Қазақстандық жаңа спутник "электронды үкіметтің" қолын ұзартады

3758

Бұл жолы ғарышқа Нұр-Сұлтан қаласының өнімі көтеріледі. 

Қазақстандық жаңа спутник "электронды үкіметтің" қолын ұзартады

Ел Үкіметі рет саны бойынша екінші, ал табысты жұмыс жасауы бойынша алғашқы қазақстандық жер серігін алмастыруды ойластырып жатқанын 2018 жылы жариялады. Оның "мұрагеріне" KazSat-2R деген атау берілгені де сонда хабарланды. Алайда ол кезде жаңа ғарыш аппаратының қаншаға түсетіні және оны кімнің жасайтыны белгісіз болатын.

Осының алдында Ақкөл ғарыштық байланыс орталығына Дариға Назарбаева бастаған бір топ сенатор сапарлаған кезінде Үкімет өкілдері KazSat-2R орбитаға 2023 жылы жол тартатынын хабарлады. Бірақ аппаратты кім қай жерде жинайтынына қатысты мәселе ары қарай пысықталып жатқаны мәлімделді.

"ҚазСат-2" Жерден 39 мың шақырым қашықтықта 9 жылдан бері ұшып жүр. Оның кепілді мерзімі 12,5 жылдан 15 жылға дейін барады. Әйткенмен, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, егер аппаратты сауатты пайдаланса, сондай-ақ ғарышта метеор жауыны секілді төтенше апатты жағдайлар болмаса, спутниктер одан әлдеқайда көп уақыт қызмет ете алады. Дегенмен біздің жер серіктері жетілдіруді қажет етеді. О баста "KazSat-2-нің" техникалық ресурстары 2023 жылға дейін жетеді деп есептелген. Сондықтан оның орнын басқасы басады. Ескі спутник өзін-өзі ақтады деп санаймын", – дейді ғарышкер, Сенат депутаты Талғат Мұсабаев.

Сонымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, KazSat-2R ғарыштық байланыс жүйесін құрумен және пайдалануға берумен "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ айналысады деген шешім қабылданып отыр. Орталық Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Ведомствоның мәліметінше, KazSat-2R ұлттық байланыс және хабар тарату спутнигі 86,5° шығыс бойлықтағы геостационарлық орбитаға шығарылады деп жоспарлануда. 

Құрастырушыға бұл жер жерігін биылғы 2020 жылы – 21%-ға, 2021 жылы – 59%, 2022 жылы – 97%-ға дайын ету міндеті жүктелді.

Қаржыландыру келесі жылы басталмақ. Бұл ретте 2021 жылы жаңа спутникті жасауға бюджеттен 8 млрд теңге, 2022 жылы – 15 млрд, ал 2023 жылы тағы 15 млрд теңге бөлінетіні анықталды. Осылайша, KazSat-2R-ның құны кем дегенде 38 млрд теңгеге жетеді.

Ал 2011 жылы ҚазСат-2-ні жасау үшін 13,1 млрд теңге шығындалған болатын.

Жаңа ғарыш аппаратында "ең озық технологиялар жинақталатын" көрінеді. Оның сигналының қуаттылығы 1728 мегагерцке дейін ұлғайтылмақ. Бұл қазіргі қазақстандық жер серіктерінен екі еседей жоғары. Басқа да заманауи технологиялық шешімдер қолданылады.

Республикалық ғарыштық байланыс орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Құдабаевтың байламынша, жаңа спутник арқасында ұялы байланыс пен спутниктік телевизия дамып, "электронды үкімет" қызметтері Қазақстанның ең шалғай ауылдарына дейін қолжетімді болуға тиіс.

Ақкөл ғарыштық байланыс орталығының дерегінше, ҚазСат-2 қазіргі кезде 73% жүктелген.

Бұдан бөлек, Үкімет бертінде, 2014 жылы ұшырылған, бүгінде ғарышта самғап жүрген екінші отандық спутник – ҚазСат-3-ті де қолданыстан шығаруға әзірленуде. Оның ізбасары – KazSat-3R аталмақ. Дегенмен, ол жоба тек пысықталу сатысында екен.

2018 жылғы желтоқсанда АҚШ-тан ұшырылған және коммерциялық мақсаты жоқ ғылыми микроспутник пен наноспутникті айтпағанда, орбитадағы қазақстандық екі байланыс аппараты және бір геоспутник жыл сайын шамамен 6 млрд теңгедей табыс әкеледі.

Олар 14 телекоммуникациялық операторға, ұлттық компанияларға, әскери құрылымдарға, меморгандарға және бизнес нысандарына ұялы байланыс, спутниктік байланыс, кең жолақты интернет, ғарыш түсірілімі секілді әралуан қызмет ұсынады.

Сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері бірлесе түзіп жатқан "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешеніне ел бюджетінен 2021 жылы 2 миллиард 692,7 млн, 2022 жылы – 22 миллиард 164,7 млн теңге, ал 2023 жылы 20 миллиард 855,9 млн теңге жұмсау көзделіп отырғаны белгілі болды.

"Бәйтерек" кешені 2023 жылы алғашқы сынақтан өтеді деп күтілуде. Одан тек жүк таситын ғана емес, сонымен қатар ғарышкерлер тасымалдайтын зымырандар да ұшырылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу