Қазақстанда жақында теңгенің үшінші түрі пайда болады

7005

"Әмияныңызға цифрлар топырлап түссін"  

Қазақстанда жақында теңгенің үшінші түрі пайда болады

Болашақта қазақстандықтар арасында ең жанға жағымды тілектердің бірі осылай айтылуы мүмкін.

Сарапшылар көптен бері криптовалютаға балама ретінде цифрлық теңгені қолданысқа енгізуді ұсынып жүр. Дегенмен, "ұлттық валютаның жаңа формасы" бәрібір биткойнді ауыстыра алмайды. Себебі цифрлық теңгенің (ЦТ) бағамы қағаз түріндегі және қолма-қолсыз түрдегі теңгеге тәуелді, яғни бірдей болмақ.

Биткойннен мұның несі жақсы?

Әйткенмен ЦТ-ның криптовалюталармен ұқсастығы бар: цифрлық теңге де бірізді түрде тізбектелген, бірақ қайталанбайтын бірегей цифрлар түрінде болып келеді (әрбір қағаз теңгеде де бірегей цифрлары бар). Теңгенің жаңа түріне қол жеткізу үшін жеке немесе заңды тұлға "жеке электронды әмиян" ашуы керек. Сол е-әмиянға теңге санына сәйкес көлемде цифрлар жиынтығы жазылады. Есеп айырысқанда азаматтар, бизнесмендер осы әмияндары арқылы цифрлармен өзара алмасады. 

Ұлттық банк әмиянмен шектелмей, алда цифрлық тұғырнаманы жүзеге асырудың өзге де технологиялық шешімдерін қарастырмақ ниетте. Ол цифрлық теңгемен интернет желісіне қосылмай-ақ алмасуды, өзара есептесуді қарастырады. Бұл өте ыңғайлы. Себебі, Kaspi QR, банктердің есепшоттары арасында төлем жасау және ақша аудару сияқты қазіргі барлық тәсілдер интернеттің болуын талап етеді: онсыз аударым және төлем жасай алмайсыз.

Ұлттық банк теңгенің "жаңа формасы" үшін өзіне міндеттеме алатынын жариялады. Яғни, кәдімгі теңге секілді оның цифрлық баламасы да Қазақстанда барлық жерде қабылдауға міндетті болады. Азаматтар мен компаниялар ЦТ-ны заңды төлем, сондай-ақ жинақ жинау құралдары ретінде пайдалана алады.

Бұл ретте 1 теңге-токен 1 қарапайым теңгеге тең болады.  

Айта кету керек, цифрлық теңгені енгізу бес сатысының үшеуінен, яғни кеңесші-консультативтік баяндама әзірлеуден, қоғамда және сарапшылар арасында талқыға салудан және бүгін – пилоттық жобаны таныстыру сатыларынан өтті. Алда жобаның қорытындысын шығарып, кең ауқымды жобаны іске қосу сатылары ғана қалды.

Жұртшылықтың көбі цифрлық теңге мен электрондық ақшаны бірдей санап, олар арасында еш айырмашылықты байқамауы мүмкін. Ұлттық банктің түсіндіруінше, ЦТ-ны мемлекеттің өзі эмиссиялайды (шығарады), сондықтан ол теңгенің тағы бір түрі болып табылады.

Ал электрондық ақша белгілі бір төлем жүйесінің инфрақұрылымы аясында ғана қолданылады, тиісінше, оны сол жүйеге қосылған жекеменшік ұйымдар эмиссиялай алады. Басқаша айтқанда, электрондық ақша бір төлем жүйесі аясында ғана өз функцияларын орындайды және оған сол жүйенің иесі жауапты болады. Мысалы "каспи-бонустар", "технобонустар" да электронды ақша саналады. Сәйкесінше, егер банк немесе тұрмыстық техника желісі соны қаласа, бонустар кез келген мезетте жойылып кетеді. ЦТ олай жоғалмайды.

Кейбір сарапшы цифрлық валютаны криптовалютаға, стейблкоиндерге теңеп жүр. Ұлттық банк мамандары бұл пікірмен келіспейді.

"Әрине, ЦТ-ның технологиялық тәсілдері криптовалюта мен стейблкоинге ішінара ұқсас. Цифрлық активтерге жатады. Алайда шынында, бірде бір криптовалюта мен стейблкоин ақша болып есептелмейді. Өйткені олар ақшаның барлық функциясын тұрақты орындауды қамтамасыз етпейді. Оның үстіне бұл активтер тауарлар мен қызметтерге жаппай және шартсыз ақы төлеу үшін пайдаланыла алмайды. Сондай-ақ олардың ресми ақшалай есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құны да тұрақсыз. Сол себепті толыққанды баға өлшемі және айналыс құралы ретінде пайдаланылмайды", – деді ҰБ сарапшылары.

Айта кету керек, қазіргі кезде әлемде цифрлық доллар да, цифрлық еуро да жоқ. Ешбір ел әзірге өз валютасының цифрлық нұсқасын шығарып үлгермеді. Мәселен, 2021 жылғы жағдай бойынша дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елдердің 65 орталық банкінің 86%-ы цифрлық валютаны енгізу мәселесін зерттеуде. Олардың 60%-ы тиісті технологияны сынақтан өткізіп жатыр. Тағы 14%-ы пилоттық жобаларды іске асыруда. Қазақстан – осылардың сапында. Бірақ қай елдің бірінші болып енгізетіні белгісіз.

Цифрлық теңге "алтын" атала ма?

Жалпы, әр елдің төл цифрлық валютасына жеке атау беру дәстүрі қалыптасуда. Ұлттық банк көрші Ресей ("цифрлық рубль") секілді әзірге тек "цифрлық теңге" деген шартты атауды қолдануда. Дегенмен, шенеуніктердің атау құмарлығын ескерсек, ЦТ қолданысқа енгізілетін күні немесе одан бұрын оның жаңа аты мәлімделуі мүмкін. Бәлкім, кейбір сарапшылар айтып жүргендей, "алтын" аталуы да ғажап емес.

Мәселен, электронды төлемдердің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру, қолма-қол ақша айналымын күрт азайту мақсатында ұлттық валютасының цифрлық нысанын шығаруды қолға алған Қытайдың "Халық банкі" цифрлық юаньға "Digital Currency Electronic Payment" ("DC/EP") деген халықаралық атау берді. Шың елінде қазіргі кезде пилоттық жоба аяқталу сатысында. Жуырда шығыс көрші "ди-си и-пиді" жаһанға жаюға кіріспек. Атап айтқанда, ол 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарында толыққанды айналымға енеді деп жоспарлануда. 2020 жылғы сәуірден бері цифрлық юань Қытайдың 4 ірі қаласында сыналуда.

Қазақстанның Ұлттық банкінен айырмашылығы сол, ҚХР Халық банкі болашақта қағаз ақшаны толығымен цифрлық валютамен ауыстыруды мақсат етіп қойды. Осы арқылы қытайлар экстремизммен және сепаратизммен күресті де күшейтпек: цифрлық юань пайдаланушылардан жеке басын идентификациялауды талап етеді. Тұлғасын әшкерелемесе, бір юань ақша жұмсай алмайды.

Егер Қазақстан да осы жолмен жүрсе, бұл коррупцияға жойқын соққы беруі мүмкін. Себебі, әрбір теңге мен тиынның нақты қандай адамның әмияны арқылы өткені анықталады.

ҚХР осы арқылы халықаралық транзакцияларды бақылауға алуға ынтық: жобаға Alibaba, Tencent, UnionPay және басқасы тартылуда.

Швецияның орталық банкі цифрлық валютасының пилоттық жобасын аяқтап қалды. Ол оны "e-Krona" деп атады. Сингапурдың Валюталық басқармасы төл цифрлық валютасы жобасына "Ubin", Канада банкі "Jasper", Уругвай Орталық банкі "e-Peso", Украина Ұлттық банкі "e-Hryvnia", Багам аралдарының Орталық банкі "Sand Dollar", Шығыс Кариб Орталық банкі "DXCD" деген атау берді.

Гонконг – Таиланд, Сингапур – Канада, Еуропа – Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері – Сауд Арабиясы секілді кейбір елдер бұл салада бірлескен жобаны қолға алды. Нақтылай кетсек, Еуропалық одақ пен Жапонияның цифрлық валютасы "Stella", Тайланд пен Гонконгтікі – "Inthanon/LionRock" деген атауға ие.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу