Қазақстандық бизнес Қытай жүктерін қазақ жерімен өткізбеуді талап етті

5751

Олардың айтуынша, Қытай Қазақстан жүктеріне қысастық көрсетуде. Отандық пойыздар елге қайта алмай, жұңғо елінде жаздан бері жатыр. Салдарынан біраз отандық бизнес банкрот болуы мүмкін екен. 

Қазақстандық бизнес Қытай жүктерін қазақ жерімен өткізбеуді талап етті

Биылғы қыркүйекте елімізге ҚХР төрағасы Си Цзиньпин келгенде, қазақстандық бизнес үшін бірқатар шектеулер жойылатыны жария етілген еді. Шығыс көрші лидерінің сапары аясында 10 құжатқа қол қойылды. Олар қазақстандық кәсіпкерлер үшін шың еліне өнім экспортын оңайлатып, қытай нарығын қолжетімді етеді деп мәлімделді.

Атап айтқанда, тараптар экспортта және өзара саудада көлікке қойылатын басыартық талаптар, кедергілерді алып тастауды, санитарлық, ветеринарлық бақылау саласындағы талаптарды жоюды қарастыратын көлік пен логистика саласындағы уағдаластыққа келді.

Қазақстан көрші елге бидайды, ұнды, етті, шикізатты және өңделген өнімді сатады. Бірақ Қазақстан соңғы бірнеше жыл бойы өңдеу өнеркәсібі өнімдерімен Қытай нарығына шыға алмай келеді. Оған түрлі тосқауыл қойып тастаған. Соның бірі – Қытайдың ішкі талаптары. Мысалы, астық пен ұнды нақты қандай құтыда, қандай платформада, қандай көлік түрімен (тек контейнермен) тасу керектігін бекітіп қойған. Оның көбін Қытайдың өзінен сатып алуға тура келеді. Бұл астық пен ұнның өзіндік құнын қымбаттатып жібереді. Ол өнімді қытай кеденшілері мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтері айлап, асықпай тексереді. Содан амалсыз, Қазақстан бұл елге астық экспортын тоқтатуға мәжбүр болды.

Биылғы қыркүйектегі Қытай лидерінің сапары аясында осы талаптарды төмендетуге, кей жерде тіпті алып тастауға қол жеткізілгендей болған. Алайда қазақстандық экспорт сыртында, енді елімізге бағыт алған импортқа қатысты үлкен проблема бас көтеріпті.

Әрине, Қытай Қазақстан аумағы арқылы өз жүктерінің Еуропаға транзитін арттыра алды. Біздің ел оны еш кедергісіз өткізуде. Мысалы, Украинаға соғысы үшін Ресей оқшауланғанда, ҚХР соның жерімен тасымалдаған жүк ағынын Қазақстанның Ақтау порты арқылы өтетін Транскаспий дәлізіне қайта бағдарлады. Нәтижесінде, биылғы 8 айда осы дәліз арқылы жүк тасқыны былтырғы ұқсас кезеңдегіден бірден 2,5 есе өсіп, 1,3 млн тоннаға жеткен.

Осыған назаланған қазақстандық импорттаушылар Қытайдан келетін жүктердің транзитін тоқтатып тастауды талап етуде. Бұл туралы алғаш болып, Eldala ауыл шаруашылығы порталы хабарлады. ҚХР жағы қазақстандық кәсіпорындарға аса қажет жеткізілімдерді бері өткізбей жатқан көрінеді.   

"Қаптаған қазақстандық компания дәрменсіз жағдайға жетіп, өндірісін тоқтатуға шақ қалды. Себебі олардың қызметін жалғастыру үшін қажетті жүктер қытайдың Циндао портында қаңтарылып тұр. Ол тауарлардың тізімі ұлан-ғайыр: мұнайшылар, құрылысшылар, өндіруші кәсіпорындар жұмысшылары мұқтаж болып, күтіп отырған қысқы арнайы киімнен бастап, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары қажетсінетін қант, пальма майы сияқты өнімдерге дейін бері өте алмауда. Жалпы алғанда, Циндао теңіз портына қызмет көрсететін Чжаочжоу теміржол станциясында әрі-сәрі күйде дағдарған контейнерлердің саны кейбір бағалаулар бойынша 6 мың бірліктен асып кетті. Оның 600-і – биылғы шілдеден бері сонда жатыр", – деп мәлімет берді портал басшысы Сергей Буянов.

Жалпы мұндай жағдай жылда қайталанып, экспорттаушыларды да, импорттаушыларды да әбден ығыр етті. Былтыр бұл дағдарыстан кәсіпкерлер тек екі мемлекет арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілген соң ғана құтыла алып еді. Қытайда тұрып қалған жүктердің нақтыланған, егжей-тегжейлі тізімі түзіліп, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі арқылы Қытайға тапсырылды.

Нәтижесінде, былтыр түрлі сылтаумен заңсыз тұтылған 8 мың контейнер жүктерімен бірге елге қайтарылған болатын.

Айта кету керек, халқымыз аз болғандықтан, қазақстандық контейнерлер нарығы шағын. Салдарынан, мыңдаған контейнердің экономикалық айналымнан шығып қалуы экономикаға соққы, әрі бизнес те қатты күйзеледі. Олар әр контейнерді Қытайдан, Ресейден жалға алады, бөтен елде бос жатқан әр күн үшін шығындалады. Соның кесірінен табыс табу орнына қып-қызыл шығынға батады.

Енді міне, екі елдің басшылары бірлескен мәлімдемелерінде қазақ-қытай қарым-қатынастарының жаңа "алтын 30 жылдығы" жариялаған тұста былтырғы "жыр" қайта басталды.

Негізі, Үкімет бұл проблеманы біледі, бейхабар емес. Отандық бизнес мамыр айынан дабыл қаға бастады. Алды Сыртқы істер министрлігінен көктем соңында көмек сұрап жатты. Обалы нешік, біздің дипломаттар былтырғы тәжірибе бойынша "тұтылып" қалған контейнерлердің және жүктердің сала-құлаш тізімін жасап, дипломатиялық арналармен ҚХР-ға екі рет жолдады. Соңғысы – 16 қыркүйекте жіберіліпті.

Алайда Қытай СІМ-і былтырғы сценарий бойынша жұмыс істеуден бас тартып, қазақстандық әріптестерінің меселін қайтарды. Сыпайы әрі салқын түрде "бұдан былай мұндай тізімдерді бағыттамауды" өтініпті.

Бас тартудың екі себебі анықталды. Біріншіден, қытай жағы мұндай тізім жасауда қазақстандық шенеуніктер коррупцияға жол беріп, әлдебір жүктерді негізсіз басымдықты деп жариялауы мүмкін деп алаңдайды. Қарапайым тілмен айтқанда, шекарадан жедел өтетін жүктердің орнын сатуы ықтимал деп күдіктенеді. Екіншіден, екі ел арасындағы өткізу бекеттерінде онсыз да күнде кептеліс. Жеткізуді жеделдету мүмкін емес.

Әрине, көргісі келген адам көрінген істен коррупцияның көлеңкесін аңғарады. Ал түйткіл шешімін таппай, бизнес үшін апатқа дейін ушығуы мүмкін. Отандық кәсіпкерлер ызалы жүрек, долы қол жағдайына жеткен: олар қытай жақтан шекара арқылы толассыз жүктер өтіп жатқанына куә. Қазақстандық кәсіпкерлер болса, толассыз шығын шегуде.

Мысалы, "Рахат" компаниясы қант тиелген 200-ден астам контейнерін бір ай бойы әкете алмай отыр. Coca-Cola компаниясы да 8 мың тонна қантын зарыға күтіп жүр.

"Біздің Қытайдағы серіктестеріміздің айтуынша, ҚХР теміржолдары үшін Қазақстан арқылы Еуропаға транзитпен өтетін қытайлық жүктерді жөнелту басымдық болып табылады. Салдарынан, Қазақстанға арналған қытайлық және басқа елдердің жүктері әрі ысырыла береді. Қазақстанға арналған жүктерді тіпті теміржол құрамына тиемейді де", – деді Coca-Cola компаниясының өкілі Фархат Сейітов.

Еліміздің теміржол ұлттық операторы шекарада кептеліп тұрған көп контейнер жоқтығын жеткізді. "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС тасымалдауды жоспарлау жөніндегі атқарушы директоры Нұржан Келбұғановтың дерегінше, қазақстандық теміржолшылар арғы жақтан беттеген барлық құрамдар бойынша өтініштерге келісім береді. 

"Қытай тарапынан "Алтынкөл" станциясына күн сайын контейнерлердің ұзын тізбегі бар 14 пойыз кіреді. Биылғы қазан айына Алтынкөл арқылы 12 мыңнан астам контейнерді жеткізу келісілді. "Достық" станциясы арқылы осы айда 5 мыңнан астам контейнер өтеді. Ендеше проблема бар болса, ол шекара өтпесінде емес, Қытайдың ішкері өңірлерінде, тереңінде қордаланып жатса керек", – деді Нұржан Келбұғанов.

Бизнесмендердің, мысалы Eurasian Foods компаниясының өкілі Геннадий Вейцманның мәліметінше, Қытай Қазақстанға қарай өткізетін жүктердің басым көпшілігі – транзиттік. Олар елге соқпай, бірден Еуропаға тартады. Салдарынан, отандық бренд саналатын осы кәсіпорын шілде айынан бері 300-ден астам контейнерін күте-күте сарғайыпты. Бұл көлем өсе түспек. Екі ортада ілініп қалғандарға қосымша, бүгінде Циндао портына тағы 100-ден астам контейнері таяп келе жатқан көрінеді.

Әрине, Қытай Еуропаға арналған жүктерін өткізіп болған соң, қазақстандық жүктер легі заулайды деп кезек күту әбестік. ҚХР-дың Еуропалық елдермен сауда-саттығы жылына 1 триллион доллардан асады. Бұл жүк келесі Қытай жаңа жылында барлық қытайлық кедендер жабылғанға дейін еш үзіліссіз тасқындайды. Яғни Қазақстанға арналған жүктер жылдап жатып, шіруі мүмкін. Оның үстіне Қытай бұрын Ресей территориясымен жолдаған жүктерін де Қазақстан жаққа бағыттады.

Сонда біздің Үкімет Қазақстан арқылы транзит өсті деп мақтанып жүргенде, ол отандық бизнесті жайратып кетуі ықтимал. Бұл тек отандық теміржолшыларға ғана тиімді. Ішкі тасымалға қарағанда халықаралық транзит тарифі бірнеше есе жоғары.

Осы мәселеге арналған "Атамекендегі" жиында отандық бизнесмендердің бірі "Бір жол, бір белдеу" қытай жобасы тұзақтағы ірімшік болып шыққанын қынжыла жеткізді. Қытай жүктерінің ағынын қамтамасыз етемін деп жүріп Қазақстан өз бизнесін өлтіріп тынбаса етті.

Сондықтан отандық кәсіпкерлер Қытай жағын солақай саясатынан бас тартуға көндіру жолын ұсынды.

"Біз транзиттік жүктерді өткізбей қоюымыз керек. Қазақстанға арналған импортты жеткізу қалыпқа түсіп, орнықты жолға қойылғаннан кейін ғана ашу қажет", – деді "Қазақстан май-тоңмай одағы" қауымдастығының президенті Константин Невзоров.

Дегенмен Қазақстан Үкіметінің мұндай эскалацияға баруы неғайбыл.

Қытай транзиті тағы бір мәселені өткір етті. Жүк тасымалының күрт артуы қазақстандық инфрақұрылымды тез тоздыруда. Ұзынан ұзақ созылған қытайлық жүктерді өткізіп жіберу үшін кейді ішкі жүк пойыздарына қаңтарылып, күтіп тұруға тура келеді деседі.

Өз кезегінде билік түйткілдің түйінін тарқатуға тырысуда екен. 

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-нің Бейжіңдегі өкілі Ерік Әубәкіровтың мәліметінше, олар Қазақстанның Қытайдағы елшілігімен бірлесіп, қытайлық портта тұрып қалған қазақстандық жүктердің толық тізімін жасап, пысықтауда. Бірақ олардың жуық арада елге кіретініне сенім аз. Жүк ағынының еселеп артқаны сонша, енді Қытай инфрақұрылымы шыдамауда. Мамандар қарқынды тасымал нәтижесінде рельстер балқып, деформацияланып, ауыр жүктерді тасуға жарамай қалуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан жүк ағыны баяулайды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі еш амалы қалмағандықтан, отандық жүк тасушыларды басқа логистикалық маршруттерді таңдауға үндеді.

СІМ дерегінше, осы тұрғыда ҚХР-дегі ахуал тұрақсызданды, Циндао портынан жүк жеткізудің кешігуі тек жиілейді. Ведомство отандық кәсіпкерлерден қытайлық басқа порттарға, Ляньюньганға бағдарлануға кеңес берді. Ол жерде Қазақстанның төл терминалы да бар.

Бірақ бизнес бұған келісе алмайды. Біріншіден, ол порт жүктердің барлық түрін қабылдай алмайды, инфрақұрылымы шектеулі. Екіншіден, алыс жатқандықтан одан жүк жеткізу әлдеқайда қымбатқа түседі. Яғни ол порттан Қазақстанға жіберілген жүктер баға жөнінен бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Тіпті елде қымбатшылықтың ары қарай өрістеуіне түрткі болуы ықтимал.

Отандық бизнестің талабы біреу. Өзге елді байытатын транзиттік тасымал басымдық болмауға тиісті, шетелдік және ішкіреспубликалық тасымалды тепе-теңдікке, ең құрыса 60-та 40 қалыбына келтіру керек.

Ал "ҚТЖ-Жүк тасымалы" өз бетінше транзитті тоқтатуға немесе шектеуге құзыреті де, қауқары да жоқ екенін алға тартты. Бұл тек мемлекетаралық келіссөздер арқылы шешіле алады.

Сол себепті кәсіпкерлердің байламынша, енді бәрі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа тіреліп тұр. Ол қытайлық әріптесімен келісімге келе алса, Қазақстанның және ҚХР теміржолшылары мен кеденшілері жүктерді өткізудегі басымдықтарға қатысты мәселені пысықтай алады.

Келесі жылы жаңа Парламент сайланған соң Үкімет автоматты түрде отставкаға кететіні мәлім. Сонда креслосына оралғысы келсе, Премьердің отандық бизнесті, ұлттық экономиканы қорғауда қазірден тегеурін танытқаны абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу