Қазақстандық балуандар Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбеков АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Екеуі де грек-рим күресінен топ жарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Юсуф Ашрапов финалда Армения балуаны Гаспар Тертерянмен белдесіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Айбек Айтбеков те барлық қарсыласынан басым түсті. Ол финалда әзірбайжандық Елмир Алиевті 13:4 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Айбек жартылай финалға жолдама алу үшін украиналық Евген Поковбаны 5:4 есебімен ұтқан еді.
Қазақстан құрамасының тағы екі балуаны жүлдеге таласады. 87 келіге дейінгі салмақта Темірлан Тұрдақын жартылай финалда Ресей өкілін 2:1 есебімен жеңіп, финалға шықты. Енді ол алтын медаль үшін Иран балуаны Ясин Әли Яздиимен күреседі.
Ал 130 келіге дейінгі салмақта Джохар Узаров жартылай финалда жеңіліп, қола медаль үшін белдеседі.