Бұл жекпе-жекті өткізуге Fight Night Global жетекшісі Камил Гаджиев ынталы болып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның боксшы қыздары Балауса Мұздыман мен Ангелина Лукастың кездесуі көпшілікке қызық екені айтпаса да түсінікті. Оған себеп те бар. К.Гаджиев әр боксшыға 50 мың доллар беруге дайын.
– Балауса Мұздыман мен Ангелина Лукас арасында жекпе-жекті ұйымдастыру керек. Мен әрқайсысына 50 мың доллардан төлеуге дайынмын. Бұл – әйелдер боксы үшін жақсы гонорар. Осындай кеш өткізейік. Ішкі нарық үшін бұл қызық болмақ, – деді ол "Итогах недели" жобасына берген сұхбатында.
Еске салайық, 2023 жылы мамыр айында екі боксшы Петропавл қаласында өткен VI Қазақстан спартакиадасында жұдырықтасқан. Онда 5:0 есебімен жеңіске Балауса Мұздыман жеткен еді.
Бірақ, мұны Лукас мойындамады.
Осы күні қос боксшы да кәсіпқой бокста бағын сынап жүр. Ангелина жекпе-жектерінің негізгі бөлігін Таиландта ұйымдастырса, Балауса соңғы бірнеше кездесуін ел аумағында өткізді.