Қазақстандық семсерлесушілер Әлем кубогында 5 медаль иеленді

300

4-16 ақпан аралығында Алмалыбақ (Алматы) ауылындағы Олимпиадалық дайындық орталығында жасөспірімдер арасында семсерлесуден Əлем кубогы өтті.  

Қазақстандық семсерлесушілер Әлем кубогында 5 медаль иеленді Фото: kazakhstan.fencing

Жарыста əлемнің 13 елінен, оның ішінде Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Бразилия, Нигерия, Гонконг, Түркия, Израиль, Болгария, Беларусь елінен келген 100-ден астам спортшы сынға түсті.

Осы орайда Қазақстанның Ұлттық семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов жарысты қорытындылады.

"2022 жылы біз Алматыда алғаш рет жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогын ұйымдастырдық. Бірақ, ол уақытта турнир тек қыздар арасында өткен еді. Айта кету керек, бұл жарыс Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) тарапынан жоғары бағаланды. 2023 жылы Қазақстанда 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионаты өтті. Оған 300-ден астам спортшы қатысты. Биыл біз тағы да жасөспірімдер ( ұлдар мен қыздар арасында) арасында Әлем кубогын өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Осы тәжірибенің барлығы Қазақстанның әлемдік семсерлесу қауымдастығындағы беделін арттырады. Бұл қадамдар 2027 жылы Қазақстанда алғаш рет ересектер арасындағы олимпиада алдындағы Азия чемпионатын өткізу құқығын алуға негіз болады деп үміттенеміз. Ағымдағы Әлем кубогына оралар болсақ, біздің семсерлесушілер халықаралық қарсыластарына лайықты бәсекелестік көрсетіп, жеке және командалық сайыстарда жақсы нәтижеге қол жеткізді", – деді Қазақстанның Ұлттық семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы аталмыш турнирде бес медаль жеңіп алды. Жекелей сында семсерлесуші Нұрмұхаммед Жайлыбай күміс жүлдегер атанды.

Бағдарламаның бұл түрі бойынша үшінші орынды Әдема Серікбай мен Қайназар Нұрқатұлы иеленді.

Командалық жарыста қазақстандық семсерлесушілер алтын (ұлдар) және күміс (қыздар) медаль иеленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу