Қазақстандық кеме жасау саласындағы қиындықтар

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
20920

KADEX 2016  халықаралық көрмесі барысында оралдық "Зенит" АҚ бас директоры Вячеслав Валиев abctv.kz порталына қазақстандық кеме жасау саласындағы түйіткілді мәселемен бөлісті. 

Қазақстандық кеме жасау саласындағы қиындықтар Фото: yvision.kz

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс оралдық "Зенит" АҚ-тың жылдық өндіріс көлемінің  90%-дан астамын құрайды, сондықтан мемлекеттік тапсырыстың қысқаруы кәсіпорынның жұмысына жағымсыз әсер етеді. Зауыт ірі жер қойнауын пайдаланушыларға азаматтық өнімді жеткізуге тырысуда, алайда әзірге аз ғана тапсырыстармен шектелуде.

- Сіздерден шығарылатын өнімнің номенкулатурасы қандай?

-  Біз әскери кемелер жасаймыз және күштік құрылымдарға қажетті өнімдер шығарамыз. Бұл - мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс аясында шығарылатын кемелер мен катерлер. Оларды ҰҚК-нің шекара қызметіне және Қорғаныс министрлігіне жеткіземіз. Бұл жерде жылдам жүретін катерлер де, диверсияға қарсы және шекаралық кемелер, ракеталы-артиллериялық кемелер де бар. Өндірісті алдағы уақытта күшейте түсеміз. Қазіргі уақытта су сыйымдылығы 250 тонна болатын кемелер жасап жатсақ, алдағы уақытта өндірістік алаңымызда су сыйымдылығы 700-720 тонна болатын жобаларды жоспарға алып, оларды іске асыруға  дайынбыз. Сонымен қоса, азаматтық өнімдер шығарумен де айналысамыз, бірақ оның көлемі үлкен емес.

- Сонда қандай азаматтық өнімді шығарасыздар және осы өнімнің тұтынушылары кімдер?

-  Қарашығанақ, Теңгіз кәсіпорындарына қажетті азаматтық өнімдерді шығарамыз. Олар негізінен метал құрылымдар, фитингтер, фланцтер. Ұсақ жұмыстар, яғни, ірі тапсырыстар жоқ. Бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз, алайда жасалып жатқан жұмыс әзірге үлкен нәтиже әкелмей отыр. Біздің өндірісімізге жер қойнауын пайдаланушыларды тарту үшін тек техникалық емес, сонымен қатар қандай да бір әкімшілік тежегіштер қажет. Жер қойнауын пайдаланушылардың барлығы біздің кәсіпорын шығаратын өнімге тапсырыс беруді міндеттейтін  келісімшарттардың жоқтығын алға тартады.  Сондықтан да олар  өнімді Еуропадан әкеледі, ал біз осы  тапсырыстардың тек аз бөлігін иеленеміз.

-  Су сыйымдылығы 700 тоннадан асатын қандай кемелер шығаруды жоспарлап отырсыздар?        

-  Бұл бірнеше қызметтерді атқаратын, көп функциональды кеме. Атап айтсақ,  мұзжарғыш кеме, жабдықтаушы кеме, өрт сөндіру және құтқару кемесі. Мұның барлығы бірыңғай кешенде әзірленген. Қазіргі уақытта осындай кемені жасауға дайынбыз, бірақ ол үшін бірінші тапсырыс алу керек. Өндіріс дайындығының техникалық жағын жүргіздік, аккредиттеу және қажетті тұстарының барлығы бізде бар.  Арнайы өндірістік алаң жасап, корпус салдық және осы бағыттағы инвестициялық жобаны аяқтаудамыз. Тапсырыс қажет. Қазіргі уақытта қандай да бір ірі инвестиция салмай-ақ, өзімізде жүзеге асырып, тапсырыс берушінің көңілінен шығуға техникалық жағынан мүмкіндігіміз бар.  

-  Яғни, жобаны өз қаражаттарыңызға жүзеге асырасыздар ғой?

- Иә.                                 

-  Бұл жағдайда мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс жүйесі қалай жұмыс істейді?

- Кез келген кеме сынақтан өткізіледі. Жасалатын кемелердің барлығы толық сынақ циклынан өткізіледі. Кемені арқандап байлау сынағы және кеме жүрісіне сынақ жүргізілгеннен кейін, мемлекеттік сынақтан өткізіледі, қазір бұл сынақ түрі қабылдау сынағы деп аталады. Қабылдау сынақтарында тапсырыс беруші көрсеткен техникалық тапсырмаларға (ТТ) сәйкес барлық техникалық параметрлер тексеріледі. Барлық құжаттарды техникалық тапсырмаға сәйкес әзірлейміз, содан кейін кеме жасауға кірісеміз, сынақ нәтижелері бойынша барлық сипаттаманы растаймыз. Егер де бұл сипаттамалар қабылданбаған жағдайда, онда әрине  бізге қойылған барлық талаптарды қанағаттандыру үшін жұмысты соңына дейін аяқтаймыз.

Бұл кез келген күрделі ғылымды қажет ететін бұйымды жасаудағы дәстүрлі тәжірбие екені  айқын. Мысалы айталық, телефон жасап, оны сынап көріп, лақтырып тастай салу сияқты жұмыстарды азаматтық өнімді шығаруда ешкім де қолданбайды. Құны миллиард тұратын кемені лақтырып тастамайсың ғой? Сондықтан мұның барлығы қағидада, нормативтік құжаттарда көрсетілген, біз соны басшылыққа аламыз. 

- Қандай да бір құрамдас бөлшектерді Ресейден немесе Беларуссиядан сатып аласыздар ма?

- Әрине, сатып аламыз. Бұл кемедегі қазақстандық құрам ақшаға шаққанда 53-55% құрайды.  Мұны қалыпты жағдай деп есептеймін.

-  Қазақстандық үлес біртіндеп өсуде ғой?

- Жартылай. Кейбір заттарды сатып алған болатынбыз, содан кейін қарап отырсақ, оларды өзімізде шығара алады екенбіз. Мысалы, қозғалтқыш шығаруды меңгере алмасымыз түсінікті. Себебі, қозғалтқыш шығару үшін  10 зауыт салу керек, немесе жапондықтардан артық ешкім шығара алмайтын қандай да бір радар жасау. Шыны керек, байланыс құралдарын қазақстандық зауыттан алуға тырысамыз. Әрине, біз әлемдік кеме жасау тәжірбиесін қолданамыз. Барлық зауыттар жұмысын осылай жүргізеді. Зауыт бастан-аяқ өнімді өзі жасап шығармайды, ол тек кеме жасайды. Қару-жарақты да сатып аламыз. Егер қару-жарақ аз болса, онда қазақстандық құрам да көп болады, себебі қару-жарақ ақшаға шаққанда өте қымбатқа түседі.

 -  Сонда тек мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа жұмыс істейсіздер ме? Әлде басқа да сатып алушылар бар ма?

-  Жоқ, тек мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс қана.

- Экспорт бар ма?

-  Бізде экспортқа шығуға әлеуеті бар FС-19 катері бар, бірақ бізде Орал, Каспий бар, сондықтан алысқа бара алмайсың. Зауыт аралық кооперация бойынша экспортқа шығарылатын бірқатар әскери бұйымдарды жасаймыз. Бұл өнімдерді бұрыннан Ресейге жеткізетінбіз, әлі де жалғастырудамыз. Жалпы экспортқа шығарылатын өнімдерді Түркіменстан, Әзербайжанға ұсына аламыз.

-  Олар қызығушылық танытты ма?

-  Түркімендер өндірісімізде болды, өнім сапасына көздері жетті, бірақ бәрі бірден оңай шешілмейді ғой. Мұның барлығы өте жоғары деңгейде шешіледі.

- Яғни, тек Ресейге ғана өнім шығарасыздар ғой?

- Иә, бұрыннан қалыптасқан байланыстар арқылы.

- Сонда сіздер Ресейден қандай да бір затты сатып аласыздар, оны өнім жасауда қолданасыздар, одан әрі...

- Негізінен элементтік базаны қолданамыз, жасаймыз,  кешендейміз, содан кейін жеткіземіз.

-  Ақшаға шаққандағы экспорттың биылғы жылдағы көрсеткіші қанша?

-  Шамамен 500 мың долларға дейін болуы мүмкін. Мамыр айында  240 мың долларға  экспортқа өнім жібердік және тағы шығарылатын екі кешен 200 мың шамасында болуы мүмкін.

- Ал былтырғы жылдың көрсеткіші қандай?

- Былтырғы көрсеткіш те осы шамалас деуге болады.

-  Яғни, бұл ретте катерлер жайында айтылып отырған жоқ қой?

- Жоқ. Бұл зауыт аралық кооперация бойынша шығарылатын мүлдем басқа бұйымдар.

- Бұл қандай заттар ?

-  Бұл арнайы радиосигнал құрылғылары.

- Мемлекеттік  қорғаныстық тапсырыс бойынша жұмыс жасау сіздерге қолайлы ма?

-  Негізінен, қолайлы деуге болады, бірақ қазір "Қазақстан Инжиниринг" акционерлік қоғамы бірыңғай оператор ретінде енгізілді. Жағдай сәл өзгергені болмаса,  былайынша біз мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс аясында бірнеше жыл, атап айтсақ, 20 жылға жуық жұмыс істеудеміз. Бұл бір жағынан дұрыс та, себебі мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс барысында жасалатын мұндай тапсырыстарды алдын-ала төлемсіз жасау мүмкін емес. Бұл үшін қандай несие алу керек?! Бұл өте қомақты қаражатты талап етеді, ал мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс, әрине, үлкен  мемлекеттік қолдау.  Сонымен бірге тапсырыс берушінің талабын қанағаттандыру керек. Яғни, тапсырыс беруші  тек кәсіпорын талаптарға, техникалық тапсырмаға сай болған жағдайда ғана келісім береді.

- Қазіргі уақытта шығарылған, бірақ кейін жөндеу жұмысын қажет ететін катерлерге қатысты не айтасыз?

-  Біз сервисті толықтай базада қаматамасыз етеміз. Сервисте жыл бойы жұмыс жасайтын және толық сервистік жұмыстарды жалғастырып отыратын мамандарымыз бар. Кепілдік берілген сервис және кепілдік берілгеннен кейінгі сервистік қолдау да көрсетіледі. Сервистік қызмет көрсететін мамандар болмаған жағдайда, катерлерлі пайдалану өте қиын болар еді. Біздің кәсіпорыннан шығарылған барлық кемелер мен катерлер қазіргі уақытта қолданыста, әскери кезекшілікте. Кәсіпорын шығарған кеме мен катерлердің техникалық жағдайын үнемі қадағалап отырамыз.

- Ал сіздерде шығарылмаған басқа катерлер ше?

- Мұндай катерлерге сервистік қолдау жасамаймыз, олардың барлығы қазіргі уақытта қолданыстан шыққан.

-  Кадлар мәселесін қалай шешесіздер?

- Біз жыл сайын екі-үш маманды Санкт-Петербург теңіз техникалық университетіне оқуға жібереміз және олардың оқу ақысын және стипендиясын төлейміз. Нәтижесінде өндіріске қажетті білімді меңгерген мамандарды аламыз. Жергілікті жоғары оқу орындарынан аз болса да мамандарды жұмысқа қабылдаймыз, алайда олардың базалық білімі бола бермейді,  бұл өз алдына қиындықтар туындатады. Өндіріске келгенде жоқ дегенде базалық білім керек, практикалық тәжірибе бірте-бірте жинақталады. Жұмыс мамандықтары туралы айтатын болсақ, кәсіпорынның жеке базалық училищесі болды,  кейінен оны жергілікті білім беру мекемесіне бердік. Училищеде механикамен өңдеу жұмыстарын жүргізетін маман, дәнекерлеуші және тағы да басқа кәсіпорынға қажетті мамандарды дайындаймыз.Болашақ мамандарға білімді де өзіміз береміз, бұл ретте инженерлерді Ресейде оқытамыз.  

- Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс ақшаға шаққанда қанша болады?

-  Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс өндіріс көлемінің 90%-дан артығын құрайды. Мен сізге ақшамен есептегенде қанша болатынын айта алмаймын.

- Бұл сома жыл сайын артып отырады ма әлде азаюы мүмкін бе?

- Бюджет жағдайы өте қиын болғандықтан, тапсырыс сомасы биыл қысқартылды. Биылғы жыл бізге қиын болып тұр, қазір құрылтайшылық сипаттағы барлық шараларды қарастырып жатырмыз. Адамдарды таратып жіберу оңай, ал содан кейін оларды қайта жинау қиын болды. Қазір жағдай оңай болып тұрған жоқ, дегенмен оны шешуге тырысудамыз. Биылғы жылы өндіріс көлемі былтырғы жылға қарағанда аз.

-  Азаматтық өнім үлесі де шамалы ғой...

-  Иә, бізде қандай да епті тәсілдер мен амалдар жоқ. Біз мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа тәуелдіміз. Бір жағынан, бұл  мемлекетке де өте керек сала. Мемлекеттің өзінің шекараларын қорғау бойынша өзіндік функциялары бар, бұл теңіз шекарасына да қатысты. Егер бұл функцияларды қамтамасыз ете алмасақ, онда мұндай өнімдерді барлығы шетелден сатып алатын болады. Ал басқа елден сатып алынған өнімнің қалай жұмыс істейтіні белгісіз,   сол себепті оның сервисі де өте қымбат болады. Кез келген маманды шақыру үшін мыңдаған доллар шығару қажет, ал біз іссапар шығыны тек тәулігіне 2 АКЕ құрайтын сомада барлық қажетті сервистік қызметті қамтамасыз етеміз.

Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу