Қазақ тілінде "ым-жымы бір" деген тұрақты сөз тіркесі бар. "Бес жүз бес сөз" анықтамалығында айтылғандай, бұл – жалпы түркітілдес халықтарға ортақ ұғым. Саха-якуттарда мысалы, ол "йомджаам" деп аталады.
Төркіні бір туысқан елдердегі сияқты қазақтарда да бұл сөз екі адамның бірін-бірі еш сөз айтпай, ыммен-ақ түсінісуін білдіреді. Мысалы, иегімен нұсқау – әлденеге назар аудартуды, қолын жүрегінің тұсына қою – келісуді, құп алуды аңғартады және тағы сол сияқты.
Қазіргі тілмен айтқанда, ым-жым тілі – сақау және құлағы естімейтін адамдар қолданатын тіл. Оны сондай-ақ ым-ишара тілі деп те атайды. Ел Үкіметі осы тіл енді Қазақстанда ресми тіл ретінде танылатынын жариялады. Мұны Үкіметтен "Ауыл", "AMANAT", "Қазақстан халық партиясы", "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының" және "Ақ жол" партияларының депутаттары сұрады.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік тілдің мылқауларға арналған ресми нұсқасы әлі күнге жоқ. Кеңес кезінен бері тек орыс тілінің ым-ишара ресми тілі ғана қолданылады. Салдарынан, Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті жоқ жандардың бәрі тек қана орысша ымдасуға мәжбүр.
"Олардың мемлекеттік ресми тілі де жоқ. Үні шықпастың құқығы да қорғалмас! Өзі тұрған мемлекетінде сөйлейтін өз тілі де жоқ. Иә, бұрын оған қатысты заңды талап болған, бірақ кейбіреулердің ақымақтығынан ол бап алынып тасталған. Есі дұрыс, өз елінің азаматтарына жаны ашитын адам ешкімге зияны жоқ жандарға тиесілі заң нормасын жояды ма? Салдарынан, отыз жылдан астам уақыт өтсе де, Қазақстанда ым-жым тілі ресми түрде қабылданбады. Әдебиетке келсек, ымдалғанды қағаз бетіне түсіре алмаймыз. Себебі, қазақ тіліндегі дактиль алфавиті де ресми түрде қабылданбаған", – деді мәжілісмен Таңсәуле Серіков.
Депутаттардың мәліметінше, есту-сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналып, мектепте 1-4 сыныптарына арналған білім бағдарламасы әзірленіпті. Бірақ оның ресми статусы жоқ, әрі қарай дами алмады.
Біріңғай стандарты болмаған, мемлекеттік деңгейде қабылданбаған соң қазақ тілінің ресми ым-ишара тілін енгізу ісі ілгерілемеді.
"Болды, осы жерде мұндай балалардың білім алу мүмкіндігі ресми түрде тоқырады, тоқтады деген сөз! Ым-ишара тілі мен дактиль алфавитінің қазақша баламасы мүлдем жоқ. Елімізде 20 мыңнан аса есту және сөйлеу қабілеті шектеулі азамат бар. Мамандардың айтуынша, бұл – тек ресми ақпарат. Негізгі мақсатымыз – білім арқылы құлағы естімейтін, сөйлеу қабілеті төмен адамдардың заңды құқығын қорғау, қоғамдық белсенділігін арттыру, еңбек етіп өз нанын өзі тауып жейтіндей жұмыспен қамту. Ол үшін олар білім алуы керек. Бірақ олардың қолданып жүрген ымишарасы бөтен ұлттың ым-жым тілі", – деді Таңсәуле Ғабдыманапұлы.
Салдарынан, қазақтар бұл тілде ауыл, құрт, ірімшік, ою, ақсақал, күбі және басқа да қазақы ұғымдарды ыммен жеткізе алмайды.
Мәжілісменнің айтуынша, бір ғана Сәтпаев университетінде есту-сөйлеу қабілеті бұзылған 9 бала оқиды. Көп бала жоғары білім алғысы келеді, алайда біріншіден, мектеп бағдарламалары 11-сыныпқа дейін жасақталмаған, екіншіден, мектептер мен университеттерде сурдо-аудармашылар қызметі жоқ, болғанның өзінде қызметі өте қымбат.
Сондықтан Үкіметке жүгінген депутаттар ым-жым тілін ресми түрде қабылдауды және оның қазақша баламасын бекітуді ұсынды. Бұған қоса, дактиль алфавитінің қазақ тіліндегі баламасын ресми түрде енгізіп, 1-11 сыныптағы барлық пәндер бойынша оқулықтар жасау қажет.
Жалпы, бұл айтылғанның бәрі – Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемесі.
Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев бұл бастама Үкіметте қаралғанын мәлімдеді.
"Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, Ұлыбритания, Исландия, Австралия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Австрия, Испания, Швеция және басқа да көптеген елде мемлекеттік ым-ишара тілі ресми мойындалған. Алдағы кезеңде Қазақстан да осыны бекіту үшін әлемдегі ым-ишара тілдері мен дактиль әліпбилерінің ресми бекітілуіне қатысты халықаралық тәжірибе зерделенеді. Одан кейін мүдделі меморгандар бейінді ұйымдармен бірлесіп, қазақша ым-ишара тілі мен дактиль әліпбиін қабылдау мәселесін егжей-тегжейлі пысықтайды", – деп сендірді вице-премьер.
Бірақ ол жаңа ресми тілдің енгізілетін нақты датасын айтпады. Сонымен бірге бұған қажетті база бар. Оның дерегінше, 2007 жылы "Үміт" саңырау мүгедектерді қолдау орталығы" қоғамдық қоры Қазақстанның саңырау азаматтарына арналған "Қол қимыл әлемі" атты ым-ишарат тілінің қазақ, орыс, ағылшын – үш тілдегі тақырыптық сөздігін әзірледі.
Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020-2021 жылдары "е-Ымдау" қазақ және орыс тілдеріндегі ымдау тілінің шағын электрондық видео сөздігін, оны арнайы мектептердің оқу-тәрбие үдерісінде қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдарды жасады.
Қостанайлық IT-мамандар елде бірінші болып есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған қазақ ымдау тілінің электрондық сөздігін әзірледі.
Сондай-ақ, Ермек Беделбайұлы қазақ әліпбиінің дактилі алғаш рет 1998 жылы шығарылғанын еске салды. Ол Білім, Мәдениет және Денсаулық сақтау министрліктері бекіткен, есту қабілеті зақымдалған балалардың дайындық сыныптарына арналған "Әліппе" оқулығында қолданылыпты.
"Қазіргі уақытта дактиль алфавитін оқыту мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларымен "Әліппе, Ана тілі" пәндері аясында көзделген. Оқу-ағарту министрлігінің жұмыс жоспарына сәйкес, мектепке дейінгі және орта білім берудің арнайы бағдарламаларын кезең-кезеңімен жаңарту және есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған оқулықтарды әзірлеу жұмысы жүргізілуде", – деді вице-премьер Көшербаев.
Ол бүгінге дейін елімізде есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған небәрі 25 оқулық пен оқу-әдістемелік кешені әзірленгенін жеткізді. 2025-2030 жылдары есту қабілеті зақымдалған балаларға арнап, 36 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірлеу қарастырылатынын уәде етті.
Салада кадр тапшы. Сондықтан "Арнайы педагогика мамандарын даярлау" білім беру бағдарламасы бойынша кадрларды даярлауды 17 ЖОО жүзеге асырады. Оған 2024-2025 оқу жылында бакалавриатта – 656 грант, магистратурада – 150, докторантурада – 13 грант бөлінді.
"Арнайы педагогика мамандарын даярлау" аясында "Сурдопедагогика" білім беру бағдарламасын 3 университет жүзеге асырады. Бұлар – Абай атындағы ҚазҰПУ, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педуниверситеті, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті.
Бұдан басқа, 2024 жылы М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті "Сурдопедагогика негіздері бар олигофренопедагогика" атты жаңа білім беру бағдарламасын енгізді. Оның мақсаты – жалпы, арнайы және инклюзивті білім беру жүйесінде есту қабілеті бұзылған балалармен коррекциялық-педагогикалық жұмыс жүргізе алатын сурдо және олигофренопедагогтерді даярлау.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында Dana Bala үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы құрылды және инклюзивті бастауыш мектеп ашылды. Есту қабілеті нашар студенттер үшін Альфред Томатис әдісі бойынша есту жаттығулары және арнайы зертханада сенсорлық интеграция элементтері бар.
"2025 жылы мүмкіндігі шектеулі студенттерге, оның ішінде есту қабілеті бұзылған адамдарға арнап, Абай атындағы ҚазҰПУ мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ консорциум құрды. Осы консорциум негізінде мамандандырылған жоғары білім беру орталығын құру пысықталуда. Өз кезегінде, аталған орталық мүмкіндігі шектеулі студенттерге жағдай жасау үшін барлық ЖОО-лардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге тиіс", – деп сендірді Көшербаев.