Қазақстандық газ өңдеу зауытына қатысты жазалау санкциясы қолданылады

6497

Ел Үкіметі "қасіретті қаңтар" оқиғаларына серпін берген алғышарттарды жоюын жалғастыруда. 

Қазақстандық газ өңдеу зауытына қатысты жазалау санкциясы қолданылады

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер неден басталғанын жұрттың бәрі біледі. Оған автогаз бағасының екі еседей күрт қымбаттауы түрткі болды. Құзырлы органдардың мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, облыстағы жанармай құю станцияларында сұйытылған мұнай газының (СМГ) әр литрі 120 теңгеге дейін көтерілді. Оның алдында, 2021 жылғы желтоқсан айының ортасына дейін 65-75 теңгеден болып келген. Мереке қарсаңында 1 литріне 85-90 теңгеге дейін көтерілді.

Мұндай масқараға қалай жол берілді? Антимонополиялық органның мәліметінше, биржада ойыншылар арамзалыққа басып, баға бойынша ымыраласқан. Халықтың жайы не болатынына пысқырмаған.

Энергетика министрлігі автогазды биржада сатуға кезең-кезеңімен көшіру идеясын ілгерілете бастады. Осы мақсатта ведомство алдымен нарықтың ірі ойыншыларымен меморандум бекітіп, оған сәйкес 2020 жылдың ақпан айынан электрондық сауда алаңдары (ЭСА) арқылы СМГ сату бағасына лимит белгіледі. Ол бойынша автогаздың әр тоннасының құны 69 809 теңгені құрады.

Алайда ізінше биржа осыны трамплин ретінде пайдаланып, бағаны ары қарай шарықтата бастаған. 2020 жылдың қарашасында биржада сұйытылған газдың 1 тоннасының орташа көтерме сату бағасы 93 702 теңгеге (1 литрі 36,66 теңгеден 53 теңгеге дейін) жетті.

Бұл аз болғандай, 2021 жылдың қазанында 200-ден астам жанармай құю станциясын біріктіретін "Мұнайлыавтогаз" кәсіпкерлер қауымдастығы электронды сауда алаңдарына белгіленген шекті бағаларды жою туралы өтінішпен жүгінеді. Соған сүйене отырып, Энергетика министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі өзара келісімге келеді де, 2021 жылғы қарашадан бастап Жаңаөзендегі Қазақ мұнай өңдеу зауыты өнімінің биржадағы шекті бағасын (69 809 теңге) қалыптастыруға шектеулер алып тасталды.

Соның кесірінен былтырғы желтоқсан айында электронды сауда алаңдарында СМГ-ның қаңтар айында сатуға арналған көлемінің көтерме бағасы 1 тонна үшін 130 680 теңгеге (1 литр үшін 74 теңгеге) бір-ақ "секірген". Бұл соққыға алыпсатарлардың соққысы үстемеленді. Бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер автогаз литрін 95-120 теңгеге дейін жоғарылатқан. Бұл ретте олардың үстемеақы-маржасы әр литріне 21-46 теңгеге дейін жетті. Бұған дейін маржа орташа есеппен 1 литрге 10-20 теңге ғана болатын.

Арға жат осы ойыны осылды, арты немен тынғаны мәлім.

Үкімет газ бағасын шілдеге дейін ұстап тұрмақ

Президент Қ. Тоқаевтың 2022 жылғы 5 қаңтардағы тапсырмасымен (№22-01-7.1 қбп) Үкімет "сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшу" мерзімін 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырды.

Яғни, автогазды биржада сату идеясынан бас тартылған жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі кезде "сауда алаңдарының ашық жұмысын қамтамасыз етуді және сұйытылған мұнай газы бағасының күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізуді" қарастыратын нормативтік құқықтық база дайындалуда. Атап айтқанда, тиісті заң жобасы әзірленді.

Заң Үкіметке биржадағы бағаны бетімен жібермей, бақылауда ұстаудың тетігін береді.

"Заң жобасында көтерме бағаларға, оның ішінде зауыттар мен сатушылар арасында кірісті әділ бөлу үшін белгіленетін бөлшек сауда бағасына сүйене отырып, биржалық алаңдарда баға белгілеу тетігін әзірлеуге мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізу ұсынылады", – деп қысқаша түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Сарапшылар Ресей-Украина арасындағы соғыс және санкциялық алапат қыспақ аясында автогаз бағасын қолмен реттеу мерзімі әлі де шегерілуі мүмкін деген болжам айтуда. Себебі, келесі жылдың басында баға қайта шығандаса, кедейленген елдің наразылығына сеп болуы ықтимал.

Қалай болғанда, әзірге Үкімет СМГ бағасын өзі белгілеуін жалғастыруда.

Энергетика министрлігі "ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекіту туралы" бұйрығының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Биылғы 1 сәуірден бастап, қолданысқа енгізілетін бұл құжатта бір ғана мәселе бар: "электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасы 2022 жылғы 1 сәуірден бастап 30 мауысымды қоса алған кезеңде қосылған құн салығын есепке алмағанда, 1 тоннасы үшін 28 мың теңге мөлшерiнде бекітілсін", – делінген бұйрық жобасында.

Бұл оның 1 литрін станцияларда, бөлшек саудада 50 теңгеден сатуға мүмкіндік береді. Яғни, қаңтардағы бейбіт митинг нәтижесінде ел қол жеткізген арзан баға ең құрығанда 1 шілдеге дейін сақталмақ.

Министрлік Амангелді ГӨЗ-іне неге өкпелі?

Қазақстан Үкіметі газ бағасын ұзақ уақыт бойы арзан ұстап тұра алмауы мүмкін. Өйткені соғыс және санкциялар салдарынан "көгілдір отынның" әлемдегі бағасы ғарыштық жылдамдықпен қымбаттауда. Осыдан бірер апта бұрын ғана бағасы 1000 доллар айналасында құбылған газдың 1 мың текше метрінің ендігі құны 2 267 долларға дейін өсті. Рекорд орнату жалғасуда.

Сонымен бірге Қазақстанда ішкі нарықты лайықты емес ойыншылардан тазарту да жалғасын тапты. Осы мақсатта Энергетика министрлігі 2018 жылы бекітілген "Сұйытылған мұнай газын өндірушілердің тізбесін" қайта қарап, талапты сақтамаған сала кәсіпорындарынан арылуға кірісті.

Біріншіден, тізімнен Түркістан облысындағы "KazFrac" ЖШС шығарылып, орнына "Саутс-Ойл" ЖШС енді. Себебі, "KazFrac" компаниясы соның құрамына қосылған екен.

Екіншіден, министрлік тізбеден Жамбыл облысындағы мұнай газын және табиғи газды ірі өндіруші болып табылатын "Амангелді газ өңдеу зауытын" шығарып тастауға шешім қабылдапты. Неге?

"Энергетика министрлігіне дәл осы "Амангелді ГӨЗ" ЖШС (АГӨЗ) ай сайын сұйытылған мұнай газының жасанды төмендетілген көлемін ұсынады: айына 180 тонна ғана, ал шынында оның нақты өндірісі бұдан 10 есе жоғары! Бұл не үшін маңызды? "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңына сәйкес, ішкі нарыққа Жеткізу жоспары (План поставки) СМГ өндірісінің болжамды деректері негізінде қалыптастырылады. Тиісінше, АГӨЗ көрсетпей қойған газдың бүкіл көлемі Жеткізу жоспарына енбей қалады, оны АГӨЗ экспортқа шығарып сатады, ал ішкі нарық СМГ-нің тапшылығын сезінуде", – деп түсіндірді Энергетика ведомствосы.

Зауыттың өзге де кінәраттары бар көрінеді. Былтыр өңірдегі бірқатар газ желісі ұйымдары АГӨЗ-дің ішкі нарықты СМГ-мен қамту туралы міндеттемелерін орындамағанына шағымданыпты. Сол арыздар негізінде Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның Оңтүстік өңіраралық басқармасы 2021 жылғы 5 мамырда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" №13 хаттамасын толтырады. Содан сот шешімімен осы газ өңдеу зауытына 2 миллион теңге айыппұл салынды.

"Дегенмен, АГӨЗ бұрынғысынша СМГ-ны ішкі нарыққа жеткізбей отыр, өңдегенінің барлығын экспортқа бағыттайды. Аталған бұзушылықтарға байланысты "Амангелді ГӨЗ" ЖШС "Сұйытылған мұнай газын өндірушілердің тізбесінен" алынып тасталады", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Меморган сондай-ақ бұл шешімді қабылдауда Жамбыл облысы прокуратурасының 2022 жылғы 24 қаңтардағы хатына сүйенгенін қосты. Ведомство бұл санкцияның неге соқтыратынын ашып айтпады. Мысалы, оған өңдеуге шикізат берілмей қойылуы мүмкін деген жорамал бар.

Қорыта айтқанда, осы шешімнен кейін аталған тізімде 11 газ өңдеуші кәсіпорын ғана қалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу