Қазақстанда жасанды интеллект операторы белгілі болды

16991

Сол үшін мемлекеттік бағдарлама өзгертілуі мүмкін. 

Қазақстанда жасанды интеллект операторы белгілі болды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Ұлттық жасанды интеллект платформасының операторын айқындау туралы" Үкімет қаулысының жобасын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оған сәйкес, ел Үкіметі Қазақстанда "Назарбаев Университетінің" "Жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен әзерлемелерді қолдау қорын" (ЖИСЗӘҚҚ) ұлттық жасанды интеллект платформасының операторы ретінде айқындауды жоспарлап отыр.

"Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді. Сондай-ақ бұл теріс әлеуметтік-экономикалық не құқықтық салдарларға әкелмейді. Бұл деректер жиынтығын жинау, өңдеу, сақтау және тарату, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы қызметтерді ұсыну процесін жетілдіруге мүмкіндік береді", – деді қаулы жобасына түсіндірме жазбасында министр Бағдат Мусин.

Бірақ жасанды зердеге бөлінетін бюджеттік қаражаттардың бәрі де осы оператор қолынан өтетіні туралы тіс жармайды.

ЖИСЗӘҚҚ туралы жұртшылық көп біле бермейді.

Мысалы, таяуда, қаңтар айының соңында Бағдат Мусиннің өзі Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада отандық Cerebra жобасының тұсауын кескенін қуана хабарлады. Осылайша, елімізде тұңғыш рет жасанды зерде инсультты емдеуге қатысты. Бірақ оны ЖИСЗӘҚҚ емес, дәрігер, нейрорадиолог Меруерт Сайфуллақызы мен SEO-жетекшісі Досжан Жүсіпов басшылық ететін "Алматы жасанды интеллект зертханасының" ұжымы жүзеге асырған.

Осы орайда журналистер бір жайтқа назар аудартады. Mp.kz электронды сауда алаңының мәліметінше, "Жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен әзерлемелерді қолдау қоры" жиһаздан және басқа да шығыстардан ақша аямайтыны аңғарылады. Мысалы, 2020 жылдың 20 желтоқсанында 1,8 млн теңгеге басшыға арналған жиһаз жинағына тендер жариялапты. Оның алдында конференц-залға арналған жиһазды да 5,7 млн теңгеге сатып алмақ болған. Бұдан бөлек, 17,8 млн-ға деректер сақтауға арналған серверлік жабдыққа, 14,2 млн-ға – есептеуші торапқа тапсырыс беруді жоспарлаған.

Бұған қоса 2 млн 410 мың теңгеге конференц-залға арналған 20 кресло, 3 млн 35,7 мың теңгеге конференц-залға 1 стол, 7 млн 100,4 мың теңгеге – сол залға арналған видеожабдық сатып алуға ниеттенген. Әділдік үшін айта кетейік, бұл тендерлер әзірге "өтпеді" деп танылыпты.

Жалпы, цифрлық министрліктің бұл қормен қарым-қатынасы жақсы екені байқалады. Мысалы, 2020 жылдың ақпанында осы министрліктің Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған Ростислав Коняшкиннің бұған дейін "Tengri Lab" ЖШС жобалық кеңсесінің басшысы және ЖИСЗӘҚҚ-ның атқарушы директоры болғаны жазылған. 

Айтпақшы, аталған Tengri Lab атты жүйелі интеграторын құрушылардың бірі Әлімжан Есетов 2019 жылдың қазанында ЖИСЗӘҚҚ басшылығына барғаны мәлім.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, бүгінде ведомство аталған қормен бірлесіп, "Ақылды қалалар және жасанды интеллект" жобасын жүзеге асыру мәселесін пысықтауда. Осының алдында Tengri Lab командасы ұқсас жобаны – Smart Aqkol ақылды қала жобасын жүзеге асырғаны белгілі. Мынау соның жалғасы болса керек.

"Бұл жоба Қазақстанда жасанды зердені дамытудың ұзақ мерзімді мақсаттарын көздейді. Атап айтқанда, мысалы, оның аясында стратегиялық құжатты әзірлеу мәселесі қарастырылуда. Бұл құжат Қазақстанда жасанды зердені дамытудың негізгі бағыттарын анықтайтын болады. Министрлік сондай-ақ "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Нәтижесінде, жасанды интеллект бойынша жеке платформа және нәтижелердің тиісті көрсеткіштері енгізілмек. Осының арқасында еліміз үлкен деректер (Big data) аналитикасының артықшылықтарын пайдалана отырып, қызмет ұсыну және басқарушылық шешімдер қабылдау бағытында сапалы өзгерістерге қол жеткізе алады", – деді министрлік.

Жасанды зерде мемлекет алдынан үлкен мүмкіндіктер ашады. Ұлттық жасанды интеллект платформасының операторын айқындау бағытындағы жұмыстар Үкіметтің сол әлеуетке ұмтылып отырғанын көрсетсе керек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу