Қазақстандағы әр облыстың қандай қылмысқа "маманданғаны" анықталды

2431

Полиция елдегі ең криминогенді қалаларды атады. Қазақстандық ұрлықшының ортақ бейнесі де жасалды. 

Қазақстандағы әр облыстың қандай қылмысқа "маманданғаны" анықталды Фото: inbusiness.kz

Халықаралық туристік порталдар "Қазақстандағы ең қауіпті ТОР-5 қала" қатарына Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды және Ақтауды жатқызады.

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі әр өңір әртүрлі қылмысқа "маманданғанын" жария етті.

"Қазақстанда әртүрлі факторлардың әсерінен қылмыстың аймақтық ерекшелігі, спецификасы қалыптасты. Атап айтқанда, географиялық және климаттық ерекшеліктеріне қарай Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында мал ұрлығы кең таралған. Бұл қылмыстың ең көп үлесі де осы облыстардың еншісінде. Ал Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында – браконьерлік, соның ішінде заңсыз балық аулаумен байланысты қылмыстар көп жасалады", – деп мәлім етті ІІМ.

Өзге өңірлер ше? Ішкі істер органдарының хабарлауынша, киберқылмыс негізінен еліміздің басты қос мегаполисін шабуылдауда.

"Әлеуметтік-экономикалық факторлардың ықпалымен елордада, Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында киберқылмыс кең ауқымда өрістеді. Бұдан бөлек, 10 мың тұрғынға шаққандағы ұялы телефон ұрлығының ең жоғары үлес салмағы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, Ақтөбе, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі", – деп түсіндірді ішкі істер ведомствосы.

Сонымен бірге полиция қылмыстардың көбі тәуліктің қай мезгілінде жасалатынын және оған жол беретін себептерді де атады.

"Жыл сайын ұрлықтың салдарынан халыққа келтірілетін залал сомасы 10 миллиард теңгеден асады. Бұл ретте зиянның орта есеппен 43% ғана өтеледі. 5 жыл ішінде ұрлықшылардың халыққа келтірген 57 миллиард теңге залалының 32 млрд теңгесінің ғана орны толтырылған. Бұл полиция жұмысына халықтың наразылығының өршуіне және оның одан түңілуіне алғышарттар жасайды. Талдау көрсеткендей, Қазақстанда ұрлық көбінесе күндізгі уақытта жасалады: бүкіл ұрлықтың 62% пайызы күндіз жүзеге асырылған. Оның үстіне қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың 70%-ы да күндіз жасалды. Сондай-ақ барлық қалтаға түсудің 85%-ы, ұялы телефон ұрлығының жартысынан көбі және көлік ұрлаудың 65%-ы күндізгі мезгілде іске асырылды", – деп жария етті Ішкі істер министрлігі.

Егер ұрлықшылар тапа-тал түсте әрекет етуден тайынбаса, тайраңдаса, демек, қылмыскерлердің елді басынып алғаны.

Бұл ахуалға жемқорлық жайлаған құқық қорғау органдары бірінші кезекте жауапты. Дегенмен, барлық айыпты тек соларға аударып қоюға болмайды: билік полицияны жете қаржыландырмай отыр, салдарынан тәртіп сақшылары нашар жабдықталған, жалақылары да өзге күш құрылымдарына қарағанда төмен. Олай болса, қылмыстық ахуалды түзеу үшін ең алдымен, полицияға жағдай жасаған жөн.

Полицейлердің байламынша, ұрлықшылар бірінші кезекте ақшаға көз сұғын қадайды. Содан соң тұрмыстық техникаға, киім-кешекке, зергерлік бұйымдарға және басқа да негізінен ары қарай қайта сатуға болатын мүлікке қызығады. Мәселен, елдегі әрбір төртінші ұрлықта ұялы телефондар қолды болады. Бұған кейде азаматтардың өздері септеседі: смартфонын көрнекті жерде қалдырып кетеді, немесе шалбарының, киімінің артқы қалтасына сұға салады.

Ауылдық жерлерде мал ұрлығы жиі кездеседі. ІІМ жекелеген аймақтарда мал ұрлығымен тұтас ұйымдасқан қылмыстың топтар айналысатынын жасырмады. Нәтижесінде, ұрланған мал бірден арнайы сою алаңында мүшеленеді, жеке бөлінген көліктер етті дереу тиісті жеріне жеткізеді, одан әрі сату арналары іске кіріседі. Сөйтіп, жоғалған малдың әп-сәтте сайда саны, құмда ізі қалмайды.

Полицейлер ұрлықтардың өршуінің шарттарын да атады. Ең бастысы – ұрланған заттар саудасының жолға қойылғаны. Екінші себеп – азаматтардың алаңғасарлығы, аңқаулығы және жауапсыздығы. Айталық, жануарларын жайылуға қараусыз жібереді, малының қайда оттап жүргенін бақыламайды.

Әрбір мал басының тұрған жерін, координатын анықтайтын заманауи чип түгіл, GPS-трекерлерді тағу кең тарала қоймады. Өйткені бағасы арзан емес: әрбір данасы орта есеппен 25 мың теңге тұрады.

Ауылдардың бәрінде бірдей "мал кезегі" ұйымдастырылмаған. Содан бетімен ауған төрт түлік кейде егінге қырғидай тиіп, ауыл кәсіпкерлері мен ауылдықтардың кикілжіңіне, қақтығысына соқтырып жатады.

"Ұрлық жасауға ықпал ететін негізгі шарттардың бірі – ұрланған заттарды кедергісіз өткізу мүмкіндігі. Бұған бір жағынан, ұсталған заттарға деген халық сұранысының тұрақты және жоғары болуы, екінші жағынан республикада құзырлы органдар тарапынан пайдаланылған мүлік айналымының бақылаусыздығы ықпал етеді. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу және өткізу үшін жазаға тарту қиындатылған. Себебі мұндай қылмыстарды дәлелдеу күрделі және ұрлық іздері жақсы жасырылады. Салдарынан жалпы саны 1 144 ұрлық фактісі тіркелді. Оның ішінде сотқа 722 іс қана жолданды. 1 021 іс тоқтатылды", – деп түсіндірді ІІМ.

Ведомство қазақстандықтарды өз мүлкінің бүтіндігін қамтамасыз ету, бақылаудан шығармау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырды. Мысалы, мал ұрлығы 70% жағдайда еркін жайылып жүрген, ұзақ уақыт бойы тиісті қараусыз қалған төрт түлікке қатысты жасалады. Малын жоғалтқан ауылдықтар алдымен оны өзі іздеп табуға тырысады, соңынан ұрлық фактілері туралы полицияға кеш жүгінеді. Мұның бәрі бұл қылмысты ашуды және кінәлілерді жауапқа тартуды қиындатады.

Бұдан өзге, қандай да бір затын жоғалтқан адамдар құзырлы органдардан көмек сұрап, жүгіне бермейді: не сенбейді, немесе онымен істес болудан сескенеді. "Халықтың құрбан болу (виктимизация) деңгейін және Қазақстанда құқық қорғау органдарын сенім деңгейін бағалау" атты зерттеу көрсеткендей, ұрлықшылардан зардап шеккен қазақстандықтардың 53% ғана полиция өтініш жазған.

ІІМ мамандары қазақстандық ұрының "орташа статистикалық бейнесін" жасады: бұл – 21 жастан 39 жасқа дейінгі ер адам, жұмыссыз, орта немесе арнайы орта білімі ғана бар, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ мамандардың пікірінше, Қазақстанда ұрлыққа адамдарды әлеуметтік-экономикалық ахуалының нашарлығы, пайдакүнемдігі, тез баюға, материалдық игіліктерді кез-келген, тіпті заңсыз жолмен табуға деген ұмтылысы итермелейтін көрінеді. Бұл ретте олар ұсталып қаламын және жазаланамын деп қорқа бермейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу