Қазақстанда тағы бір тұтас аудан қазақыланады

2892

Қарағанды облысында Приозерск, Шахтинск қалаларының атауын қазақыландыру қалады.

Қазақстанда тағы бір тұтас аудан қазақыланады

Қазақ елінде кеңес кезінен қалған атауларды қазақыландыру – азаттық алған жылдардан бері шешілмей, қордаланып келе жатқан проблемалардың бірі. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында жер-су атауларын қазақыландыру жақсы қарқын алғанымен, ізінше ол да тоқырауға ұшырады. ХХI ғасырдың басында сол кездегі билік этностар достығына баса мән берді де, тұрғылықты ұлттың мүдделері кейінге ысырылғаны жасырын емес. Салдарынан, Қазақстанда "Павел тарту еткен" облыс, "Петр мен Павлдың қаласы" бар деген жалған түсінік туғызуы мүмкін орашолақ атаулар әлі күнге сақталуда.

Енді осы салада жағымды жаңалық таралып отыр. Қарағанды облысының әкімдігі "Қарағанды облысының Осакаров ауданын қайта атау туралы" Президент жарлығының жобасын жариялады.

Егер оған Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойса, "Қарағанды облысының Осакаров ауданы Сарыбел ауданы болып қайта аталады".

Осыдан кейін Қарағанды облысында орыс тілінде бірде-бір аудан қалмайды. Бұл өңірде Осакаров сыртында Бұқар Жырау, Абай, Ақтоғай, Нұра, Қарқаралы және Шет аудандары бар.

Айта кету керек, таяуда ғана құрылған Ұлытау облысында барлығы қазақша. Жаңа облыста Сәтбаев, Жезқазған, Қаражал қалалары, Ұлытау, Жаңаарқа аудандары бар. 

Демографтардың мәліметінше, кеңес заманында Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлері қатты отарланып, этностық құрылымы түбегейлі өзгерді, мемлекет құраушы ұлттың – қазақтардың үлесі 40 пайызға дейін құлдырағаны мәлім. Салдарынан, жергілікті жер-су атаулары да қалпымен орыстандырылды.

Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысы ұлтымыздың көрнекті тұлғаларын аудан атауларында ұлықтау жөнінен елімізде бірінші орын тұр. Мұнда Шал ақын, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар бар. Тағы 7 аудан да бүгінде байырғы атауларын қайтара алды. Тек Тимирязев ауданы мен Петропавл қаласының атауы ғана "бетке шіркеу" болып тұрғандай.

Ақмола облысы да ономастика тұрғысынан толық қазақылануға жақын қалды. Тек Целиноград ауданының және Степногор қаласының атауы өзгерсе, құба-құп болар еді.

Шығыс Қазақстан облысының бұл тұрғыдағы ахуалы нашар: Шемонаиха, Глубокое аудандарының, Риддер, Өскемен қалаларының атауы ұлтжанды азаматтарымыздың құлағына түрпідей тиіп келеді. Облыстың жаңа орталығы Өскемен деп қазақыландырылғанымен, облыс әкімдігінің өзі орыс тілінде ресми хаттарда "Акимат города Усть-Каменогорск" деп жазады.

Биыл құрылған шағын ғана Абай облысында Бородулиха ауданының және Курчатов қаласының атаулары бодан болған заманды "аңсап" тұрғандай сезімде қалдырады.

Торғай облысы таратылып, өзіне қосылуы арқасында Қостанай облысы біршама қазақыланды. Алайда ізгі іс аяғына дейін жеткізілмей, орта жолда қалды. Бұл жартыкеш іс Федоров, Денисов аудандары, Рудный, Лисаков қалалары деген атаулардан көрініс беріп тұрған сыңайлы. Әлгі тұлғалардың тәуелсіз Қазақстанда тұтас аудан атын иеленетіндей қазақ халқына сіңірген еңбегі жоқ екені құпия емес.

Қазақы атауға қатысты проблема бір облыста аса өткір. Соңғы жылдары қоғамымызда ең ірі пікірталастар Павлодар облысына қатысты жүруде. Осы өңірдің атауының өзі – ескіліктің, бодандық сананың бекінісіне айналғандай. Ұлт жанашырлары барлық биік мінберлерден қаншама рет мәселе етіп көтерсе де, сөз өтетін емес. Биліктегілер "жергілікті тұрғындар қарсы" дегенді отыз жылдан бері дәлел-дәйек етуден арланбай келеді. Осыған ашынған азаматтар тіпті Павлодар облысының атауын өзгерту туралы референдум өткізуді де ұсынды.

Мемлекетіміздегі барлық салаға өркен жайған "еститін мемлекет" қағидасы Павлодар облысының атауын өзгертуге келгенде "сынып" қалады. Сарапшылар, бұл атау еліміздегі теріс пиғылдағы империяшыл күштердің рухын көтеретін факторға айналғанын айтып жүр. Павелдің есімі облыс пен оның орталығында қатар ұлықталуы ұлтжанды қауымның қабырғасына ондаған жылдардан бері батып келеді.

Павлодар облысында сондай-ақ Успенский, Майский, Железинский аудандары және Павлодар қаласының атауы қазаққа жақындатып, тілімізге етене етуге сұранып-ақ тұр.

Қалай болғанда, Қарағанды облысының тұтас ауданы атауының қазақыландырылуы қуанышты жаңалық болса керек.

Уикипедия дерегінше, Осакаров ауданында қазақтар саны – 44,6% ғана (13,9 мыңнан аса адам). Орыстардың үлесі – 33,2% (10,4 мыңнан асады). Немістер 6,2% (1,9 мыңнан көп), украиндер 5,1% (1,6 мың), татарлар 2,3% (737), беларусьтер 1,8% (600 адамға жуық), шешендер 1,5% (500-дей), гректер 1,08% (337). Басқа этностар бір пайызға да жетпейді.

Содан биылғы 20 маусымда өлкеде аудан атауын ауыстыруға қатысты қоғамдық тыңдау өтті.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауданды қайта атау мәселесі 90-шы жылдардың соңынан бері көтеріліп келеді. Соңғы жылдары талқылау шырқау шегіне шықты. Әкімнің есептік кездесулерінде де, жұртшылық жиындарында да, әлеуметтік желіде де жиі көтерілетін болды.

"Сарыбел – осы жердің тарихи ежелгі атауы. Мұны Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессорлары мен доценттері зерттеп, растады. Ауданның барлық ауылдық округтері мен кенттерінде тыңдаулар өткізілді. Тиісті хабарландырулар аудан әкімдігінің және мәслихатының ресми сайттарында орналастырылды, сондай-ақ "Сарыбел КZ" және "Сельский труженик" аудандық газеттерінде жарияланды. Тыңдауларға қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті қоғамдастықтар, аудан тұрғындары қатысты. Барлық мәселелерге түсініктемелер мен жауаптар берілді", – деп хабарлады Осакаров ауданының әкімдігі.

Әкімдіктің түсіндіруінше, Осакаров атауы бәрібір қалады. Аудан атауы өзгергенімен, аудан орталығы – Осакаров кентінің атауы өзгермейді. Бұл мәселе күн тәртібіне шығарылмапты. Әйтпесе, жақсылық қылсаң бүтін қыл деген, екеуін қатар өзгерткенде оңды болатын еді. 2018 жылы ШҚО-дағы Зырян ауданы мен қаласын Алтай ауданы мен қаласы деп қатар өзгерткен сияқты.

Әкімдіктің сендіруінше, атауды өзгертуге байланысты жеке тұлғалар, тұрғындар ешқандай шығын шекпейді, себебі тұрғын үй және басқасының құжаттарын ауыстыру талап етілмейді. Барлық құжаттар ресми қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болып қала береді. Бұл маңызды, себебі, облыс, қала, аудан, көше атауларын қазақыландыруға қарсы топтар қайта атау кесірінен құжаттарды ауыстыруға көп қаржы кететінін дәлел ретінде алға тартатыны мәлім.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, Осакаров ауданына Сарыбел тарихи атауын қайтару мәселесін Үкімет жанындағы Республикалық ономастикалық комиссия қарап, 1 тамызда оң шешім қабылдаған. Ведомство ономастика мәселесі үлкен әлеуметтік мән-маңызға ие екеніне назар аудартады.

Жаңа, халықтың жанына жақын атау елдің рухын көтереді, көңіл-күйін жақсартады, әлеуметтік кернеуді азайтады, отаншылдықты және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады. Дегенмен оның соңы дауға ұласпауы үшін бұл мәселе мұқият қаралып, талқылауға сарапшылар мен ғалымдар, жергілікті жұртшылық тартылады.

Жалпы жаңа Сарыбел ауданы ауқаты орта аудандардың қатарына кіреді. 2022 жылғы бюджетіне үңілсек, кірістері – 9 млрд 735,7 млн теңге, ал шығыстары 10 млрд 726 млн теңгені құрайды.

Салыстырсақ, облыстағы Приозер қаласының биылғы жылдық бюджетінің кірісі – 3,7 млрд, ал шығыны – 3,9 млрд теңге.

Сарыбел – жер-су атауларын қазақыландыру үрдісі Жаңа Қазақстанда жаңа белеске шығады деген үмітті оятып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу