Осы бағытта білім ордаларында қандай іс атқарылып жатқаны туралы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің қызметкерлері Азамат Қадыров пен Дана Цой, Қазақ-Британ университетінің қызметкері Амина Хан білім ордасының артықшылықтары туралы айтып берді.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті - ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлаудағы жетекші оқу орны және ASIIN тәуелсіз ұйымнан (тәуелсіз инженерлік және техникалық университеттер қауымдастығы) халықаралық аккредитация алған Қазақстандағы алғашқы университет.
Бұл оқу орнының білім беру сапасын ұдайы жақсарту бағытындағы ең маңызды қадамдарының бірі - иммерсивті технологияларды дамыту зертханасын ашу арқылы барлық ішкі процестерді цифрландыруға көшіруге мүмкіндік беретін мета-университет құру.
Осы жобаның аясында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті "Иммерсивті технологиялар" курсын қамтитын жаңа білім беру бағдарламасын енгізуде. Бұл нақты уақыт режимінде пайдаланушылардың өзара және виртуалды нысандармен әрекеттесе алатын виртуалды ортасын құруға мүмкіндік береді. Виртуалды сыныптар құру елдің шалғай аймақтарында тұратын студенттерге қашықтан сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде студенттерге бизнес дағдыларды дамытуға көмектесетін Цифрлық бизнес мектебі ашылған. Мұндай дағдылар қазіргі уақытта IT-мамандары үшін аса маңызды екені сөзсіз. Оқыту бағдарламасы аясында студенттер өнімді басқару, ақпараттық қауіпсіздік аудитіне, сондай-ақ soft-skills, яғни жеке дағды-қабілеттерді жақсартуға барынша мүмкіндік алады. Бұл әдіс-тәсіл Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің түлектеріне тек IT маманы ғана емес, сонымен қатар инновациялық өнімдер мен қызметтерді құра алатын және оны нарықта ілгерлете алатын жан-жақты маман болуға септігін тигізеді.
Айта кетейік, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті 13 жылдан астам уақыт бойы білікті мамандар дайындап отырған білім ордасы. Университеттің 6000-нан астам түлегі жоғары қызметке орналасуының өзі университеттегі білім сапасының деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар Университет студенттерге әртүрлі сабақтас мамандықтар бойынша білім беріп қана қоймай, цифрлық журналистиканы да оқытады.
Қазақ-Британ техникалық университеті - Қазақстандағы ең үздік техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Сондай-ақ, университет халықаралық аккредиттеуді алған. Білім ордасы ірі трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнатып, бірлесіп зертханалар ашқан. Қазақ-Британ университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы әлемге танымал жоғары білікті ғалымдардан құралған.
Айта кетейік, Университеттің студенттері Digital Almaty 2023 форумында робот-манипуляторды көпшілікке ұсынған болатын. Бұл роботты ғалымдар да, жұмысшылар да көмекші ретінде пайдалана алады. Аталып отырған робот адамның қолы жете бермейтін қиын жерлерде жұмыс істей алады. Мұндай ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру студенттерге бизнесте құнды тәжірибе алуға, кәсіпкерлік және қаржылық жоспарлау дағдыларын дамытуға, болашақта мансапқа да, табысқа да жетуге септігін тигізері сөзсіз.
Бүгінде Қазақ-Британ техникалық университеті бірнеше негізгі жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі - сот практикасының цифрлық талдауын жүргізу жобасы. Бұл жобада сот істерінің нәтижесін болжау үшін жасанды интеллект қолданылады. Миллиондаған сот актілерін талдайтын алгоритмдер негізінде құрылған нейрондық желі судьяларға елдегі ұқсас істер бойынша статистика мен талдауды ұсына алады. Бұл жасанды интеллектті құқықтық салада қолдануға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Кез келген жоғары оқу орнының жетістігін айқындайтын көрсеткіштердің бірі - ол түлектердің жұмысқа орналасу пайызы. Осы статистиканы саралайтын болсақ, Қазақ-Британ техникалық университеті түлектерінің 90%-дан астамы оқу орнын аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасқан. Оқу орнының түлектері шетелдегі және елдегі ірі компанияларда энергетика, IT, консалтинг, қаржы және т. б. салаларда жұмыс істеуде.
Қазақ-Британ техникалық университеті мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті елдің инновациялық дамуына қолдау беріп, қажетті мамандар дайындап отырған оқу ордалары.