Қазақстандағы бүкіл мектептің сайты біріктірілуі мүмкін

2698

Сарапшылар оның қаншалықты қажеті бар екеніне таңқалып отыр. 

Қазақстандағы бүкіл мектептің сайты біріктірілуі мүмкін

Осыдан бір жыл бұрын барлық меморгандардың – 18 министрліктің, 48 комитеттің, 6 агенттіктің, 17 облыс әкімдігінің, сондай-ақ ауыл, аудан, қала әкімдіктерінің сайттары "интернет-ресурстардың бірыңғай платформасына" көшкен болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ізінше Мемлекеттік күзет қызметі, Жоғары сот кеңесі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Шекара қызметі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Терроризмге қарсы орталық, Бас прокуратураның сайттары да Gov.kz деп аталатын осы ортақ порталға қосылды.

Бұл шынында ақпарат алуды жеңілдетті. Әйтпесе, биліктің орталық және жергілікті органдарының, олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің интернет ресурстарының жалпы саны жүздеп саналатын. Азаматтарға оның әрқайсысын жеке-жеке іздеп отыруға тура келетін.

Ал барлық мемлекеттік сайттардың "ортақ терезесі" азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимыл процесін жеңілдетті. Бәріне бірдей, бірыңғай дизайн мен навигация енгізілді. "Сұрақ-жауап" сервисінің көмегімен пайдаланушылар ЭЦҚ пайдаланбай-ақ мемлекеттік органдарға ашық сұрақтар қойып, жауап ала алады.

Бұл тұғырнамадағы бөлімдердің жалпы саны мыңға жуықтапты.

Рас, пайдаланушылар Gov.kz-тің кемшіліктері жетерлік екеніне назар аудартады. Мысалы, іздеу жүйесі нашар: кілт сөз негізінде қажет ақпаратты нақты тауып бермейді, барлық мың шақты сайттан теріп, жанама, тіпті қатысы жоқ құжаттарды ұсынады. Іздеуді мерзім-датасы бойынша іріктеу опциясы да қарастырылмаған. Оның үстіне бұрын кейбір министрліктердің төл сайтына тән болған озық жақтары, сол сала үшін аса өзекті, танымал айдарлары жойылып кетті: жалпыға ортақ порталда айдарлар да бірдей. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан әкімдігі секілді бірқатар билік органдары Gov.kz-ті ыңғайсыз санап, ескі сайттарында қалуды жөн көрді.

Сонымен бірге бірыңғай тұғырнаманы жаңғырту жұмыстары аяқталар емес, айталық, бірқатарының жаңа сайты аты бар да, заты жоқ күйде қалды: оны контентпен толтыру ісі ілгерілемеген.

Қалай болғанда, бұл бастама өзге салаларда осындай бірегейлендіру жұмыстарын жүргізуге түрткі болатынға ұқсайды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қоғам  белсендісі Азамат Сүлеймен тиісті ұсыныспен шықты.

"Қазіргі уақытта бүкіл республика бойынша әр мектеп өзінің жеке сайтына ие. Олардың әрқайсысы әртүрлі жұмыс жасап, бытырыңқы күйге түскен. Мұның кемшін тұстары жетерлік. Себебі, әр мектеп өз сайтын сүйемелдеп, жүргізуге орасан зор бюджет қаржысын шығындайды. Ендеше меморгандардың ортақ тұғырнамасы үлгісінде Қазақстанның барлық мектептеріне арналған бірыңғай порталды енгізу – ұтымды нұсқа болып табылады", – деді ол.

Ұсыныс авторының байламынша, бұл "бюджет қаржысын бірнеше есе оңтайландыруға", "ата-аналар мен оқушылар үшін ортақ әрі ыңғайлы платформа құруға", "халықпен қолайлы кері байланысты жолға қоюға" мүмкіндік береді.

Өз хатында А.Сүлеймен министрден бүкіл білім ордасына арналған бірыңғай сайтты енгізуге жәрдемдесуді сұрады.

БҒМ басшысы бұл идеяны құптады.

"Сіздің айтқаныңыз жөн! Білім беру ұйымдарына арналған бірыңғай интернет-ресурсты әзірлеу ақпаратты іздеуді оңайлатады, әрбір мектеп үшін сайт әзірлеу шығыстарын оңтайландыруға және жалпы алғанда, мемлекеттік бюджетті үнемдеуге әкеледі. Бүгінде барлық білім беру ұйымдарын ортақ бір білім платформасына көшіру мәселесі талқыланып жатыр. Белсенді азаматтық ұстамыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Егер сізде жаңа идеялар, жобалар болса біз оны назарға алуға әрдайым қуаныштымыз", – деп жауап қатты министр Асхат Аймағамбетов.

Үнемдеудің қадірін экономистер білер деп, бұл мәселеге орай экономист Марат Ерғозиннен пікір сұрадық. "Қажеті қанша?" деді ол.

"Біздің шенеуніктер кеңес кезіндегідей бәрін бір қалыпқа түсіруге әуестеніп барады. Ауыл-аймақта үйлерді бір сәулет стиліне келтіру керек деп шықты. Енді бұл дерт білім беру жүйесін жайлап жатыр. Барлық оқушыны ресейлік платформадағы Күнделік.kz-ке байлап қойды. Енді мектептердің сайттарын сондай бір тұғырнамаға телімек қой. Жалпы, бұдан көп ақша үнемделеді дегенге сенбеймін. Мектептер өз сайттарын еріктілер, көбіне жоғарғы сынып оқушыларының көмегімен жүргізеді. Ал егер министрлік ортақ интернет-ресурс құрып, оны жүргізу ережесін бекітсе, онда мектептерге штатында программист маманды ұстап тұруға тура келмек. Бұған қоса, МЖӘ аясында мемлекет тұғырнама үшін бәрібір шығын шығаруы мүмкін. Олай болса, БҒМ "талқыланып" жатқан бұл жобасының егжей-тегжейлі шығыстарын қоғамдық талқылауға салмай, оны енгізуіне келісуге болмайды", – деді сарапшы.

Негізі, дамыған елдерде әр мектеп өзіне неғұрлым көп әрі дарынды оқушыларды тарту үшін төл сайттарын да неғұрлым тартымды, ыңғайлы, креативті-жасампаз етуге тырысады. Мысалы, АҚШ-та "10 Great School Websites" секілді байқаулар ұйымдастырылып, ең үздік мектеп веб-сайттары анықталады. Мына жоба іске асса, білім ордалары бірегейлігінен де жұрдай болады, әрі осындай халықаралық байқауға қатысу мүмкіндіктерінен де айрылып қалмақ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу