Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты кім жасайды?

ІІМ отбасына ойран салуға құмар адамдардың портретін әзірледі. 

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты кім жасайды? Фото: inbusiness.kz

Үкімет отырысында Ішкі істер министрі елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты жағдайды баяндады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ресми деректерге сәйкес, отбасына ойран салатындардың 80%-ы ер адам. Олардың 52%-ы 30 бен 50 жас аралығында.

"74%-ның тұрақты жұмысы жоқ, сонымен қатар 90%-ның кәсіптік және жоғары білімі жоқ. Тиісінше, 78% жағдайда зардап шеккендер әйелдер. Көбінесе олар материалдық және психологиялық тұрғыдан агрессорға тәуелді жылдар бойы қорлық көрген жандар. Әлбетте, мұндай жағдайда балалар да зардап шегеді. Олар қатыгездіктің куәгері болады", – деді ІІМ басшысы.

Өкініштісі балалар куәгерден жәбірленушіге, кейде қатыгездіктің құрбанына айналады. Бұған мысал жетіп артылады. Түркістан облысында 6 жасар ұлын балталап өлтірген әке туралы жағдай көпшіліктің әлі есінде. 

ДДҰ деректері бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасөспірімдердің психикасына, рухани және эмоционалдық дамуына кері әсер етеді. Олар бұл мінез-құлық үлгісін құрдастарына және басқаларға көрсетуі мүмкін. Яғни отбасындағы зорлық қатыгездікке итермелейді. 

Сондықтан Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен, сондай-ақ құқық бұзушылармен психокоррекциялық жұмыс жүргізуді ұсынып отыр.

Бұл бағытта ведомство тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту шараларын әзірледі:

  • заңнамалық тұрғыда тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу сипатынан ашу сипатына көшу; 
  • тараптарды татуластыру тәртібіне қойылатын талаптарды күшейту;
  • отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту.

Осы мақсатта қайталап жасалған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту ұсынылып отыр.

"Конституцияның жаңа өзгерістеріне сәйкес қоғамдық жұмыстарды сот қаулысымен де тағайындауға рұқсат етілді. Осының аясында "ескерту" сияқты жазаны "қоғамдық жұмыстарға" ауыстыруды ұсынамыз. Бұл құқық-бұзушы үшін заңды бұзбауға жеткілікті мотивация болады деп санаймыз", – деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысында. 

Осы ретте ІІМ зорлық-зомбылықтың себебін атады.

Министрдің айтуынша, бұған әлеуметтік тұрақсыздық, маскүнемдік, нашақорлық сынды факторлар әсер етеді. 

"Полицияның қылмыстық немесе әкімшілік шаралары – тек салдармен күрес екенін атап өту керек. Ал бұның негізгі себебі – әлеуметтік тұрақсыздық, маскүнемдік, нашақорлық, психикалық ауру, құмар ойындармен әуестену, моральдық-адамгершілік құндылықтың әлсіреуі сынды мәселелер", – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар министр тек зорлық-зомбылық құрбандарымен ғана емес, құқық бұзушылармен де қайта оңалту жұмыстарын жүргізу қажет деп есептейді. 

"Осыған байланысты Сізден Денсаулық сақтау министрлігіне психотүзету курстарын қолдану алгоритімін әзірлеп, тиісті маман дайындау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсыруды сұраймын", – деді министр Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа.

Күнделікті өмірде қылмыстардың көбі мас күйде жасалады. Бұл бағытта еліміздегі медициналық айықтырғыш мекемелер мәселесін шешу қажет. Мұндай орталықтар бір өңірде тапшы болса, кей аймақта мүлде жоқ. 

"Еліміз бойынша 778 орынға арналған 35 уақытша медициналық айықтырғыш жұмыс істейді. Мысалы, Өскеменде 20 төсек-орынға арналған бір ғана мекеме жұмыс істеп тұр. Полицейлер жеткізген 7 мың құқық бұзушының 5 мыңы ғана сол жерге орналастырылған. Көкшетауда мұндай мекемелер мүлде жоқ. Елімізде 594 орынға арналған тағы 32 мекеме салу керек", – Ішкі істер министрі. 

Биыл елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 668 қылмыс тіркелді. Полицияға 100 мыңнан аса шағым түссе, 7,5 мыңнан аса әйел дағдарыстық орталықтарға орналастырылып, көмек алды. Алайда еліміздің кей өңірлерінде мұндай мекемелер мүлде жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу