап айтқанда, біріншіден, дамыған елдердегі сияқты тас уату кешенін пайдалану кезінде техникалық суды ашық бүрку арқылы шаңды сол жерде басу әдісін қолдану керек. Екіншіден, карьерлерде технологиялық процестер жүргізілетін учаскелерді суландыру.
Үшіншіден, жолды асфальттау арқылы доңғалақтан ұшатын шаңның 70-80%-ын басу. Төртіншіден, ауадағы ластағыш заттарды бақылау үшін "Қазгидромет" станциясын орнату.
Бесіншіден, жарылыс жұмыстарын жарылыс толқынының қуатын, оның тұрғын үйлерге дейінгі сейсмикалық қауіпсіз қашықтығын, метеорологиялық жағдайларды және жел бағытын ескере отырып жүргізу.
Алтыншыдан, карьерлердің 40%-дан астам аумағын көгалдандыруды қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушылардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауы.
Бірақ бұлар әзірге ұсыныс күйінде қалуда.