Борышкерлер арасында ерлер көп пе, әлде әйелдер ме? Олардың орташа жасы қанша? inbusiness.kz осы сауалдардың жауабын іздеп көрді.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, елімізде борышкерлердің жасы ұлғайған. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ипотека алатын ер азаматтардың орташа жасы 37,5-ті құрады. 2021 жылмен салыстырғанда көрсеткіш шамамен 6 айға өсті.
Ипотека рәсімдейтін әйелдердің де орташа жасы артқан. 2021 жылы бұл көрсеткіш 40,39 болса, 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында 41,14-ке жетті.
Ал әйелдер ипотеканы жасы ұлғайған кезде алады. Мұның өзіндік себептері де бар. Мәселен, Қазақстанда нәзік жандылардың орташа жасы ерлерден 3,2 жылға жоғары.
Жылжымайтын мүлік бойынша маман Мадияр Бекдаиров елімізде тұрғын үй несиелерін көбінесе әйелдер рәсімдейтінін айтады.
"Krisha.kz мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша қыз-келіншектерге берілген несиелердің үлесі 52-55%-ды құрайды. Сәйкесінше, ерлердің үлесі 45% шамасында. Мұны өз тәжірибемізден де жиі байқаймыз. Тұрғын үй алу немесе баспананы кеңейту бойынша бізге көбіне әйелдер жүгінеді. Мұны олардың үйдің жайлылығын бірінші орынға қоятынымен байланыстырамыз", – дейді маман.
Ал тұрғын үй несиесін рәсімдейтіндердің көбі 30-44 жас аралығындағы адамдар. Ең аз ипотека алатындар ол студенттер. Олардың үлесі 0,8% шамасында.
"Оқып жүрген жастар үшін баспана мәселесі өзекті емес. Себебі олар ата-аналарымен немесе жатақханада тұрады. Халық баспана алуды қашан ойластыра бастайды? Көбінесе отбасы құрып, бір-екі балалы болған соң. Көпбалалылар баспаналарын кеңейтуді жоспарлап, үй іздейді", – дейді жылжымайтын мүлік саласының маманы.
Бұл ретте еліміздегі ипотекалық несиенің орташа сомасын да айта кеткен жөн.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 19%-ға немесе 2,3 млн теңгеге өскен. Сәуірдегі дерек бойынша орташа республикалық көрсеткіш 14 млн 143 мың теңгені құрады.
"Әлбетте, елорда мен Алматы сияқты ірі қалаларда көрсеткіш жоғары. Менің көмегіме жүгінетіндер рәсімдеген тұрғын үй заемының орташа сомасы 20-30 млн аралығында. Бұл ретте ипотекалық бағдарламаларда қарастырылған максималды сомаға назар аудару керек. Мәселен, "7-20-25" бағдарламасы бойынша үйдің бағасы 25 млн теңгеден аспауы керек, "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша 18 млн теңге, "Бақытты отбасы" бойынша 15 млн теңгеден аспайды", – деп түсіндірді маман.
Ерекше деректерге тоқталсақ, еліміздегі жасы үлкен ипотека рәсімдеуші азамат 75 жаста. Банк оған 16 айға 7 млн 656 мың теңге сомасына тұрғын үй заемын берген.
Биыл несиеге жылжымайтын мүлік алған ең егде әйел өтініші мақұлданған кезде 85 жаста болған. Бір қызығы оған тұрғын үй несиесі 8 жылға, жалпы сомасы 7 млн 964 мың теңге берілген.
Аймақтар бойынша қарастырсақ, ең жас қарыз алушы әйелдер елордада. Олар орта есеппен 39,2 жаста. Атырау облысында (39,4) және Алматыда (39,7) сәл жоғары. Басқа аймақтарда бұл көрсеткіш кемінде 40 жас. 2022 жылы ипотекалық қарыз алушының ең жоғары орташа жасы – Шығыс Қазақстан облысында (44,3) тіркелді.
Ешбір аймақта ипотекалық несие алушы ерлердің орташа жасы 40-қа жетпейді. Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда (39,9) және Маңғыстау (39) облыстарында. Ең жас несие алушылар Алматыда (36,3), Нұр-Сұлтанда (36,4).
Құралай Құдайберген