Аичи–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы тағы төрт алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар отандастарымыз күміс және қола жүлделерге де қол жеткізді.
Пара дзюдодан Ақтолқын Сейілбекова J1 санатында 70 келіден жоғары салмақта төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Осылайша ол жарыс чемпионы атанды.
Зарина Раифова да J2 санатында 70 келіден жоғары салмақтағы төрт белдесудің бәрінде қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Велоспорттан Наиль Ермуханбет B санатында 20 шақырымдық жекелей уақытқа жарыста 34 минут 09,17 секунд нәтижесімен мәреге бірінші болып жетті. Осы сайыста Кирилл Илюкевич 35 минут 26,64 секунд көрсеткішімен күміс медаль жеңіп алды.
Әйелдер арасында Анастасия Калаус B санатында 15 шақырымдық жекелей уақытқа жарыста 32 минут 21,54 секунд нәтижесімен топ жарды.
Жеңіл атлетикадан Ислам Сәлімов T13 санатында ұзындыққа секіруден 6,30 метр нәтижемен күміс жүлдеге ие болды.
Садақ атудан Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым W1 санатындағы жұптық сайыстың финалына дейін жетті. Шешуші бәсекеде олар Қытай құрамасына жол беріп, күміс медаль алды.
Ал Махамбет Серікқалиев F53 санатында ядро серпуден 6,81 метр нәтижемен қола жүлдегер атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында 31 медаль бар. Оның 9-ы – алтын, 10-ы – күміс, 12-сі – қола.