Қазақстанда телекоммуникация қызметтері жаппай қымбаттауы мүмкін

1761

Мемлекет тек аз қамтылғандарға ғана көмектесуге ниетті. 

Қазақстанда телекоммуникация қызметтері жаппай қымбаттауы мүмкін Фото: yandex.kz

Телекоммуникациялық алпауыттардың сапасыз жұмысы халықтың наразылығын қоздыратын факторға айналып кеткені жасырын емес. Қазақстандықтар бір жағынан, олардың тарифтерінің үсті-үстіне қымбаттап жатқанына, екінші жағынан олардың қызмет сапасының құлдырағанына жиі шағымданады. Басқаны айтпағанда, тіпті елорданың өзінде интернет жылдамдығы нашар.

Мысалы, "Қазақтелеком" 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап, тарифтерін көтерді. Бұл интернетке қосылу қызметтері бар тарифтік жоспарларды, тіркелген телефония қызметтері бар тарифтік жоспарларды, әмбебап нөмірдің тарифтік жоспарларын, интернет желісіне (LTE) сымсыз қол жеткізу қызметтері жоспарларын, сонымен қатар кабелдік теледидардың тарифтік жоспарларын қамтыды. Тарифпен бірге сапа да көтерілсе, халық шыдар еді. Бірақ керісінше жағдай өрбуде.

Осы орайда ақпарат құралдарының хабарлауынша, Алматы әкімдігі нашар интернет ұсынатыны үшін "Қазақтелекомның" мемлекеттік сатып алуларға қатысуына тыйым салуды талап етіп отыр. Әкімдік бұл компания халыққа сапасыз қызмет көрсетеді деп санайды.

Сондықтан Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасы сот арқылы "Қазақтелеком" АҚ-ының мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп танылуына күш салуда.

Фото: inbusiness.kz 

Ұлттық телекоммуникациялық оператор биылғы қаңтарда интернет ұсыну бойынша тендерді жеңіп алыпты. Бұл ретте "Қазақтелеком" қызметтерді үздіксіз, ақаусыз ұсынатынына кепілдік берді. Алайда Алматы әкімдігі сотқа талап арызында бұл компанияның лайықты қызмет көрсетпегеніне және шағымнан кейін де ештеңені түземегеніне назар аудартты.

"Басқарманың сілтеуінше, Наурызбай ауданындағы Шұғыла ықшамауданы, 347 мекенжайында интернет жоқ. Әуезов ауданындағы Алтынсарин даңғылы, 23 мекенжайында – 4.5 Mбит және интернетке қосылудың бірыңғай шлюзі жоқ. Медеу ауданындағы Пушкин көшесі, 72-де – 12.08 Mбит қана; Жетісу ауданындағы Серіков көшесі, 2а-да – 29 Mбит қана. ADSL орнына оптикалық сым арқылы қосылған", – деп алпауыттың кінәраттары термеленді сот актісінде.

Алайда "Қазақтелеком" соттағы қарау барысында барлық шағымдардың қаралып, проблемалардың жойылғанын алға тартып, соған табандады. Судья Сәуле Басқанбаева кімнің жалған сөйлеп отырғанын анықтау үшін қос тараптың мамандарының көрсетілген адрестерге бірге барып, интернеттің бар-жоқтығын тексеру рәсімін тағайындады.

Егер "Қазақтелеком" сотта жеңіліп қалса, онда заң бойынша 24 ай, яғни 2 жыл бойы бірде бір мемлекеттік тендерге қатыса алмай қалады. Сарапшылардың пікірінше, бұл компанияны тұралатып кетуі ықтимал: себебі ол көптеген меморгандарға қызмет көрсетуден күреп табыс тауып келеді. Егер одан айрылса, қолданыстағы өз клиенттері үшін тариф көтеруге баруы ғажап емес.

Бірақ Алматы әкімдігі судьяның бұра тартпайтынына, адалдығына күмәнданып, оны ауыстыруды талап етті. Бұл талап қанағаттандырылмады.

Жалпы, халық пен бизнес қанша жерден шағымданса да, биліктің алпауытқа тісі батпады.

Бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаев әкімшілігі сонау 2010 жылғы наурызда "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасына Қуанышбек Есекеевті тағайындаған болатын. Содан бері елде билік транзиті өтті, Үкімет толық дерлік жаңарды. Ал Есекеев он үш жылдан бері табан аудармай басқарып келеді.

Фото: yandex.kz

Халық, енді билік өкілдері одан қызметінің сапасын көтеруді сұрап отыр.

2023 жылғы 23 ақпанда "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қабылдады. Оңаша әңгімеде не айтылғаны белгісіз. Тек ресми ақпарат бойынша Президент "халық пен экономика үшін жоспарланған жобаларды уақытылы және сапалы орындаудың маңыздылығына назар аударыпты". Бұдан бөлек, Президент қалалар мен ауылдық жерлердегі телекоммуникация желілерін одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін халықаралық деректер траaигінде желілік инaрақұрылымды өркендету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Халыққа сапасыз қызмет көрсететін телекоммуникация алпауыттарын жазалауға Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин уәде берген. Әзірге ол да нәтиже шығара алған жоқ. Оның орнына Бағдат саладағы қымбатшылыққа дайындалудың қамын жасап жатқанға ұқсайды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Бағдат Мусиннің жаңа бұйрығының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.  

Фото: primeminister.kz

Құжат "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидаларын айқындау және бекіту туралы" деп аталады.

"Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға ай сайынғы өтемақы мөлшері ағымдағы тарифтік жоспар бойынша әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтардың телекоммуникация қызметтеріне ай сайынғы нақты шығыстары мен ағымдағы шығыстар арасындағы айырма ретінде белгіленсін", – делінген бұйрық жобасында.

Оған сәйкес, қоғамның осал топтарына "тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу жөніндегі тұрғын үй көмегінің құрамына кіретін, телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің көтерілу шығындарын өтеуге арналған ақшалай өтемақы" беріледі.

Бұл көмекті жергілікті тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті орган төлейтіні бекітілмек. Яғни тарифін көтерген алпауыттың ауыр жүгі қалалар мен аудандар әкімдіктерінің мойнына артылады.

Өтемақының көлемі әзірге белгісіз. Оны өз бюджетінің мүмкіндігіне қарай әр әкімдік өзі анықтайды. Тиын-тебен беруі де ықтимал.

"Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы көтерілуіне өтемақы төлеу, мегаполистердің, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілетті органдары бекіткен, шығыстардың жол берілетін деңгейінен асатын көлемде осы жергілікті жерде тұрақты өмір сүретін күн көрісі төмен отбасыларға ұсынылатын тұрғын үй көмегі құрамында жүзеге асырылады. Өтемақыны алу мақсатында аталған санаттағы абонент тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қажетті құжаттармен бірге тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға жүгінеді", – делінген ведомство мәліметінде.

Әкімдіктер тоқсан сайын Ұлттық экономика министрлігіне абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне байланысты әлеуметтік қорғалатын азаматтарға қанша сомада өтемақы төлегені жөнінде есеп беріп отыруға міндеттеледі. Әйтпесе, жемқорлар бұл қаржы көзін де заңсыз пайда табудың бір схемасына айналдырып алуы мүмкін.

Интернеттің медиандық жылдамдығы жөнінен Қазақстан 2023 жылы әлемдік рейтингте көш соңына жақын 101-орынды місе тұтты. Қазақстаннан тіпті экономикалық блокададағы Армения, Африка елдері (Конго, Оңтүстік Африка республикасы, Буркина-Фасо), санкция астындағы Беларусь пен Ресей озды. Ал Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және соғыстан күйреген Украина Қазақстаннан әлдеқайда биік тұр.

Қуанышбек Есекеев болса, ескі буындағы байланысты жарылқамай жатып, Президенттің қабылдауында биыл 5G желісін жүргізудің ауқымды жобасын іске асыруға кірісетіндерін айтып мақтанған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу