Ресейден қысым көрген Қазақстан теңіз державасына айналуға ден қойды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2425

Қазақстан Каспий теңізін негізгі  тасымал бағыты етуге мықтап ден қойды.

Ресейден қысым көрген Қазақстан теңіз державасына айналуға ден қойды

Осы орайда ел үкіметі Ақтау портының паромдық қуаттылықтарын арттыруға шұғыл кірісуде.Бұл туралы бүгін "үкімет үйінде" өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.

Батыстың дем беруімен жыл өткен сайын күшейіп келе жатқан жаһандық санкциялық қысымнан қорғанған солтүстік көрші барлық салада қатал "импорталмастыру саясатын" іске қосты. Өкінішке қарай, Ресейдің қарсы соққысы оның одақтастарына да, соның ішінде Қазақстанға да бағытталуда. Отандық бизнес орта Ресей арқылы шетел нарығына шығу жолдары тарылып жатқанына шағымданады. Сондықтан ел үкіметі Ресейді айналып өтетін тасымал бағыттарын дамытуға бет алды.

Бір айта кетерлігі, тасымалдаушылары ресейлік кедергілерден зәрезап болған бүкіл орталықазиялық елдер де Қазақстанның бұл саясатына бірауыздан қолдау білдіріпті. Осы қолдау нақты келісімдермен де ұштасуда. Мәселен, Өзбекстан әлемдік нарыққа шығаратын өзінің басты экспорттық тауарларының қомақты бөлігін қазірден біздің каспийлік теңіз айлақтарына бағыттауға кірісуде.

Дегенмен, Ақтау мен Құрық маңында өзіміздің кәсіпкерлердің жүктері де молынан жинала бастаған. Осының нәтижесінде, кезек күту мен кезек күткендер қатары кейде тиісінше бірнеше сағат пен шақырымға созылып кететіні бар.

Бүгін инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр Ақтау портының паромдық қуаттылықтарының жетіспеушілігі мәселесі алысқа ұзамай, биылғы жыл соңына дейін-ақ шешілетінін жария етті. Ол Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау және Құрық теңіз айлақтары енді "транскаспийлік халықаралық көлік бағдарының" басты буыны болып табылатынын нықтады. Осылайша, жаңа сын-тегеурінге кезіккен қазақ елі тығырықтан шығар жол тапты: оның әлемдік теңіз тасымалы мен логистикасы жүйесіне кірігуге қуатты серпін берілді.

"Бұл ретте Құрық – жай ғана жергілікті инфрақұрылым нысаны емес, ол Еуразияның логистикалық картасындағы жаңа нүкте саналады. Қазірдің өзінде ол арқылы төрт миллион тонна паромдық жүкті ауыстырып тиеу және жөнелту жүзеге асырылады. Бұған бөлек, биылғы желтоқсанда екі миллион автокөліктік жүкті жөнелту бойынша жаңа қуаттылықтар енгізіледі. Осы мақсатта жаңа автокөліктік паром тұрғызылуда. Нәтижесінде, Ақтау портының паромдық қуаттылықтарының жетіспеуіне қатысты түйткілді мәселелер ағымдағы жылы шешіледі", – деп сендірді Роман Скляр.

Құрық портында қуаты 4 млн тонна болатын теміржол паром кешені 2016 жылдың желтоқсанында іске қосылған-тын. Сондай-ақ, биыл қуаты 2 млн тонна болатын автомобиль паром кешенін салу басталды. Жоба құны 67 млрд теңгені құрайды.

Оның айтуынша, сәйкесінше, транскаспий бағытымен Қытайдан Құрық арқылы Әзербайжанға, Грузияға және Түркияға жіберілетін жүктер – Қара теңіз портына шығатын жолдар бұдан былай дәл осы Құрық арқылы жүзеге асырылатын болады.

"Сондықтан да, біз аталған портқа ерекше маңыз береміз, және оны пайдалануға беру кезінде алдын ала жоспарланған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткіземіз деген сенімдеміз", – деді вице-министр.

Өз сөзінде ол тасымалға қатысты басқа да айтулы жобалардың тағдырына тоқталды. Мәселен, "Алматы – Шу" теміржол желілерінің екінші жолдарын салуды 2017 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланғаны хабарланды.

"Алматы – Шу" учаскесінің жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асады, мұнда ұзындығы 111 шақырым екінші жолдардың құрылысы бойынша жұмыстар аяқталып қалды. Егер өткен жылдың желтоқсанында 52 шақырым болатын бірінші іске қосу кешені аяқталса, биыл ұзындығы 59 шақырым екінші жолдар салынып бітеді. Бұл өткізу қабілетін екі еседей арттырады, мұнда жүрдек пойыздардың өту қабілетін арттыру сияқты тағы бір маңызды факторды атап өткен жөн", – деді Роман Скляр.

Ол екінші жолдар жүрдек жолаушылар қозғалысын әлдеқайда жоғары сапада ұйымдастыруға мүмкіндік беретініне назар аударды. Биыл желтоқсанда ағымдағы жұмыстар аяқталады, Алматыдан Шуға дейінгі жол бөлігі барлық қосымша жүктемелермен қосжолды учаске ретінде жұмыс жасай бастайды. Қазірдің өзінде осы бағыттағы тасымал жүктемесі үлкен жоғары болып тұрған көрінеді. Демек, жаңа темір жол желісі тек жолаушылар тасымалы мәселелерін шешіп қана қоймай, сондай-ақ отандық бизнесмендердің жүк тасу қажеттіліктеріне қызмет ететін болады.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылы 22 автожол жобасын аяқтау жоспарланған, олардың барлығы елбасының "Нұрлы жол" бағдарламасының қорғауына алынған.

Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғалы бері республикалық маңыздағы 2 мың шақырым автожол салынғанын және жөнделгенін, олардың 1,3 мың шақырымы отандық және шетелдік жүк тасымалдаушылар қадір тұтатын І және ІІ техникалық санаттар параметрлері бойынша пайдалануға берілгенін мәлім етті.

"Ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылған", – деді вице-министр.

Орталық–Оңтүстік жобасы бойынша 2016 жылы жалпы ұзындығы 275 шақырым болатын Астана–Теміртау және Алматы–Қапшағай учаскелерін жөндеу аяқталды. Ұзындығы 14 шақырым Теміртау-Қарағанды учаскесін жөндеу жалғасуда.

Орталық-Шығыс жобасы бойынша іске асыру басталғалы бері 230 км пайдалануға берілді.

Орталық-Батыс жобасы бойынша Астана-Қостанай автожолын және Ақтөбе – Қарабұтақ – Денисовка учаскесін жөндеу толық аяқталды. 2020 жылға дейін Денисовка – Қостанай учаскесін (114 км) аяқтау жоспарланып отыр.

Спикердің айтуынша, Қапшағай – Талдықорған, Астана – Петропавл – РФ шекарасы және Орал –Каменка ауыспалы жобаларын іске асыру жалғасуда.

"Сондай-ақ, жаңа жобаларды бастап кеттік: жалпы ұзындығы 2 мың км болатын Жетібай – Жаңаөзен, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу –Ақжігіт, Таскескен – Бақты, Осинов асуы, Щучинск – Зеренді", – деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта іске асырылып жатқан жобалар бойынша 112 млрд теңге игерілді, 80 мың адам жұмысқа тартылды.

Роман Скляр Қазақстанда инфрақұрылым жобаларын кең ауқымда іске асыру тасымалдардың жылдамдығын арттыруға, көлік шығындарын азайтуға, жалпы қызмет көрсету және транзиттік әлеуетті жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов бизнесті дамытуға аса қажетті тасымал және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға бағытталған қаржы көлемі арттырылғанын мәлімдеді.

Айбатыр Жұмағұлов қаражаттарды игеру көлемі 7 айдың ішінде 52,9 млрд теңгеге ұлғайтылғанын және жалпы көлемі 179,4 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың барлық бағыттарында ұлғаю байқалады.

"Автожол жобаларында қаражатты игеру 35,6 млрд теңгеге көбейтілді: яғни бұрынғы 51,5 млрд теңгеден 87,1 млрд теңгеге дейін. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша қаражаттар толықтай игеріледі деген сенімдеміз, және 602 шақырым автожолды пайдалануға беру жоспарда бар. Жылумен, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту жұмыстарында қаражаттарды игеру 5 млрд теңгеге ұлғайтылды: 29,3 млрд теңгеден 34,3 млрд теңгеге дейін. 2017–2018 жылдардың қорытындысы бойынша 1 248 шақырымға жуық желіні жөндеп, салу көзделген", – деді Айбатыр Жұмағұлов.  

Сондай-ақ, "Бизнестің жол картасы-2020" аясында кәсіпкерлік нысандарының жетпей тұрған инфрақұрылымдарын жүргізу бойынша да қаражатты игеру көлемі 1,01 млрд теңгеге (0,29 млрд теңгеден 1,3 млрд теңгеге дейін) ұлғайтылды.

"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру үшін ұлттық экономика министрлігі ай сайынғы негізде, бөлінген қаражаттарды игеруге мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ, Айбатыр Жұмағұлов қазіргі таңда қаражаттарды игеру қаржыландыру жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқанын және жыл қорытындысы бойынша жоспарды толықтай орындау көзделгенін айтты.

Тұтастай алғанда, қазір еліміздегі қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 96,5 мың шақырымды құрайды. Соның ішінде республикалық желі – 23,7 мың, жергілікті желі – 72,8 мың шақырым.

2010 жылдан бастап, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 5 мың шақырымында реконструкция және күрделі жөндеу жүргізілді.

Нәтижесінде, ресми мәліметін бойынша қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 85%-ы және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 65%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу