Бұған 2011 жылы өрттей қаулаған "Қорғас ісі" коррупциялық дау-дамайы да ықпал етті. Ақыры 2015 жылы күшіне енген "Құқық қорғау қызметі туралы" заңының 3-бабына сәйкес, кеден органдары құқық қорғау құрылымдарының қатарынан қуылды.
Бұл оларды көптеген жеңілдіктен айырды: өзге оқалы жағалылар сияқты ерте зейнетке шыға алмайды, баспанамен қамтуда басымдық берілмейді, бұрынғыдай қосымша үстемеақылар мен привелегиялар да жоқ.
Кедендік бақылау агенттігі (кейін – комитеті де) таратылып, бұл қызмет Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің құрамына қосыла салды.
Содан елде билік транзиті болып, ел басшылығы ауысқалы, кеденшілер Парламенттегі лоббиі арқылы шабуылға шығып, "құқық қорғау шыңын" шабуылдауға кірісті. Ақыры қанды қаңтардан кейін, 2022 жылғы 30 наурызда мәжілісмен Жамбыл Ахметбеков бастаған бір топ депутат жаңа құрылған Әлихан Смайыловтың Үкіметіне ұсыныспен жүгініп, кедендік қызметті қайта құруды және оларға да погон беруді сұрады.
Ахметбековтың дәйектеуінше, мемлекеттік кедендік шекараны күзетумен, контрабанданы, контрафактіні және қылмыстарды әшкерелеп, жолын кесумен Қазақстанда қарапайым мемлекеттік қызметшілер емес, барлық дамыған елдердегі сияқты құқық қорғау органдары айналысуға тиіс.
Алайда сол жылдың желтоқсанында Мәжіліс мерзімінен бұрын таратылып жіберді де, Жамбыл Ахметбеков жаңа депутаттық корпустың құрамына кіре алмай қалды. Смайылов Үкіметі бұл мәселені жылы жауып қойды, кеткенше кеден органының статусын көтеру мәселесіне қайта оралып соқпады.
2024 жылғы ақпанда билік басына Бектенов Үкіметі келгелі кеденшілердің күресі қайта жанданды. Таяуда мәжілісмен Руслан Қожасбаев бастаған бір топ депутат "кеден бөлімшелеріне құқық қорғау статусын беруді" сұрап, Бектенов Үкіметіне шықты. Дегеніне жететінге ұқсайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов кеден органының кеңес кезінен бастап, 2014 жылға дейін онсыз да құқық қорғау мәртебесіне ие болғанына назар аудартты. Кезінде кеденшілермен бірге погонынан айрылған салықшылар екеуі бүгінде бір құрылымға біріктірілген және "фискалды орган" болып табылады.
Үкімет басшысы кеденшілерді құқық қорғау органдары қатарына қайтаруды жақтайтын біраз дәйектеме келтірді.
"Лас қаржыны заңдастырып, жылыстатумен және терроризмді қаржыландырумен байланысты қылмыстық операцияларға қарсы тұру мақсатында биылғы 2024 жылдың басынан бері кеден қызметі валюталық бақылауды жүзеге асыру бойынша жаңа функцияларға ие болды. Сөйтіп, ол капиталдың шетелге заңсыз әкетілу фактілерінің жолын кесумен айналысады. Бұл қызметтің өзіндік ерекшелік-спецификасы бар және ол ел ішіндегі барлық меморгандардың тиімді және оперативті өзара іс-қимылын талап етеді. Сондай-ақ ол шетелдік мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен құпия ақпарат алмасуын қарастырады", – деді Олжас Бектенов депутаттарға хатында.
Алайда шетелдік құзырлы органдар, бірінші кезекте ресейліктер қазақстандық кеденшілердің құқық қорғау органына жатпайтынын сылтауратып, олардың сұратқан кейбір ақпаратты бермейтін көрінеді.
Оның үстіне, Украинадағы соғысы үшін Ресейге қарсы енгізілген халықаралық санкциялардың кеденде қатаң сақталуын, шекара арқылы санкциялық тауарлардың өтіп кетпеуін қадағалау да кеденшілерге жүктелген. Оның ішінде әскери қарулар да бар. Бұл да олардың мәртебесін арттырып, құзырын күшейтіп, жағдайын жақсартуды қажет етеді.
"Бұған қоса, қосарлама мақсаттағы тауарлардың сыртқа шығарылуы, тыйымдар мен шектеулердің қатаң сақталуы, Еуразиялық одақтың сыртқы және ішкі шекараларында ішкі нарықты қорғау шараларын қамтамасыз ету, сондай-ақ кедендік баж бен салықтарды төлеуден жалтару фактілері де ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл ретте қылмыстық және әкімшілік заңнамада тікелей кеден органдарының құзырына жататын баптар көзделген. Сондықтан еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін қорғау бойынша қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін, сонымен қатар қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру мақсатында кеден қызметінің функцияларын қайта қарауға деген қажеттілік бар! Соның ішінде кеден органына құқық қорғау функцияларын беру керек", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Дегенмен, ол кеденшілерді оқалы жағалылар қатарына қайтару үшін заң жүзінде тиісті рәсімдер атқарылуға тиістігін қаперге салды. Алдымен, бұл идеяны барлық мүдделі меморган, соның ішінде құқық қорғау органдары құптауы қажет. Содан кейін тиісті заң әзірленіп, оны барлық министрліктер мақұлдап, Мәжіліске енгізіледі. Парламент қабылдаса, Президент қол қоюы керек.
"Көтеріліп отырған мәселені шешу кезінде мына мәселені ескерген жөн: кеден қызметіне құқық қорғау органы мәртебесін беру, сондай-ақ оның тауарлар, қару-жарақ, әскери техника, есірткі контрабандасымен байланысты істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізу құқықтарын иеленуі – бұған дейін құрылып қойылған Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын қайталап, оларды ауыстыратын болады. Соған қарамастан, тұтастай алғанда, мүдделі меморгандардың басым көпшілігі бұл бастаманы ары қарай талқылауға дайын екені туралы төл позицияларын білдірді. Осыған байланысты, бұл мәселені пысықтай түсу талап етіледі", – деді Премьер Олжас Бектенов.
Яғни, ол бұрынғы үкіметтердей бұл мәселені бұғаттап тастаған көрінеді.
Кеден қызметінің подполковнигі Серік Ыдырысов кеден органдарының елге мол ырыс-береке әкеліп отырғанын айтты.
"Кеденшілер Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ел қазынасын, мемлекет бюджетін кедендік алым-салықтармен тоқтаусыз толтырып келеді. Осы үшін күндіз-түні қызмет етеді. Мысалы, 2005-2020 жылдары Қазақстанның кеден қызметі ел бюджетіне 19 триллион теңгеден астам ақша құйыпты. Сондықтан бұл қызметтің өкілдері қандай құрмет пен мәртебеге де лайық", – деген пікірде ардагер кеденші.
Өз кезегінде Үкімет басшысы О.Бектенов те кеденшілердің бюджетті толтырудағы сіңірген зор еңбегін атап өтті.
Оның айтуынша, кедендік әкімшілендіру арқасында соңғы 3 жыл ішінде бұл қызмет мемлекет кірісіне жалпы сомасы 9,8 триллион теңге кедендік баж бен салықтардың түсуін қамтамасыз етті.
- 2021 жылы – 2,3 триллион теңге;
- 2022 жылы – 3,5 триллион теңге;
- 2023 жылы – 4,1 триллион теңге.
Бұдан байқалғандай, кеден қызметі түсіретін түсім жыл санап, қарқынды артып келеді.