Қазақстанда "жасырылған" мүгедектер саны миллион адамнан асып кетуі мүмкін

2699

Бұл жайт банктер қызметтерінің халыққа қолжетімділігін тексеру барысында белгілі болды.

Қазақстанда "жасырылған" мүгедектер саны миллион адамнан асып кетуі мүмкін Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі қанша адам бар? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түрлі жауап беріп келді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша республикада мүгедектігі бойынша шамамен 535,6 мың адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Мүгедектігі бойынша жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады", – деп хабарлады Тамара Дүйсенованың ведомствосы.

Осыған қарап, бірқатар сарапшылар елде бес жүз мыңнан астам кемтар жан бар деп жүр. Шынында, мемлекет аталған жәрдемақыны мүгедектігі бар адамдардың бәріне бірдей төлемейді. Түрлі сылтаумен жәрдемақы тағайындаудан бас тартады.

Бұған қоса, министрлік жарымжан адамдарға қанша қаражат жұмсалатынын егжей-тегжейлі түрде, ашып айта бермейді. Мысалы, үнемі қос жәрдемақы шығынын қосып көрсетеді. 

"2023 жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды  төлеуге республикалық бюджеттен 203,3 миллиард теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 25 миллиард теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды", – деп мәлім етті Еңбек министрлігі.

Қалай болғанда, кембағал жандар мемлекеттің беретін қаражаты лайықты өмір сүруге жетпейтініне шағымданады. Мұнысы шындық және оны министрлік те жасырмайды. Мысалы, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға өсті. Бірақ бұл тіпті инфляцияның жартысын да жаба алмайды. Өйткені 2022 жылдың қорытындысында Қазақстандағы инфляция 20,3%-ға дейін шарықтады. Биыл да ол ұшынып тұр.

Нәтижесінде, тіпті осы азын-аулақ жоғарылауды есептегеннің өзінде, бүгінде мемлекеттік жәрдемақының жоғары мөлшері 170 доллардан сәл ғана асады.

Атап айтқанда, 2023 жылы жалпы аурудан мүгедек болғандарға төленетін жәрдемақы мөлшері І-топ үшін 77 889 теңгені, ІІ-топ үшін – 62 068 теңгені, ІІІ-топ үшін – 42 190 теңгені құрайды.

Сонымен бірге, таяуда ақпарат құралдары сол баяғы Еңбек министрлігіне сілтеме жасап, Қазақстанда шынында 711,8 мың ерекше қажеттіліктері бар адам тұрып жатқанын жариялады. Оның ішінде 420 мыңы немесе 58% еңбекке жарамды. Тағы 187,5 мыңы немесе 26,3% – зейнеткерлер. 104,3 мыңы немесе 14,6% – 18 жасқа толмаған балалар.

Бірақ жоғарғы жаққа мүлдем басқа деректер жолданатын көрінеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикалық деректерге жүгіне отырып, Қазақстанда 2023 жылғы сәуірде түрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдардың (МБА) саны 955,4 мыңға жеткенін жариялап отыр.

Ведомство шынайы сан бұдан да көп екеніне назар аудартады: себебі, "түрлі себептермен "мүгедек" деген мәртебе алмаған адамдардың белгілі бір пайызы бар, оларды да халықтың жүріп-тұруы шектеулі және осал топтарына жатқызуға болады".

Сонда жалпы сан миллионнан асатынға ұқсайды.

Бұл сандар қаржылық реттеушіге банктердің және микроқаржы ұйымдарының қызметі халыққа қаншалықты қолжетімді екенін анықтау үшін қажет болыпты.

Бұл тұрғыда да жағдай сын көтермейді. Мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының банк қызметтерін алуына және қаржы өнімдерін пайдалануына қатысты шектеулердің барлығы анықталды.

Мысалы, жетекші банктердің біразының сайттары ерекше қажеттілігі бар адамдарға лайықталмаған. Мысалы, Kaspi.kz суперқосымшасының, Еуразиялық банктің, Home Credit Bank, ForteBank және басқаларының сайттарының "зағип жандарға арналған" нұсқасы жоқ.

Көшбасшы банктер арасында тек Халық банкі, Отбасы банк бұл жөнінен қамқорлық танытқан көрінеді. 

"Қаржылық қызметтердің физикалық тұрғыдан да, ақпараттық тұрғыдан да қолжетімділігі төмен. Бұған қоса, банктер мен микроқаржы ұйымдарында азаматтардың осы санатымен өзара іс-қимыл жасай алатын, мысалы, ым тілін білетін білікті қызметкерлер жоқ", – деген қорытындыға келді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Сондықтан ведомство заңнамаға өзгеріс енгізіп, банктер үшін олардың базалық қаржылық және төлем қызметтеріне, әсіресе депозиттерді, төлемдер мен аударымдарды, кредиттерді мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ету жөнінде шаралар қабылдауы бойынша талаптар қоюға ниетті.

Бұдан басқа, құжатта мүмкіндігі шектеулі адамдар, қарттар және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қаржылық қызметтердің инфрақұрылымдық қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған нормалар заңнамалық деңгейде бекітілмек.

"Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ-ның мәліметтеріне жүгінсек, 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 66,7 мың мүгедектігі бар адам (МБА) қаржылық ұйымдарда тұтынушылық қарыз алған. Бұл елдегі мүгедек жандардың жалпы санының 6,98%-ын құрайды. Қаржылық реттеуші бұл "қаржылық қызметтердің қолжетімділігінің төмен деңгейде екенін көрсетеді" деп отыр.

Банктер қызметтері осы санаттағы адамдарға қолжетімді бола түссе, банктер мен МҚҰ-ларда қарызы бар мүмкіндігі шектеулі адамдардың үлесі артуы мүмкін.

Бұл өзгеріс келесі 2024 жылға жоспарланған.

Оған дейін агенттік банктер үшін бірқатар ұсынымдарды әзірледі. Ең алдымен, олар бөлімшелерді нақты қолжетімді етуді, пандустар, көтергіштер жабдықтауды, банкоматтар мен терминалдардың техникалық және бағдарламалық қамтылымын мүгедектерге де лайықтауды, мүгедектердің барлық санаттарына қызмет көрсететін колл-орталықтар ашуды қарастырады.

Бұдан басқа, құжат МБА санатындағы клиенттермен өзара іс-қимыл жасайтын қаржы ұйымдарының қызметкерлерін оқытуды және олардың құзыреттерін арттыруды көздейді. Есту және көру қабілеті нашар адамдар санаты үшін банктердің интернет-ресурстарын, мобильді қосымшаларды, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру материалдарын бейімдеу бойынша рекомендациялар жасалды.

Қаржылық реттеушінің хабарлауынша, қаржы ұйымдары ұсынымдарды орындауға кірісті. Бұл үшін жекелеген банктер өз бөлімшелерінің техникалық инфрақұрылымын жаңғыртуда. Сайттары мен мобильді қосымшаларын бейімдеу, МБА өкілдерімен жұмыс істей алатын білікті қызметкерлерді даярлау жөніндегі жеке жоспарларын қабылдап, іске асыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу